Аудан әкімінің есеп беруі: Мәре мен меже
Аудандық мәслихаттың кезекті Х сессиясында аудан әкімі Руслан Рүстемов озық тұстарды саралап, негізгі мәселелерді пысықтап, алдағы міндеттерді баяндады.
Біз аудан басшысының баяндамасы негізінде әр саладағы байыпты бастамаларды бағамдап, кемшіліктерді төмендегідей келтірдік.
БЕДЕРЛІ БИІК БЕЛЕСТЕР
Сонымен Сыр өңіріндегі аудандар арасында қай бағытта жетістік бар?
Ең біріншісі, шағын және орта бизнес саласы бойынша көш ілгеріміз. Әрине, оған біздің аудан тұрғындарының бизнес түрлерін дамытуда ықылас-ниеті жоғарылығы дәлел. Бір ғана мысал, 1 шілдедегі статистикалық есеп бойынша 5640 кәсіпкер тіркелсе, Қазалыда – 5510, Шиеліде – 5488 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Біздің аудан белсенді кәсіпкерлер жөнінен де көш басындамыз (5328 бірлікті құрайды). Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 94,5 пайызды құрайды.
Екіншіден, 2021 жылдың қаңтар-маусым айында бөлшек сауда көлемі 2,1 млрд млн теңгеге жуықтап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 100,9 пайызға орындалды. Оның ішінде, көтерме сауда көлемі 411 млн теңгені құрап, 12 есеге артты. Бұл бойынша облыста алдыңғы орында тұрмыз.
Бұған қалай қол жеткізілді? Әрине, «Премиум класс-Строй» ЖШС, «ОСТ» ЖШС, «Қуат Әк» ЖШС өндіріп, көтерме бағада сатқан өнім көлемін статистикалық есепке енгізудің нәтижесінде орын алды. Бұл дегеніміз, ауданда түгендеу, түгелдеу жұмыстарын әлі де жүйелеу қажеттілігін меңзейді.
Үшіншіден, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 млрд. 140 млн. теңгені құрап, 167,5 пайызға жетті. Өткен жылғы тиісті кезеңде 6 млрд. 53 млн. теңге болған-ды. Облысқа тартылған инвестицияның 9,7 пайызы біздің ауданға тиесілі. Бұл жөнінен біздің алдымызға тек Сырдария ауданы ғана шығады. Олардың үлес салмағы 9,9 пайыз. Салыстырмалы түрде алғанда Шиелі ауданы 5,8 пайыз, Қазалы ауданы 4,7 пайыз, Арал және Жалағаш ауданы 3 пайызды құрайды.
Төртіншіден, 2021 жылдың қаңтар-маусым айында ауданның өнеркәсіп саласында 39 млрд 521 млн теңгенің өнімі өндірді. Бұл бойынша Сыр өңірінде алдынғы орындамыз. Мәселен, Шиелі ауданы 29 млрд 23 млн теңге болса, Қазалы ауданы 7 млрд 621 млн, Арал ауданы 7 млрд 233 млн теңгені құрады. Жалпы ауданның өнеркәсіп саласы облыстық көрсеткіштің 11,5 пайызын құрайды (Қызылорда қаласынан кейін 2 орын).
Өңдеу өнеркәсібі бойынша қаңтар-маусым айында 22,1 млрд. теңгеге жетті. Бұл бойынша да өзге аудандардан көш ілгеріміз. Статистикалық көрсеткішті салыстырмалы сараласақ, Шиеліде – 15 млрд 273 млн теңге, Қазалыда – 6 млрд 235 млн теңге, Аралда – 4 млрд 981 млн теңге құрайды. Жалпы облыстағы өңдеу өнеркәсібі көлемінің 27,7 пайызы біздің ауданға тиесілі.
Бесіншіден, Сыр өңіріндегі аудандар арасында автомобиль жолының жарамдылық деңгейі жөнінен біздің ауданның жағдайы едәуір жақсы, яғни 84 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті 2021 жылы 87 пайызға жеткізу жоспарда бар. Ол үшін 60,4 шақырым жолды орташа жөндеуге барлық деңгейдегі бюджеттен 1 млрд. 218 млн теңге қаржы тартылды.
