Талант – таңдап қонатын бақ
Талант болмысымен ерекшеленіп, дарындылығымен дараланып тұрады. Жастардың бойындағы талантты танып, оны қолдап, шыңдалуына демеу маңызды. Осы себепті жас таланттың бірі Мақсұт Нұрдәулет Қайратұлын көпшілікке танытуды жөн көрдік.
Ол №240 мектептің 8 сынып оқушысы. Бойында алғырлық басым. Тілі шығып, былдырлап сөйлей бастағаннан-ақ ән айтып, ыңылдап жүреді екен. Балабақшадан бастап ауылдағы айтулы шараларда ән айтып өнерін көрсетіп жүр. Талантты жас өлең оқығанда аудиторияны елітіп, әсем сезімге бөлейді. Оның дарынын 4 жасында байқаған анасы балаларға арналған түрлі тақпақтар жаттатқызып, тілін ерте шығарыпты. Бүгінде сыныптағы шараларға жүргізуші, әрі әнші, биші болып түрлі образ сомдап жүрген жас дарын түрлі жарыстарға қатысып та үлгерді.
Төрт жасынан бастап ән айтқан бүлдіршін ең алғаш шырқаған әні Ескендір Қасанғалиевтің «Атамекен» туындысы. Вокал сабағымен қоса домбыраның құлағында ойнауды мұрат етіп, бос уақыт шағырмашылығын шыңдауға жұмсауда.
– Өзіме эстрада өнері жүрегіме жақын. Мақсатым – музыкалық білімімді шыңдап, қазақ эстрадасында өзіндік әуенімді, стилімді қалдыру. Өзімнің атам Мақсұт өнерге жақын адам болған. Бәлкім, маған атамнан дарыған қасиет болар. Менде ән айтқанды ерекше жақсы көремін. Менің бойымдағы өнеріме әкем мен анам да әрдайым қолдау білдіріп отырады. Айтқан кеңестері маған өмірлік сабақ. Атам Мақсұт көргені мол, қасиет дарыған ерекше жан болған. Бүгінде қазақ орындаушыларының ішінде Төреғали Төреәлі сынды талантты әншілердің ән айту мәнері қызықтырады, – дейді жас өнерпаз.
– Нұрдәулеттің білімге, өнерге деген ынта-жігері ерекше. Біздің отбасымыздың мақтанышы. Оның еңбексүйгіштігіне, ізденімпаздығына тәнтімін. Бір нәрсені бастаса аяқсыз қалдырмайды. Өзі сабақта да, қоғамдық іс-шараларда да өте белсенді. Қаншама іс-шараларда дара атанып, мерейімізді өсіріп келеді. Отбасында өте ерке баламыз елдің ұлына айналып келеді. Оның көркем мінезіне, бойындағы талантына, еңбексүйгіштігіне разымын. Жаратқан жолын ашық еткей дейді, – анасы Гүлнар.
Міне, Нұрдәулетпен сұхбаттасу барысында да, оның мақсат қоя білетін қасиетін де таныдық.
– Димаш Құдайбергенді ерекше құрметтеймін. Әлемдік деңгейге көтерілген орындаушы қазақ ұлтының дарынды екенін танытып жүр. Димаштың ән-құдіреті мексикалықтарды қазақ тілін үйренуге итермелеуде. Мұның артында қажырлы еңбек пен ізденісті ұштастырып, өз-өзімді дамытып, әлемге қазақтың қасиетін танытқым келеді, – деп асыл мұратын айтты кейіпкеріміз.
Осы талабынан жаңылмаса, Нұрдәулетті әлбетте биіктен көреріміз анық, «Талаптыға нұр жауар», – дегендей кейіркерімізді болашақта алар асуы биік, жолы ашық болуына тілекшіміз. ХХІ ғасыр білім ғылымның, озық техниканың алтын дәуірі. Алдағы уақытта осындай талантты жастардың дарынын шыңдап, білімін жетілдіре түсу міндеті тұр. Сонда ғана өркендеудің биік белесіне көтерілеріміз анық. Жас талантпен сұхбаттасу барысында, жеткен жетістіктерінің де бір төбе екеніне көзіміз жетті. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, болшағынан үлкен үміт күттірер жасқа өнерде де, өмірде де ақ жол тіледік.
Әсел Рзаева