«Заман ғаріп емес пе, әділеттен аттаса»
Бұл жыл алыбы атанған, қос ғасырдың куәсі, жүз жыл жасаған Жамбыл атамыздың көзі жұмылғанша жырлап өткен тақырып, неше жыл өтсе де маңызын жоймаған, жан шырылының жаңғырығы. Жамбыл туралы жас ұрпақтың танымы қандай?
Осы бағыттағы олқылықтарды толтыруда биылғы мерейтой аясында қандай алғышарттар атқарылып жатыр? Осы жөнінде зерделеп көрген едік.
Алдымен, Жамбыл бабамыз жөнінде тарихта қатталған жарқын естеліктерге зер салайық. Жамбылдың әкесі Жабай қарапайым, шаруа адамы болған екен. 1846 жылы ақпан айында Әулиеата маңайында Шу өзенінің бойында Жамбы деген тау етегінде қоныс тепкен қараша үйде дүниеге келген ұлға тау атына ұқсастырып «Жамбыл» деген есімді еншілетіпті. Жамбылды жастайынан молдаға оқуға берген екен. Бірақ сана сергек иесі ол білімді місе тұтпай, өздігінше ізденіп, ертедегі ақын, жыршы-термешілердің аузынан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан хисса, дастандарды жатқа айтатын өнері болған.
Он бес жасынан өлең жаза бастаған. Өлеңінде үстем тап өкілдерінің кедей адамдардың үстінен күн көрген әділетсіз іс-әрекеттерін үнемі сынап-мінеп, әлсізге қорған болуға ұмтылған.
«Ақын ғаріп емес пе,
Байды өтірік мақтаса.
Заман ғаріп емес пе,
Әділеттен аттаса» деген өлең жолдарынан ақын мұратының басты өзегін тануға болатындай.
19 ғасырдың 70-жылдарымен тұспа-тұс келген ақ пен қызылдың айқасы ақын өміріне де жазылмас жара салады. Бұған мойымаған шығармашылық адамы шындықты жырлаған шынайы рухын аласартпауға бекінеді.
Ол Жетісу өңірінде даңқы асқан Сүйінбай Аронұлының шәкірті.
«Менің пірім Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай» дегенде, ұстазын ұлық тұтқан жүрек сөзі жатыр. Домбыра шертуді де ұстазынан үйренген екен.
Жас Жамбылды «Махаббаттың жыршысы» десе де болатындай. Оның бұл қыры айтыс өнерінде анық аңғарылады. Ел аралап айтысқа түскен бозбала Бұрым атты қызға қатты көңілі ауған екен. Ата-анасы атастырып қойған басқа біреуге кете барған сүйіктісіне арнап жазған ақын өлеңдерінен сол кез зорлыққа душар болған ғашықтар көз жасының кермек дәмін сезінгендей боласыз.
Сері ақын ел-жер аралап жүріп күйші Дина Нұрпейісованы кезіктіріп, онымен жақсы таныс болғаны, шығармашылық терең байланыста туған халқына қатар рухани мұра қалдырғаны жөнінде көп айтылады. Ақынның қай бір жыр-терме, суырып-салма ақындық өнерін зерделеген жан шығармашылық өкілінің турашылдығынан танбағанына көз жеткізер еді.
Қазақтөңкерісінен кейін он бес одақтас республиканы толық қарауына алған кеңес өкіметінің орталық комитеті қазақ даласының жыршысын жете зерделеп тану мақсатында орыс жазушысы Леонид Соболевты Жамбыл ақынға жібереді. Үш күн ақынмен бірге болған орыс зиялысы Жамбылға «XX ғасырдың Гомері» деген атақ лайық деген пайымға келгенін айтыпты.
Жамбылдың көреген көкірегі, шерлі шежіресі, сонымен қоса ақындық және импровизациялық қыры осындай бағаны еншілетті.
Ол – төкпе ақын. Жамбылдың сарбас ақын, Досмағанбет, Құлманбет акындармен сөз додасы-айтыс өнерінің асқан үлгісі ретінде ел көңілінде сақтаулы.
1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнер және мәдениет өкілдерінің онкүндік сапарына елден 360 өнерпазды бастап барған Жамбыл ақын мереке шымылдығын жарқын пафосты жырымен өзі ашып берген екен. Осы жолы «Еңбек Қызыл Ту» өрденімен марапатталып, тұңғыш КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері болды.
Тек қазақтың ақыны ғана емес, қырғыз өнерін тел ұстап, бауырлас халықтардың әдебиетін де телемген Жамбыл «Көрұғлы», «Сұраншы батыр», «Бақ, дәулет, ақыл» дастандарын туғызды.
Жамбыл Жабаевтың әсіресе 1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысында әрбір сөзін жауға қорғасындай боратқан қаһармандық ерлігі адамзат тарихында қалды. Отан қорғаушы жауынгерлерге арнап жазған 3000 жол өлеңі сақтаулы. Соның ішінде «Майданға хат», «Мәскеуге» өлеңдерінің орны бөлек. «Ленинградцы, дети мои» өлеңі барлық тілде аударылып, жауынгерлерге жалын жігер, өлмес өршіл қайрат сыйлайды.
«Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің.
Нева өзені сүйкімді,
Өзенімдей көремін» деген өлең жолдары 900 күн қоршауда қалған қан қапасты қала тұрғындарын да қанатты рухпен қауыштырды.
Сонда Жамбыл атамыздың суреті басылған плакаттар өлеңнің мәтінімен қоса майдан даласын кезіп, жалынды насихаттық жалауына айналды.
Жамбыл атамыз Қазақстан делегациясы атынан Грузин халқының ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдық томына қатысып, жырдан шашу шашып қайтқаны шежіреде қаттаулы.
Ақынның 150 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласы маңында ақын атында мұражай ашылды. Онда Жамбылдың жеке мүліктері, шежірелі жазбалары көрмеге қойылды. Бұл бұрынғы ақынның шәкірт Сүйінбай Аронұлына байланысты жәдігерлер де қоныс тепті.
Елбасы, тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат етіп жатсақ, оның басты себебі Жамбыл арманының адамзат арманымен астасып жатқандығында» деген ойлы тұжырымы саналы ұрпаққа асқаралы аманат жүктеп тұр. Ақынның 175 жылдығы аясында ауданда атқарылар толымды шаралардың тұсаукесер күні жақын.
Баян ҮСЕЙІНОВА