Облыстық маңыздағы «Самара-Шымкент-Түгіскен-Келінтөбе» жолының 6 шақырымы орташа жөндеуге 175,1 млн теңге бөлінді. Аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жайылма» 4 шақырымы, «Самара-Шымкент-Бесарық бекеті» 1 шақырымын орташа жөндеуге 100 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталды.
2021 жылы 21 кент, ауылдық округтің 50,4 шақырым құрайтын 57 көшесін орташа жөнделеді. Атап айтқанда, Жаңақорған кентінде – 7, Төменарықта – 8, Қожакентте – 5, Жаманбай батырда – 3, Байкенже, Манап және Қожамбердіде – 2, Машбек Нәлібаев, Сүттіқұдық, Талап, Кейден, Шалқия кенті, Аққорған, Жаңарық, Қаратөбе, Өзгент, Сунақата, Келінтөбе, Көктөбе, Қандөз ауылдық округінде бір-бір көше орташа жөндеуден өтеді. Бұл – Тәуелсіздік жылдары аудан көлемінде жол құрылысына салынған ең ауқымды қаржы болмақ.
Алтыншыдан, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 млрд. теңгеге жуықтап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Ауданда әлеуметтік нысандарға қолжетімділікті арттыру мақсатында биыл 2,2 млрд. теңге құрылыс жұмысы жүргізілуде.
Жаңақорған кентін 600 орындық №169 мектеп пен МАИ бекетінде 300 орындық мектеп, Ақүйік ауылдық округінде 90 орындық балабақша, Шалқия кенті мен Өзгент елді мекенінде 150 орындық клуб үйінің құрылысы жүруде. Ұлттық қордан Жаңақорған кентіндегі С.Сұлтанмұратов көшесі бойынан 300 орындық мектеп құрылысына 456,3 млн. теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Жаңарық елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысы салынуда. Бұл нысан қазан айында пайдалануға беріледі.
Жетіншіден, 2021 жылдың 1 шілдесінде ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,7 пайызға артты. Мал шаруашылығында өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда түйе 20,5 пайызға, жылқы 19,5 пайызға, мүйізді ірі қара 5 пайызға, уақ мал 4,8 пайызға өсті. Мәселен, біздің ауданда 309 мыңнан аса қой басы болса, Шиелі ауданында – 97 мың, Арал ауданында 73 мың, Қазалы ауданында 68 мың бас қой тіркелді. Мүйізді ірі қараның саны жөнінде де облыста бірінші орындамаз. Бізде 76 мың бас болса, Шиеліде 74 мың, Аралда 56 мың, Қазылыда 46 мың бас мүйізді ірі қара бар. Яғни Сыр өңіріндегі төрт түліктің тең жартысы біздің ауданда деген сөз рас.
Сегізіншіден, 2021-2021 оқу жылының қорытындысымен білім беру саласында айтарлықтай жетістік бар. Өткен жылы 829 түлек қанат қақса, оның 527-і ҰБТ-ға қатысып, орташа 84,5 балл жинап, облыста екінші көрсеткіш көрсетті. 51 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Мұны білім саласындағы биік белес деуге болады. Мемлекеттік грантқа түсу бойынша да біздің аудан бірінші орыннан көрінді.
МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ
Руслан Рүстемұлы аппараттың кеңейтілген мәжілісі мен аудан әкімдігі мәжілісінде салық базасын кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту, жайылымдық жерлерді қайта қарап, халыққа беру, кәсіпкерлік мақсатта берілетін жер телімінің акционын электронды форматта өткізу және т.б көтеріп, нақты талап-міндеттер қойып келеді.
Аудандық мәслихат депутаттарына есеп берген аудан басшысы мұның мәні мен маңызын түсіндіре түсті.
Оның сөзінше, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің оң динамикасын сақтап, даму жолынан жаңылмауда жоғарыдағы көрсеткіштерді жақсарту міндеті тұр.
