Перизат МӘДЕН: «Кино әлемінен қол үзгім келмейді»
Қаратау қойнауынан талай тарландар түлеп шықса, олардың ізінен қаншама дарынды жастар топ жарып келеді. Жас өнерпаз Перизат Мәденованың отандық кинорежиссура саласындағы алғашқы қойған фильмі және өзі сомдаған рөлі халықаралық байқауларда топжарды. Басты рөлде өзі ойнаған «Шыңырау» фильмі туған жерінде насихатталды.
Отандық кино-режиссура саласында еңбек еткен жерлестеріміз саусақпен санарлық. Соның бірі –ауданның түлегі Перизат Мәденованың еңбек жолы Алматы қаласындағы беделді киногерлермен бірге басталды. Аудан орталығындағы №163 орта мектепті бітіріп, рухани астанаға жол тартып, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының кинорежиссура мамандығына түсуге талпынған жас дарын шығармашылық іріктеу кезінде көзге жарқырай танылып, табиғи талант екенін мойындатып, мемлекеттік грантқа оқуға қабылданған еді. Кино саласының майталманы, профессор Севицлав Бабицкий: «Мына қара қызды қандай оқытушы тәрбиелеген? Өте сауатты образ сомдайды екен» деп таңқалып, табиғи дарынын мойындаған күннен бастап, жас қыздың арманы ұлғая түсті. Оқу оқи жүріп, киностудия жұмысына етене араласып, текст дайындаушы, редактор, ұйымдастырушы, үйлестіруші және әртіс болды. Кино саласының тыныс-тіршілігіне ден қойып, әр сәттерді тәжірибе жинауға арнады.
Отандық кино өндірісінде беделді «Star-cinema» мен «Керек cinema» орталығында таспаланған он шақты қысқа этюдта бой көрсетті. Оның кішкентай арманы үлкен экранға жол тарту еді. Осы бағытта «Бастық болғым келеді» фильміндегі медбике Фарида образын сомдайды. Халық осы кинодан соң жақын танып, көрген жерде «Фарида» деп қауышып жатады. Бұл туралы Перизат Әбубәкірқызы: «Фарида образы менің бағымды жандырды. Көпшілік орындарда халық қаумалап, суретке түсіп, қолтаңба алған сәттерде өзімнің жұлдызды сәтім туғанын сезіндім», – дейді жас дарын.
Ол басты рөлде ойнаған Қалдыкөз Рахымжанның «Шыңырау» фильмі қысқа метражды болғанымен өмірдің өзекті мәселесін арқау еткен. Фильмде жас ананың ұзақ уақыт бала көтере алмауы ұлттық трагедияны меңзейді. Діни көзқарас пен екі жастың арасындағы махаббат сынға түскен сәтте көрерменнің көзіне еріксіз жас үйіріледі. Осындай толқынысқа толы картинада басты рөлді сомдаған нәзік бойжеткеннің барлық жетістігі ел үшін мақтаныш. Осы кино халықаралық бәйгеге жолданып, бірнеше рет үздік атанды. Тарқата айтсақ, Байқоңырда өткен республикалық байқауда «Үздік актриса» атанды. Татарстанда өткен Қазан кинофестивалі мен «Самғау» кинофестивалінде Гран-приге ие болды. Стамбулда өткен халықаралық кинофестивалінде 2 орын, Бурса қаласында өткен байқауда 3 орынға лайық деп танылды.
Өнер өлкесінде өз биігін тапқан қаракөздің туған жерге ат басын шалдырып, өлке мәдениетін жандандыруға талап қылуының астарында үлкен жүректің атамекенге деген ыстық махаббаты жатыр. Ол қазірде аудандық мәдениет үйінің әдістемелік кабинетінің белді қызметкер.
– Перизат оқушы кезінде-ақ талабымен талайды тәнті ететін. Оның осыншама жетістігін көргенде жүрегімді мақтаныш кернейді. Бұйырса, бұдан да биік белесті бағындырары сөзсіз, – дейді әріптесі Жадыра Шертекова.
– Бұл мамандықты таңдау маған оңай болған жоқ. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзінен сусындап, ұлы өнерге қадам басқанда іштей толқыныс болды. Менің талабымды қолдап, ақылын аямаған достарыма, жанашыр жандарға алғысым шексіз. Аудандық мәдениет үйінде жүріп те, талай жетістікке жетуге болады деп санаймын. Алда жүйелі жоспарым бар. Әлі де кино әлемінен қол үзгім келмейді, – дейді үздік актриса бізбен әңгімесінде.
Мақпал МАРҚАБАЙ