№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Пресс тур: Қаратаудың қасиеті дәріптелді

Пресс тур: Қаратаудың қасиеті дәріптелді


Алдымен республикалық телеарна, облыстық газет пен сайттың тілшілері Қауық елді мекеніне барды. Төл басылымның №46 (8447) нөмірінде «Алты жылғы арман» атты мақалада кең көлемде жазылды.
Одан кейін Жаманбай батыр ауыл­дық округінің клуб үйінде «Әлшекей» халықтық ұлт аспаптары оркестры мен «Айсыновтар» халықтық отбасылық ансамблінің өнерін тамашаладық. Екі өнер ұжымының да «халықтық» атағы бар.
1980 жылы Бәден Айсынов «Әлшекей» халықтық ұлт аспаптары оркестрының негізін қалады. Сол жылы Айсыновтар халықтық отбасылық ансамблі де құрылып, аудан, облыс, республика көлеміне таныла бастады. 1992 жылы екі шығармашылық ұжым­ға «Халықтық» атақ берілді. Мұның бәрі Бәден Айсыновтың шығар­ма­­шылық ізденісінің нәтижесі еді. Тіпті республикалық, халықаралық бай­қаулар мен фестивальдерде аудан­ның мерейін өсіріп, елге мәшһүр болды.
Иә, сандаған музыкалық аспаптың үні үндестікпен әрленіп, күйлер шер­тілді, дәстүрлі әндер шырқалды. Сөйтіп, қарт Қаратау тауы ұлттық музыка жаңғырып, рухымыз бір серпіліп қалды.
Ұлттық ат спортының оқу-жаттығу жиынын көріп, ауданда ат спортының даму бағдарын білдік.
Ақтамберді жырау:
«Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз?!
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екенбіз?!», – деп жырлағандай жылқының дүбірінен қазақтың делебесі қозып, айқайға басып тұратыны анық.
Осындай көріністі көзбен көріп, рух­танып қалдық. Жаңақорғандық шабандоздар теңге алып, жылқының үстінде еркін қозғалатынын дәлелдеп бақты. Одан кейін аударыспақта еп­тілік пен білек күшін көрсетті.
Спорттың бұл екі түрінен де жаңа­қорғандық жігіттердің мерейі үстем. Мәселен, сәуір айының алғашқы онкүндігінде Тараз қаласында ауда­рыспақтан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Айтулы додада Сыр спортшылары 1 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдені қоржынға салды. Олжа алған жігіттер біздің жерлестеріміз еді.
Қызылорда облысының көкпар құ­ра­масын біздің ауданның жігіт­тері құрайтыны белгілі. Респу­блика бойынша бір ауданның көкпар­шыла­ры­нан құрылған команда жоқ. Әрі Сыр бойының шабандоздары ересектер арасындағы чемпионатты үздік үштік­пен түйіндеп жүреді. Журна­листердің ат спортының дамуына мән беруінің басты себебі осы.
Қаратау ұлттық өнер мен спорттан бөлек елдің әлеуметтік әлеуеті ар­туында шешуші рөл атқарып отыр. Оған Жаманбай батыр ауылдық окру­гіндегі шаруа қожалықтар таудың жондарын игеріп, онда бидай, мақсары егіп отырғаны дәлел. Міне дәл осы істі «Пазылбек қажы» шаруа қожалығы жүзеге асырып отыр. Жаңашыл шаруашылық мақсарының тұқымын көпжылдық аквагель ылғал жинағыш, ылғал сақтағышымен бірге сеуіп, инновациялық жобаны іске асырды.
– Аудандағы инновациялық жобаны «Пазылбек қажы» шаруа қожалығы қолға алып, «Акватерра гидрогелі» жаңа технологиясын іске қосты. Су жинағыш және ылғал сақтағыш тех­нологиясын (аквагель) қолдану ар­қылы аймақтың экологиялық жағ­дайын жақсартуға септігін тигізеді, топырақ құрамындағы ылғалды, қо­ректік заттарды тиімді пайдалануға ықпал етеді. Егістік жерлерді пайда­ланудың экономикалық тиімділігі артады. Мәселен, 1 грамм аквагель түйір­шіктері топырақтағы және жауын-шашыннан түсетін ылғалды өзі­не сіңіру арқылы 500 грамға дейін су жинайды. Сонымен қатар берілген тыңайт­қыштарды өзіне сіңіру арқылы шайылып кетуден сақтап, өсімдікке қажетті ылғал мен қоректі беріп отырады, – деді аудандық ауыл­ша­руашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
– Былтыр 2 гектар жерге мақсары ектік. Екі рет жауған жаңбырдың ылғалымен жинап алдық. Сондықтан биыл мақсарыға басымдық беріп, 600 гектарға мақсары ектік. Күзде бидайдың тұқымын тастаймыз. Қазір 11 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – деді қожалықтың төрағасы Ғалымжан Орынбасаров.
Сондай-ақ, «Пазылбек қажы» ба­ғын­да алма, өрік, қара өріктің түр-түрі жайқалып тұр. Оның сырын Ғалымжан Пазылбекұлы былай түсіндірді:
«Кез-келген саланы ғылым сүйе­мелдемей, дамуы қиын. Біз ғалым­дармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз».
Су диірмені жайлы жиі естиміз. Бірақ көзбен көрмегендіктен, құрылғының маңызын біле бермейді екенбіз.
Бесарық өзенін жағалап тауға өрлеп, Марат Орынбасарұлының де­малыс кешеніне келдік. Онда ба­руымыздың басты себебі – су диір­менінің жұмысымен танысу.
Биіктен құлап ағатын тау өзені дүлей күшке ие. Табиғаттың күш-қуатын Марат диірмен айналдырып, дәнді дақылдарды үнға, жемге ай­нал­дырып отыр.
Ел ағасы Үмбет Әбибуллаев сөзге араласып:
– Ертеректе Бесарық өзенінің бойында 62 су диірмені болды. Бүгінде олардың ізі бар. Осы су диірмендері жан-жақтан келген шаруалардың бидай, арпасын ақтап беріп отырған. Яғни қызмет көрсететін сервистік орталықтың қызметін атқарды. Сол 62 диірменнен біреу ғана қалды, – деді.
Марат Әбдікаримов су диірменінен шыққан үннің қасиетін:
– Су диірменін істеуде өзеннің бір бөлігін бұрамыз. Екпінмен аққан су диірменді айналдырады. Артықшылығы – су диірменінен шыққан ұнның адам ағзасына өте пайдалы, – деп түсіндірді.

P.S.: «Хабар» арнасының Сыр өңірі бойынша меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбек «Қаратаудың қасиетін те­рең зерттеп, білген сайын қазақтың болмыс-бітімін тануға болады» деген ой айтты. Міне, төртінші пресс-турдың тағылымы осындай.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
15 маусым 2021 ж. 368 0