Біріншіден, іс жүзінде жоқ, жойылып кеткен көліктерді есептен шығару маңызды. Тіркеуде бар, өзі жоқ көлікке көлік салығы есептеледі де, өндірілмейді. Мәселен, біздің ауданда көлік салығына 45 млн теңге берешек қалыптасса, Қазалы ауданында 4 млн теңгені құрайды. Бұл дегеніміз, көлік салығынан берешек қалыптасады және жыл сайын арта береді деген сөз. Жойылып кеткен көлік салығын есептен шығару процесін оңайлату немесе біржолғы амнистия жариялау.
Екіншіден, мүлік салығы бойынша салық салынатын объектілердің елді мекен бойынша орналасу коэффициенті жыл сайын бекітіліп, жеке тұлғаның мүлкі бағалануы тиіс. Алайда жыл сайын бағалаудан соң мүлік салығының көлемі азайып барады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ базасындағы деректер бойынша ғана бағалау жүргізеді. Ескі тұрғын үйін бұзып, жаңадан салғандар мен жаңадан тұрғын үй салғандар түгендеусіз, бағаланбай келеді. Соның салдарынан бюджеттен қаржы бөліп, бағалатамыз және мүлік салығының мөлшері төмендейді. Аудандық бюджет екі мәрте шығынға түседі. Бұл жер аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің жұмысын күшейту керек. Бөлім мамандары тұрғындарға құрылыс нысанын салу және қабылдауға байланысты түсіндірме жұмысын кент, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп жүргізіп, жұмысты жүйелей түсуі тиіс.
Үшіншіден, мүлік құнын айқындауда маңызды. Бүгінде мүлік құнын айқындау механизмі жоқ. Жеке кәсіпкер тәуелсіз кез келген бағалаушыға мүлкін бағалатып, салық есептілігіне төмен құн көрсетіп, болмашы салық төлейді. Мәселен, 300 орындық мейрамхана 30 млн. теңгеге бағаланады, 600 шаршы метр құрайтын сауда үйінің құны 2 млн. теңге көрсетіп, 2 мың теңге салық төлейді. Мұның да салыққа кері әсері бар.
Төртіншіден, кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін жеке меншік және жалдау құқығымен табыстау үшін сауда саттық жүргізу осы уақытқа қағаз жүзінде жүргізіліп келді. Мұның кемшіліктері көзге көрініп тұр. Мәселен, акцион арқылы кәсіпкерлік мақсатта берілген жерлердің орташа құны 17 мың теңгені көрсетеді.
– Бұл – ақылға сыйымсыз. Бұл учаскелер нарықта 1-1,5 млн теңгеге бағаланады. Қыркүйек айының аяғындағы акционды электронды сауда-саттық алаңында өткізуді тапсырдым. Біз бұл арқылы бірінші кезекте сыбайлас жемқорлық тәуекелін алдын аламыз, екіншіден, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етеміз, үшіншіден, аудан бюджетіне қосымша қаржы түсіретін боламыз, – деді аудан әкімі Руслан Рүстемұлы.
Бесіншіден, бюджет процесін жеңілдету маңызды. Аудандық бюджетті нақтылау процесінің мерзімі ұзақ уақытты қажет етеді. Бірінші нақтылау жөнінде бюджеттік комиссия шешімі шығады, бағдарлама әкімшісі бюджеттік өтінімін ұсынады, бұл өтінімге аудандық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қорытынды әзірлейді, бюджеттік өтінімдер мен қорытындылар бюджеттік комиссияда қаралады. Бюджеттік комиссияның оң қорытындысын алғаннан кейін тиісті бюджетке өзгеріс енгізіледі және тиісті әкімдіктің интернет ресурсында орналастырылады, «Ашық НҚА» порталында жарияланады.
