№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ердің құты – ер тұрман

Ердің құты – ер тұрман

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының басты мақсаты – жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет жобасын түзіп, ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін шетелге таныстыруды көздейді. Ұлттық мәдениетімізді мазмұндық жағынан да, қалыптық жағынан да ілгері дамытуға жол ашылды.  Мұны ауданымыздағы ұлттық қолөнерді байытып, ер-тұрман жасап жүрген шеберлердің тіршілігінен аңғару қиын емес.
Тарихқа зер салсақ,  ат құлағында ойнаған рухты халықтың ұрпағы болғанымызға мақтанамыз. Сан ғасыр бойы өмір-салты жұмбақ болып, талай елді тамсандырған халықтың ұлттық құндылығы әлі күнге дейін сөнген емес. Біздің өткен тарихымыздан сыр шертіп, өркениетті елдің ұрпағы екенімізді еске салып, аудандық тарихи-өлкетану музейінің төрінде жайғасқан ер-тұрманға зер салсақ шежіресі мол. Музейдегі көне жәдігер туралы экскурсовод Бағдәулет Хайрулла таныстырып:
– Бұл ер-тұрман кімге тиесілі болғаны белгісіз. Орта ғасырлық батырлардың бұйымы болғанын тарихшылар дәлелдеді. Жасалу әдісіне қарап, шамамен 2 ғасырлық тарихы барын ғана болжады. Бүгінгі күнге дейін еш жері бүлінбей, жойылмай сақталуының сыры ағашы жылқы майымен сыланғанында болуы мүмкін. Осы іспетті біздің қорда тағы да екі ер-тоқым бар, – деді.
Байқасақ, музейге келушілердің назары ер-тұрманға, батырдың дулығасы мен қылышына көп ауады. Жәдігерді тамашалаған сәтте «Адам салмақты жәдігерді қалай көтеріп жүрді? Соғыс алаңында қалай шайқасты? Олардың өмір сүру мәдениеті мен өркениеті қалай болды? » деген ой келеді. Бұған нақты жауап беру үлкен ізденісті талап етеді. Ал, біз осы ер-тұрманды қазақ қалай жасайтынын айтқымыз келеді.
Ат әбзелдерін жасаудың тарихы сонау сақ дәуірінен басталатыны анық. Ауданда осы істің ізін жоғатпай, заманауи нақышта  ат әбзелдерін жасайтын ұсталар баршылық. Олардың ісіне деген сұраныс жоғары болатындықтан кәсіптері аз уақытта кеңейіп, шағын дүкенге айналуда. Соның бірі елге таныс Бесарықтық шебер Байкісі Айдаш ер-тұрманның ел біле бермейтін қадір-қасиетін сөз етті.
–    Кәсіпкерлерді қолдайтын қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, Қытайдан арнайы құрал-жабдықтар алдырған болатынмын. Ер-тұрманды жасаудың өз тәсілі бар. Ер-тұрманға үзеңгі, ноқта, тартпа, тоқым, жүген және өзге де әбзелдерін жасап, халыққа қолжетімді бағамен ұсынудамын. Ата кәсіптің қыр-сырын біліп, құндылығын дәріптеуді борышым деп санаймын, – деді шебер сыр тарқатып.
Аудан орталығында шағын шеберханасын ашып, алыс-жақын аудандардан тапсырыс қабылдап, ісін дөңгелетіп отырған 21 жастағы Нұрқанат Нұрлыбекұлын нағыз қолөнер шебері деуге болады.
–  «Сапасына байланысты, негізінен ер-тұрмандар 60 мың теңге болса, жүген 15 мың, тартпа 10 мың теңгеге сатылуда. Әбзелдерді екпе талдан қашап жасаймын. Материалға ағаштар өзіміздің өңірде өседі. Оны баптап, кептіру де үлкен уақытты қажет етеді. Өзбекстаннан жіп, былғары терілер (кожа) алдырамыз. Кейде Өскемен қаласына да тапсырыс береміз, – деді ол.
Оған тапсырыс берушілердің көбі кәсіби ат спортымен айналысатын шабандоздар екені рас.
– Қазір ат әбзелдерін жасау технологиясы дамыған уақытта Байкі­сінің жасаған бұйымдарына біздің көңіліміз толады. Нарықтағы бағасы да қолжетімді, ол әлі жас, шыңдала түсуі керек. Атадан келе жатқан кәсіпке дем беріп, заманға сай икемдеп жатқанына ризамыз, – деді ұлттық ат спорты түрлерінен облыстың аға жаттықтырушысы Исламхан Боранбаев.
Ер-тұрман жасау үшін білек күшіпен қатар рухани байлық пен парасат керек. Ат әбзелдерінің қыр-сырына зер салған сайын осы кәсіпке деген қызығушылық артады. Мұны жас шебер де мойындады. Жастайынан әкесінің қасында жүріп, жылқы малына жақын өскен жігіт өмірлік кәсібінің кілтін тапты. Жуырда аудан әкімі Руслан Рүстемов оның шағын шеберханасында болып, отандық кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау жасау маңызды екенін айтып, жас шебердің мерейін асырды. Ел қолдаған ерді біз де қуаттап, мақалаға арқау еттік.
Мақпал МАРҚАБАЙ
07 тамыз 2021 ж. 507 0