№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СОЛТҮСТІК ӨҢІР ЖҰМЫСҚА ШАҚЫРАДЫ!

СОЛТҮСТІК ӨҢІР ЖҰМЫСҚА ШАҚЫРАДЫ!


Қазақ елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел». Мәңгілікке қалай жетеміз? Бұл ретте, жердің тұтастығы, өңір-өңірлердің дамуы аса маңызды. Ал, соңғы жылдары солтүстікте демографиялық дағдарыс байқалуда. Оған бала туу көрсеткіші төмендегені және т.б. фактілер әсер етуде. Осылай жалғаса берсе 10-20 жылда жер иесіз қалмай ма? Үкімет осыны ескеріп «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстіктің жастарын техникалық мамандықтар бойынша даярлауда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында солтүстіктен жұмыс тауып беруде. Міне, осындай ілкімді жұмысқа «Ордакент» аудандық ардагерлер және жастар ресурстық орталығында өткен жәрмеңкеде куә болдық. Онда Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облысынан арнайы делегация келіп, жаңақорғандықтарға жұмыс ұсынды.
Шарада аудан әкімінің орынба­сары Бақытжан Айтбембет сөз алып:
– Елдің солтүстік облыстарының жері құнарлы. Ауыл шаруашылығын дамытуға ыңғайлы. Оның үстіне, ірі-ірі зауыттар орналасқан. Яғни, перспективалы жұмыс табуға мүмкіндік мол. Жәрмеңкеге келген делегация басшыларының сөзінше, әр облыста 600-ге дейін бос жұмыс орындары бар. Білікті мамандар жетіспейді, – деді.
Павлодар облысы, Май ауданы «Нұр Отан» партиясы филалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Алтынбек Байғалиев солтүстікте кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік көп екенін алға тартты.
– Білім беру мекемелерінде мате­матика, физика, химия, қазақ тілі мен әдебиеті, денсаулық сақтау саласында педиатр, акушер-гине­колог, невропатолог, хирург, анес­тезиолог, ауыл шаруашылығында ве­­те­ринар, зоотехник, селекционер және т.б жетіспейді. Пав­лодар об­лысына бағдарлама бойынша бар­саң­ыздар, мемлекет тарапынан бе­рі­летін көмек қомақты. Яғни, бір жолғы көмек, пәтерді жалдап тұруға немесе үй сатып алуға, отбасының әр мүшесіне жәрдемақы алуға болады. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамытуға төменгі пайызда несие түрлері бар, – деді Павлодардан келген қонақ.
Мұнан кейін Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту орталығының басшысы Динар Әсенов, Қостанай облысы Феодоров ауданы, Новошуииск ауылының әкімі Қуат Бауыржанұлы, Павлодар облысы Железный ауданы әкімінің орынбасары Қанат Баукенұлы, Ақтоғай аудандық ауруханасының бас дәрігері Гүлбақыт Құрманғаиева өздеріне қажетті кадрлар жайлы сөз етті.
Кездесу барысында жаңақор­ғандықтар сұрақтарын қойып, тиісті жауабын алды. Одан кейін бос жұмыс орны жәрмеңкесіне ұласты. Біз аталған солтүстікке бағыт алушылардың бірімен тілдескен едік.
Аудан тұрғыны Әнуар Дүйсенбиев: «Жеті балам бар. Бәрі жұмысқа жарамды. Өкініштісі, мамандықтары бойынша ауылда жұмыс жоқ. Әлгінде сөйлеген павлодарлық маманның сөзі ойға қонымды болды. Онда менің балаларымның мамандығы бойынша жұмыс бар екен. Мұнда дипломдарын арқалап бос жүргендеріне 5-6 жыл болды. Сондықтан отбасыммен Павлодар облысына көшсек дейміз, – деді.

P.S.: Елдің солтүстік және шығыс аймақтарында жұмыс істеймін де­ген­дерге мүмкіндік мол. Ендеше, оңтайлы сәтті тиімді пайдаланайық, құрметті ағайын! Ал, солтүстікке бағдар алғандарға «көштеріңіз көлікті болсын» дейміз...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
17 сәуір 2018 ж. 1 157 0