Ол «ашық НҚА» порталында 10 жұмыс күні және ашық қоғамдық талқылауда 1 жұмыс күні тұрады. Одан соң бюджет жобасы келісім алу үшін Әділет министрлігіне жолданып, онда 10 жұмыс күні қаралады, толықтыру немесе өзгеріс енгізуге қайтарылса тиісті өзгерістер енгізіліп, толықтырылып қайта жіберіледі. Ол тағы да 10 жұмыс күні тұрады. Келісім келген соң бюджет жобасы аудандық мәслихатқа жолданады. Мәслихат бюджет жобасы келген соң өз регламентіне сәйкес мерзімді сақтай отырып, сессия шақырады. Сессия өткен соң Әділет министрлігіне келісім алу үшін жолданады. Келісім келген соң қайта тіркеуге жіберіледі. Тіркеліп келген соң жергілікті әкімдікті осы шешімді іске асыру жөніндегі қаулысы шығып, бағдарлама әкімшілеріне беріледі. Мысалы: аудандағы тұрғындардың көтерген өзекті мәселесін шешу үшін бюджетті нақтылау керек болатын болса, кемінде 2-3 ай уақыт керек. Ол қаржыны бөлген соң оны мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурс жарияланады. Ол да қолданыстағы заң шеңберінде 2 айдан асатын уақытты керек етеді. Яғни бастама нақты нәтижеге ұласқанға дейін 5-6 ай уақыт қажет етеді.
Алтыншыдан, тұрғын үй салуға жер кезегін шешу маңызды.
– Жер кезегінің айналасында мәселелер бар екенін жасырмаймын. Жер кезектілігі бойынша облыста Қызылорда қаласынан кейін 2 орындамыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз қолға алдық. Кент орталығынан берілген жерлердің тізімі мен уақыты зерделенуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң заңға сәйкес қолданылу мерзімдері өтіп кеткен жер телімі қайтарылып, кезекте тұрған басқа тұрғындарға беріледі. Бұл жұмыстар келесі тоқсаннан бастап өзінің нәтижесін көрсетеді, – деді Руслан Рүстемұлы.
Жетіншіден, бүгінде аудандағы электр бағанасы мен желісінің 70 пайызы тозығы жеткені мәлім. ХХ ғасырдың 65-70 жылдары қойылған әлектр желілері ауа райының қолайсыздығына байланысты үзіліп, бағаналар сынып немесе құлап жатады. Бұл мәселені жүйелі түрде шешуде Жаңақорған кентінің электр желелері мен бағаналары мен желілерін ауыстыруға жоба дайындалды. Жобаның құны – 3,4 млрд теңгені құрайды. 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асыру жоспарланып отыр.
Сегізіншіден, жыл өткен сайын аяқ су мәселесі өзекті екенін сезініп келеміз. Сырдария өзенінен Көктөбе ауылдық округі тұсынан жаңадан «Су тоспа» құрылысын салу маңызды. Ауданның экономикалық дамуы мен экологиялық жағдайын жақсартуда Тайпақкөл және Қандыарал көлдер жүйесін қалпына келтіруді қарастырылуда.
АЙҚЫН МАҚСАТ, НЫҚ ЖОСПАР
Аудан әкімі айқын мақсат, нақты жоспарымен де бөлісті. Мәселен, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету жобасы. Ауданның қазіргі таңда газдандыру үлесі 38,8 пайызды құрайды. 2021 жылы аудандағы 12 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 108 млн. теңге бөлінді. Атап айтқанда, Ақүйік, Қыраш ауылдық округіне көгілдір отын барады. Одан кейін Шалқия, Құттықожа, Жайылма, Кейден ауылдық округін газдандыру жұмысы қолға алынады. Осы қатарда, Шиелі ауданындағы автоматтандырылған газ тарату станциясынан Төменарық ауылдық округіне газ құбыры тартылып, Екпінді, Сунақата, Қожамберді, Сүттіқұдық ауылдық округіне газ алатын шүлек қалдырылады. Қазір осы бағытта жұмыстар жүйеленіп жатыр.
«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін сапалы аяқтауға күш салынады. Сонымен бірге Төменарық, Сунақата, Екпінді елді мекеніндегі сумен жабдықтау желісін қайта құру және кеңейту жұмысы жүреді. Алдағы жылдары Сүттіқұдық, Қожамберді, Жайылма ауылдық округінде де сумен жабдықтау желісін қайта құру және кеңейту жұмысы қолға алынады.
ТҮЙІН. Мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков аудан әкімі Руслан Рүстемовке нәтижелі жұмысты жалғастыруда сәттілік тіледі.
Әкімнің депутаттар алдындағы берген есебін сала-салаға жіктеп, ауданның даму динамикасы мен негізгі мәселелерін сараладық. Әділ бағасын халық береді.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