Мақсатсыз адам – желкенсіз кеме
Әлеуметтік желіде тараған жағымды жаңалықты көріп, марқайып қалдық. Иә, режиссер Рабиға Әбілпаттаның тұңғыш туындысы «Табиғат сақшылары» эфирге шықты. «Балапан» арнасында балғындарға экологиялқ тәрбие беріп, қоршаған ортаны таза ұстауға үндейтін бағдарлама режиссеріне телефон шалып, әңгімеге тарттық.
– Рабиға, өнерге алғашқы қадамың қашан басталды?
– 2012 жылы №169 мектепті бітірдім. Оқушы кезімде мәдени іс-шараларға көп қатысатынмын. Мерекелік жиындарға белсенді араласып, кейін іс-шараларды мазмұнды өткізуге қызығушылығым оянды. Оқушы кезімде біресе әртіс, біресе әнші болуды қалап, бағымды сынап көрдім. Мамандық таңдауға келгенде қиналдым. Осындай сәтте анам: режисер мамандығын таңдауға кеңес берді. Сөйтіп Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына режиссура мамандығына оқуға түстім.
– Телевизия саласына қалай келдің?
– Академияда оқып жүргенімде ұстазым өзіне көмекші етіп алуға сенім артып, 31 арнаға жұмысқа шақырды. Еңбек жолымдағы алғашқы шығармашылық ұжым болғандықтан бар күш-жігерімді салып, қабілет-қарымымды көрсетуге тырыстым. Бағдарлама аяқталғаннан кейін бірнеше әріптесіммен бірге «ХитТВ» арнасына тұрақты жұмысқа қабылдандым. Онда 1,5 жыл редактор болдым.
Сосын кино саласына кеткім келді. Режиссер болу үшін тәжірибе жинап, білімімді арттырып, еңбектену қажеттілігін жақсы түсіндім. Кино саласындағы барлық сатыдан өтемін деп шештім. Осылайша кастинг-менеджер, продюсер, атқарушы продюсер, сценарист, режиссер мамандығын игеріп, мықты кинокомпаниялармен, режиссерлармен бірлесіп танымал кинокартиналарда жұмыс істеп, тәжірибе жинадым.
– «Табиғат сақшылары» бағдарламасын түсіруге не түрткі болды?
– Бұл – «Балапан» арнасының тапсырысы бойынша түсірілген туынды. Дамушы елдердің барлығы бұл сатыдан өткен. Яғни озық елдердің тәжірибесіне сүйенсек, жастарға туған жердің табиғатын аялауды үйрету маңызды. Сонда ғана өз елінің нағыз патриоты болып қалыптасады.
«Балапан» арнасы осыны негізге алып, жасөспірімдердің туған жердің табиғатын қорғау һәм таза ұстауға үндейтін жоба ұсынды. Біз көп ойланбай іске кірістік. Алдымен сценаристер тобымен отырып сценарийін жаздық. Қазіргі балалардың көңілін аулау оңай емес, интернеттен қажетті ақпаратты біле алады. Сол себепті біз бірінші кезекте қызықты әрі тартымты етуге баса назар аудардық. Біздің кейіпкерлеріміз шытырман оқиғалар арқылы түрлі пайдалы кеңестер мен ақпараттар береді.
Қысқаметражды фильмдерді санамағанда үлкен экранға қоюшы режиссер ретінде шығарған алғашқы туындым. Сондықтан командаммен бірге бар күшімізді салдық.
– Бағдарламаны түсіру барысында қызықты оқиғалар болды ма?
– Өте көп болды. Себебі түсірілім тобында 30 жас қатысты. Оның 12-і жасөспірім балалар болды. Жастар жүрген жер ойын-күлкіге толы болмай ма. Негізі біз түсірілім жасаған жердің табиғаты керемет, таулы аймақ. Ол жерде күнде жылқы, сиыр жайылып жүреді. Біз үшін бұл жағдай үйреншікті болып кеткен-ді.
Бір күні түсірілім болып жатты. Балаларды жинап, сюжетті түсіндіріп болып, съемканы бастап кеттік. Балалар сценаридегі сөздерін айтып, көрсеткен жаққа жүгіріп кетті. Бір минут өтпей барлығы шулап, біз жаққа қайта жүгіріп келеді. Түсірілім тобы аң-таң. Олар жақындай бере артынан бұқа қуып келе жатқаны көрінді. Барлығымыз бір-бір баланы қалқалап, оператор камерасын құшақтап тұра қалыпты. Осыған бір ішегіміз қатып күлгеніміз бар. Әрине, мұның артында үлкен жауапкершілік бар.
– Алдағы арман-мақсаттарың қандай?
– Көп. «Мақсатсыз адам – желкенсіз кеме» демей ме халық даналығында. Бұған Рим философы Сенеканың: «Өзінің мақсатын білмейтін кемеге ешқандай желдің пайдасы болмайды» деген сөзін қосыңыз. Бұдан түйетініміз – адамды биікке жетелеуде мақсат-мұраты маңызды рөл атқарады. Менің мұратым – ұлт руханиятына қызмет етіп, жастарға бағыт-бағдар көрсететін туындылар түсіру.
– Өмірдегі ұстанымың қандай?
– Әкем Әбілқайыр Сыздықовтың бойыма сіңірген адалдық, адамдық қасиеттердің туын жықпай, еліме адал қызмет ету.
– Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыстар тілеймін.
P.S. Топырақтың қасиеті тұлғаның тұғыры болады. Сығанақ даласынан түлеген тұлғалардың елшіл, отаншыл қасиетіне алаш жұрты куә. Рабиға Әбілқайырқызы осы сара жолды жалғастырушы талантты, талапты жастың бірі. Өйткені оның биік мақсаты бар. Ол – елге адал қызмет ету. Біз оның мақсатына жетуіне шынайы тілектестік білдіреміз.
Сұхбаттасқан
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА