Алтынай – «Алтын белгі» иегері
ЖаҺандану дәуіріндегі өте жылдам дамып бара жатқан технологияны тізгіндеудің тиімді тәсілі – ІТ саласына мамандану білім мен білікке, зерде мен зейінге тікелей тәуелді. Ақыл-ой жемісі мен технология мүмкіндігінің үздік үйлесіміне жол ашатын жаңа мамандықты игеруге ұмтылған жас талаптар ІТ технологияны табанды қолға алып, ғылым мен өндірісті ұтымды ұйымдастыруда өзіндік ұстанымға ие. Осындай талапкерлер қатарында №163 мектептің түлегі Алтынай Махмұтханқызының бағдары айқын, мақсаты үлкен.
Алтынай 6 сыныптан соң Қызылорда қаласындағы Білім инновациялық лицейде білімін жалғастыру үшін екі кезеңнен тұратын тестілеу кезеңінен өтті. Білімін дәлелдеп, жүзден жүйріктердің ғана бағына бұйыратын аталмыш оқу орнына қабылданды. Оның бұл жеңіске қол артуына мектепте математика пәнінен дәріс берген ұстазы Бибігүл Нұржауованың еңбегі ерен. Сынып жетекшілері Жанат Жамурова, Баян Мұсалиева апайы бала жастан шәкірттерін бейім-білігіне қарай мамандыққа бағыттап, дұрыс жөн-жоба нұсқап қана қоймай алдындағы балаларына ата-анасынан артық қамқорлық жасап, саналы тәлім-тәрбие беруі сыныпты алға оздырып, талай үміттің шырағын маздатты.
Биылғы оқу жылында аталмыш лицейді тәмамдап, таңдау пәні – физика және математикадан мемлекеттік сынақта ағылшын тіілінде емтихан тапсырмаққа талап қылған Алтынай ҰБТ-ға жаңадан ендірілген ереже бойынша екі рет тест сынағынан өтіп, алғашында 111 балл, келесісінде 130 балл жинады. Осы көрсеткіші нәтижесінде Алтынай «Алтын белгіні» иеленді.
Бұған дейін де облыстық, республикалық олимпиадаларда математика, информатика, география пәнінен сынға түсіп алдыңғы орындарды иеленіп жүрген ол білім сынағына ұлкен әзірлікпен келгенін айтады. Біз Алтынайға арнайы жолығып, алдағы мақсаттары жөнінде ой бөлістік. Ол ІТ саласының маманы болуға дайындалып жүр екен. Осы мақсатта Сүлеймен Демирел университетіне «Ақпараттық жүйелер» мамандығына құжат тапсырғанын айтты.
Мамандықтың ерекшелігі, ғылыми технологиялық және өндірістік есептерді математикалық модульдерді талдау мен алгоритмдік шешімдер арқылы есептеу жұмысын атқаратын бағдарламаларды құрастырады. Бағдарламашы өте жылдам дамып жатқан технологияға бейімделе білумен қатар техникалық құжаттарды оқи алатын дәрежеде озық қабілетті, күн сайын өз-өзін дамытып, жетілдіріп отыратын перспективаны қатар алып жүруі қажет. Осынау мақсатқа түрен салған облысымыздығы озық оқу орнының түлегі – Алтынайдың болашақтағы арманы бұдан да зор. Нақ осы күндері өз-өзін рухани жағынан да жетілдіру бағытында ағылшын тілінде әдебиеттерді көптеп оқуды күнбе-күн жоспарына енгізген ол шет тілінің табиғатына дендеп тереңдей түскенін айтады. Мемлекеттік грантқа үміткерлер тізімі қатарында санаулы күндерде студент атанғалы отырған Алтынайдың анасы Меруерт Абусейітова №163 мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ береді. Әке жолын қуған ағалары да әр саланың инженерлері.
Өзінің біліміне сүйеніп, биік белестерді бағындырып келе жатқан Алтынай Махмұтханқызының жеңісі егемен ел ертеңінің жарқын болашағына деген сенімімізді бекемдей түседі.
Баян ҮСЕЙІНОВА