№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ат әбзелін жасайтын Азамат

Ат әбзелін жасайтын Азамат


Жаңақорғанда ат әбзелдерін жасайтын ұсталар санаулы болғанымен, олардың қолынан шыққан бұйымдары қазір брендке айналды. Өйткені сұраныс та жоғары, екінші жағынан аймақтағы жылқы жануарының басым көбі біздің ауданға тиесілі. Бұрынғы Бесарықтағы Байкісі мен аудан орталығында кәсібін дөңгелетіп отырған Нұрқанаттың да тігін шеберханасында талай рет болғанбыз. Олардың қолынан шыққан бұйымдары көрші облыстардың нарығына шыға бастады. Алдымен аудан сұранысын қамтамасыз етуді көздеген Нұрқанат Нұрлыбекұлының шеберханасына тағы да жолымыз түсіп, шағын кәсібінің шаруасын көріп қайттық.


Қазір жылқы жетектейтін жастар да қайта еңсе көтеруде. Оның үстіне ат спортынан облыс құрамасын толықтай дерлік біздің жігіттер құрайды. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату сынды спорт түрлерінен жаңақорғандық жігіттер Сыр намысын қорғап келеді. Әр спорттың жануары бөлек болады, сондықтан оларға дайындалатын әбзелдер де болуы шарт. Қазақта «аттан айырылсаң да, ер-тоқымнан айырылма» деген аталы сөз бар. Осының өзі кешегі көшпелі қазақ халқының ат-әбзелдеріне деген құрметін көрсетеді. Өйткені әбзелдерді тұрмыстық, сәндік, жауынгерлік мақсатқа орай пайдаланып отырған. Жүйрік ат, алтын жалатылған ер-тұрман, сұлу жар – ер-азаматтың ажары деген сөз осыдан қалса керек. ХХІ ғасырда техника қарыштап дамыса да, жылқы әбзелдеріне деген сұраныс азайған емес. Әсіресе бүгінгі кейіпкеріміз Нұрқанат Тұрғанбектің шеберханасына келетіндердің қатары көп.
– Жалпы жылқының жабдығын жасау үшін кейде бір айдан да астам уақыт кетеді. Ер-тұрман, үзеңгі, ноқта, тартпа, тоқым, жүген және өзге де әбзелдерін жасай беремін. Тапсырысқа сай жұмыс жасаймын. Заманға сай ат-әбзелдерін жасау кәсібін қолға алғаныма екі жылдан асты. Осы уақытқа дейін мемлекеттен еш көмек сұраған емеспін. Өз күшіммен келемін, – деп бастады әңгімесін.
Ер-тұрман жасау үшін білек күшіпен қатар рухани байлық пен парасат керек. Ат әбзелдерінің қыр-сырына зер салған сайын осы кәсіпке деген қызығушылық артады. Мұны жас шебер де мойындады. Жастайынан әкесінің қасында жүріп, жылқы малына жақын өскен жігіт өмірлік кәсібінің кілтін тапты. Жуырда аудан әкімі Руслан Рүстемов оның шағын шеберханасында болып, отандық кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау жасау маңызды екенін айтып, жас шебердің мерейін асырды. Ел қолдаған ерді біз де қуаттап, мақалаға арқау еткеніміз осыдан.
Жалпы қазақ халқының өмірінде ағаштан жасалатын үй және тұрмыстық бұйымдарының алатын орны ерекше. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Сол себепті ат әбзелдері қазақ үшін құнды бұйым. Ел арасында сапалы ер-тұрманға деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантпай қоймайды. Бізге әбзелдердің бағасынан бұрын қай өңірге экспортталатыны қызық болды.
– Көбіне Алматы, Қарабұлақ және Түркістан өңірлеріне өткіземін. Тапсырыс аз емес, қазір інім және досым үшеуміз қызметтеміз. Әлі де тәжірибемді толықтыруым керек. Қазір көзін тапсаң барлық кәсіптен теңге табуға болады. Бұйырса шеберханамды кеңейтіп, қосымша қызметкерлер алу ойда бар. Егер икемі бар жігіттер болса үйретуге дайынмын, – деді ол.
– Ал, бағасы қаншадан?
– Сапасына байланысты, негізінен ер-тұрмандар 60 мың немесе одан да жоғары болады, жүген 15 мың, тартпа 10 мың, осылай кете береді. Әбзелдерді екпе талдан жасаймыз. Бұл ағаш бізде өседі, тек Өзбекстаннан жіп, былғары терілер (кожа) алдырамыз. Кейде Өскемен қаласына да тапсырыс береміз, көбіне Қарабұлақтан көптеп алуға тырысамын, – деді кейіпкеріміз.
Күз бен қыста тапсырыс көп түсетін көрінеді. Өйткені көкпарды елдің Оңтүстік өңірі көбіне күз бен көктем айларында шабады екен. Ер-тұрман жасайтын адамды ерші дейді. Ершілердің ер-тұрманды жасау әдісі әр түрлі. Ердің ағаштан жасалған негізгі бөлегін сүйегі деп атайды. Ағаш тапшы жерлерде ердің сүйегін бірнеше бөліктен қиюластырып, құрап, желімдеп жасайды. Оны «құранды ер» деп атайды. Сол сияқты жуан ағаш дөңбекті екіге жарып, әр бөлігінен ер сүйегін тұтас шауып шығуға да болады. Құралды ер жасауға қайың ағашының безі өте қолайлы екен. Өйткені ол өте берік, әрі жарылып шытынамайды, қаңсымайды, өңделген кезде ағаштың табиғи өрнектері ашыла түсіп, өте әдемі болады. Ер сүйегін тұтас шабу үшін тал, киіз терек тәрізді ағаштар қолайлы.
Қарап тұрсақ, бір ерді жасауға қаншама күш, уақыт кететінін білдік, ал толық әбзелдерді жасау шынымен шыдамдылық пен ұзақ уақытты қажет етеді. Байкісінің күні-түні адал еңбегінен осыны көрдік.
– Қазір ат әбзелдерін жасау технологиясы дамыған уақыт. Бәсеке де бар, сондықтан өзге өңірлерде сапа мен нарық айтарлықтай рөл ойнайды. Байкісінің жасаған бұйымдарына біздің көңіліміз толады. Бағасы да қолжетімді, ол әлі жас, шыңдала түсуі керек. Бабабдан келе жатқан кәсіпке дем беріп, заманға сай икемдеп жатқан оның қызметіне көңілім толады, – деді ұлттық ат спорты түрлерінен облыстың аға жаттықтырушысы Исламхан Боранбаев.
Кішкентайынан атқа мініп, қажетті заттарды тігіп үйренген шебер 17 жасында облыс әкімінің қолдауымен «ЕХРО» көрмесіне қатысып, «Ең жас шебер» номинациясын еншілеген Нұрқанаттың мақсаты айқын. Қазіргі таңға әртүрлі көрмелерге қатысып жүрген шебердің қолынан 50 түрлі зат шығады.

Әли ТЕМІРБЕК
19 қазан 2021 ж. 273 0