Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҰЛТТЫҚ АТ СПОРТЫ: 10 ЖЫЛДА БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС

ҰЛТТЫҚ АТ СПОРТЫ: 10 ЖЫЛДА БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС


Жаңақорған ауданының ұлттық ат спорт түрлерінің құрылғанына биыл 10 жыл. Иә, көп уақыт өтпесе де, осы жалдар ішінде жаңақорғандық жігіттер толайым табыстарға қол жеткізіп, Сыр өңіріндегі ұлттық спорттың өрлеуіне дем берді. Мерейтой қарсаңында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын насихаттауды мақсат еткен мерекелік шара Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті.

Бүгінде жаңақорғандық шабандоздар көкпардан облыс құрамасының негізін құрайды. Сондай-ақ, аударыспақ, теңге ілу сынды ат спортының негізі біздің ауданнан бастау алады. Сондықтан, жиынға арнайы Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және денешынықтыру істері комитетінің «Ұлттық және ат спорты орталығы» директорының орынбасары Нұркен Байбуриев қатысып ізгі тілегін білдірді. Алдымен, аудан әкімі Ғалым Әміреев жылы лебізін білдірді.
– Атқа міну мәдениетін қалыптастырған Ұлы даланың бүгінгі ұрпақтары ұлттық спорт түрлерін дамытуға сүбелі үлесін қосып келеді. Сыр өңірі, оның ішінде Жаңақорған ауданының спортшылары осы 10 жылда толағай табыстармен аймақ мерейін үстем етуде. Бұл біз үшін мақтаныш. Әлі де олардың шығар шыңының биік боларына сенім білдіреміз. Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жастар жылы» деп жариялады. Сондықтан, жастардың да жолына үлкен үмітпен қараймыз. Жеңісті күндер көп болғай! – деген аудан басшысының ізгі тілегін Нұркен Байбуриев жалғады.
Оның сөзінше, Әлем және Азия чемпионаттарына қатысатын ұлттық құрама жаңарып, жаңақорғандық көкпаршы Әмзеев Наурызқожа құрама сапына еніпті. Мұның өзі аудан спорты үшін үлкен жетістік. Сондықтан, жиын барысында спортшылар марапат биігінен көрінді. Талай шәкірт баптағаны үшін және Қазақстан Республикасы білім беру саласында шығармашыл, тәжірибелі ұстаздық еңбегі үшін «Педагогика саласының үздігі» төсбелгісімен, Ұлттық дәрежедегі төреші, қазақ күресі және көкпар спортынан спорт шебері Жаңабай Орынбасаров марапатталды. Аталған спортқа қызмет етіп, осы спортта белсенділігімен, жеңістерімен көзге түскен азаматтар, аудан құрама командасы және жастар, жасөспірімдер аудан әкімнің «Алғыс хатын» иеленді.
– «Әке көрген оқ жанар» демекші, бала кезден әкеміздің ат үстінде жүргенін көріп, көкпарға деген қызығушылық оянды. Міне, бүгінде аймақ абыройын асқақтатып ел біріншілігінде үздіктер қатарында келеміз. Бүгін бізге құрмет көрсетіп жатқан аға алғыс білдіреміз. Біздің жарқын жеңістеріміз әлі алды, – деді Ақайдар Дәулет.
Сөз соңы. Он жылда біздің көкпаршылар республикалық чемпионаттың 3 дүркін күміс жүлдегері, облыстың 10 дүркін чемпионы атанды. Бүгінгі таңда 12 шабандоз «спорт шебері» атанып үлгерді. Көкпар командасын Әбдіқаппар, Өзгент, Келінтөбе, Аққорған, Қаратөбе, Қандөз, Көктөбе ауылының спортшылары құрайды. Жоғары спорт шеберлігі бойынша 5 шабандоз көкпардан, 4 шабандоз аударыспақтан, 2 спортшы теңге ілуден спорт шебері нормативін орындаса, 18 шабандоз спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Міне, бүгінгі шарада осы шабандоздарымыздың мерейі тағы да үстем болды деуге болады.
Бір сөзбен айтқанда, Жаңақорған ауданы ат спортынан облыста озық аудан екенін дәлелдеп келеді. Сондықтан, жас буынға жігер беріп, намысын қамшылайтын кез келді...

Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ.
16 ақпан 2019 ж. 1 099 0