№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СОЛТҮСТІКТІ ИГЕРЕЙІК, АҒАЙЫН!

СОЛТҮСТІКТІ ИГЕРЕЙІК, АҒАЙЫН!


Ауданға еңбек ресурсының ұтқырлығын арттыру мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» үшінші бағыты бойынша Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысынан жұмысшы топ келді. Делегация құрамында Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Айгүл Жауарова, Павлодар облысы, Қашыр ауданы әкімінің орынбасары Раушан Ибраева бар.
Жиынға модераторлық еткен аудан әкімінің орынбасары Серқожа Ыдырысов басқосудың маңыздылығына тоқталып, азаматтардың солтүстікке қоныс аударып, кәсіппен айналысуға ыңғайлылығын тілге тиек етті. Одан әрі делегация мүшелері жиынға қатысушыларға Солтүстік өңірлерге көшуге ниет білдірген азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар жайында түсіндірді.
Теріскейдегі Уәлиханов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Зәуреш Мұсабаева ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен тұрғындардың тыныс-тіршілігін слайд арқылы таныстырды.
– Аудан СҚО-ның оңтүстік шығысында, облыс орталығынан 350 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауданда 27 елді мекеннен тұратын 11 ауылдық округ, 24 мектеп, бір колледж бар. Аудан экологиялық тұрғыдан өте таза, әр үйдің аумағында 30 соттыққа дейін жер беріледі. Яғни, кез-келген тұрғынға есік алдында бау-бақша, көкөніс өсіруге мүмкіндік мол. Ал, кәсібін ауылшаруашылығы саласында өркендетемін деген азаматтарға жер телімдері беріледі. Ауданның орналасқан жері мал жайылымына да қолайлы. Бос жұмыс орындары өте көп, қоныс аударамын деушілерге барлық жағдай жасалады, – деп, Солтүстіктің тартымдылығын айтты орталықтың басшысы.
Сондай-ақ, Қашыр ауданы әкімінің орынбасары Раушан Қайыртасқызы берілетін жәрдемақыларға жеке-жеке тоқталып, оның қандай мақсатта берілетінін айтты. Оның айтуынша, қоныс аударушылардың мемлекеттік жәрдемақысы адам басына есептеліп, отбасының әр мүшесіне берілетін қаржы 84 137 теңгені құрайды. Сондай-ақ, ауданда тұрғын үйдің бағасы 200 000 теңгеден басталады. Берілетін бір реттік сомаға үй сатып алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, бір жылға дейін коммуналдық қызмет ақылары төленеді. Отбасының жұмысқа жарамды әр мүшесі жұмысқа орналасып, балалары мектепке, балабақшаға еш қиындықсыз қабылданады.
Иә, Қазақстанның жері бар қазаққа ортақ. Отанымыздың әр азаматы туған жердің топырағын түлетіп, ата-бабаның қара күшімен иеленген жерді жатсынбауы керек. Еңбек ресурсы мол өңірдің халқын ел саясатына сәйкес, солтүстікке көшіру осы идеямен үндеседі. Осыны түсінген жаңақорғандық жастар да Солтүстікке көшуді құптап, қоныс аударуға ниетті екендерін жеткізді. Соның бірі – кент тұрғыны Маржан Құдайбергенова. Мамандығы – жерге орналастыру. Қазір ақылы қоғамдық негізде жұмыс жасайды. Мамандығына сәйкес жұмыс табылып, лайықты қолдау болса, солтүстікке сапар шегуге ниетті. Ол өз ойын айтып, мамандардан кеңес алды.
– Егер менің мамандығыма сай жұмыс табылса, отбасымызбен Уәлиханов ауданына көшуге райымыз бар. Дегенмен, әлі де саралап, отбасыммен кеңесіп көремін. Негізі, мемлекеттің бұл бастамасы жас отбасыларға өте қолайлы деп ойлаймын. Өйткені, жұмыс тапшы аумақта бос жүргенше, мүмкіндік мол берілген аймақта кәсібіңді өркендеткенге не жетсін? – дейді Маржан Құдайбергенова.
Жәрмеңкеде 600-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде мемлекеттік қызметтен бастап, құрылыс мамандықтары бар. Әсіресе, дәрігерлер мен ұстаздарға, жүк көлігін жүргізушілерге сұраныс жоғары. Мәселен, Уәлиханов ауданына педиатр, фармацевт, терапевт т.б. мамандар аса қажет болса, Павлодар облысына мұғалімдер жетіспейді.
Солтүстіктен келген делегация мүшелері оңтүстіктегі іске епті, нарықтық қатынастарға бейімделген ағайынға бар жағдайды жасауға дайын екенін айтты. Оған себеп те жоқ емес. Бүгінде солтүстіктегі ауылдар бірінен кейін бірі картадан жойыла бастады. Ата-бабаның қанымен келген киелі жерлерді қараусыз қалдыруға, әсте болмайды!
Қазір оңтүстік өңірлерде бала туу көрсеткіші жоғары. Халық саны артуда. Соның салдырынан жұмыссыздар қатары артты. Мектеп пен балабақшаларда болмашы жүктемемен уақытын өткізіп, өзін-өзі алдап жүргендер қаншама? Сондай азаматтар солтүстікке бет алып, қазақтың дамуына үлес қосса ғой! Иә, бұған дейін де солтүстіктен шақырулар келген еді. Мүмкіндікті пайдаланып, солтүстік пен шығысты бетке алған жерлестер бүгінде табысты еңбек етуде. Мәселен, өңірден өткен жылы Петропавлға қоныс аударған Жайна Шерниязова солтүстікте журналистика саласында табысты еңбек етіп, берілген мүмкіндіктің арқасында жылдам сатылап өсуде. Ондай мысал көп...

ТҮЙІН. Оңтүстік халқын Солтүстікке қоныс аудартудағы негізігі меже – елдің игерілмей жатқан жерін тиімді пайдаланып, сол өңірлерді көркейту. Бір сөзбен айтқанда, солтүстікті игерейік, ағайын! Ананың көз жасымен, бабаның қанымен келген жерлерді иесіз қалдырмайық!

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
13 наурыз 2018 ж. 1 172 0