Құрылыс сапасы материалға тәуелді
Облыс әкімінің сапары Бірлік ауылында жалғасты. Тақтайдай түзу жол елді мекенге бұрылған сәттен қос қапталынан қаз-қатар тізілген қарағаштың саясымен жүріп отырып жан-жағына зер салған адамға ауыл көшелері жаңарған. Кешегі Кеңес кезеңінде Қаратаудың етегінде мыңғырған мал өргізіп, молшылықтың негізін қалаған маңғаз ауылдың маңдайын күн сүйіп әлі де ажарын бермеген келбетінен арды ойлаған ұлағатты ұрпақтың атамекен шаруасын шашау шығармауға ұмтылған ықыласты пейілі шуақ шашады. Әсіресе биылғыдай мал отынан қағылған қуаңшылықтың емін үй іргелік жерін егістікке айналдырған еңбекқорлықпен екшеп, мал азығын қамдауға өздерінше қарекетке көшкен тұрғындар талабын назарынан тыс қалдырмаған аймақ басшысы әрбір отбасы бейнетінің жемісін ризашылықпен құптап қойды.
Тірек ауыл ретінде болашағы зор бұл елді мекенде биылғы жыл жоспарында екі қабатты 90 орындық балабақша құрылысын бастандыру жобасы қолға алынған. Сәуір айында қазығы қадалған аталмыш жобаны облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тапсырысы бойынша тендерге түсіп 366 млн қаржыны ұтып алған «SКS-Инженерия» ЖШС» мекемесі қолға алды. Олар қазірге дейін 2020 жылға бөлінген 47 млн 911 мың теңгені толық игерді.
Бұл жөнінде құрылыс барысын арнайы көруге келген облыс басшысына мәлімдеген серіктестік директорының орынбасары Мұхаммед Әбдуалиев биылға көзделген қаржыны игеріп болғанымен жұмысты тоқтатпай жалғастырып жатқандықтарын, егер осы жылға 150 млн теңге бөлуге қол жеткізілсе құрылысты аяқтауға мүмкіндік бар екенін, бұл бәрінен бұрын жергілікті халықтың тіілегін қанағаттандыру талабынан туып отырған өтініш екендігін жеткізді. Ал жобада құрылысты 2022 жылға дейін аяқтау иежеленген екен. Аймақ бас менеджері мердігер ұжымның жұмысы ғана емес, әкелініп жатқан материалдардың сапасына да зер салып, бүгінге дейін атқарылған тірліктің тынысына бағасын берді. Ұсыныстар негізінде мүмкіндігінше көмек болатынын айтты.
Аудан басшылығы және тиісті сала басында жүрген азаматтардың халық қалаулыларымен тізе қосып, жоғары орындарға ықыласты қозғау салуы нәтижесінде Кейден, Құттықожа, Шалқиядан бастап Төменарыққа дейінгі елді мекендерді газбен қамту мәселесін жеделдетуге қол жетті. Солардың қатарында Бірлік те бар. Нақтылап айтқанда, 440 тұрғын үй және 12 әлеуметтік нысанды қамтитын Бірлік елді мекені мен 124 түтін және 8 нысаны бар Қыраш елді мекенін газбен қамтамасыз ету жобасы сараптамаға ұсынылған. Бұл жөнінде тарқата баяндаған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев:
– Бірлік және Қыраш елдімекеніне газ желісін тартуға бағытталған жұмыстың мемлекеттік сараптамасы тамыз айында қорытындыланады. Жобада келер жылдың маусым айына дейін, яғни жеті айда жұмысты тиянақтау міндеті тұр. Осыған орай, құрметті Гүлшара Наушақызы, биылғы жылы бюджеттен 100-150 млн теңге бөлдіруге қол жетсе жұмысты ертерек бастауға мүмкіндік туар еді, – деді.
«Егер де қаржысы шешілсе маусымға қарамай жұмысты бастай бересіздер ме?» деп сауал тастаған басшы газ желісін тартуға қажетті материалдарды түгендеп алудың да уақыт ұттыратын жағын ескермеске болмайтынын еске салып өтті.
Бұл тақырып осы жерде жиналған ел ағаларының да аймақ басшысының өз аузынан естіп қалуға тырысқан өзекті мәселесі екен. Сараптама жұмысы біткеннен соң қолға алынғалы тұрған жұмыстың жайына енді ғана көңілі орныққан ел халқының атынан сөз алған ұзақ жылдар халық саулығы қызметінде тер төккен медицина саласының ардагері Әріпбек Асанов: «Қарағым, Гүлшара, елдің жағдайын ойлап, ат үстінен түспейтін елгезек еңбегіңнің өтеуіне жолығып, жолыңның ашық болуына тілектеспіз» деп елдің жарасқы дәстүрімен ақ тілегін жеткізді. Аймақ басшысы да өз кезегінде ауыл ағаларына құрметті көңіл рәуішімен ізет білдіріп, ел жағдайына еге болып, замана тынысына дем беріп отырар аға буынға сенім артатынын айтты.
Баян ҮСЕЙІНОВА