№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қай клуб көш бастап тұр?

Қай клуб көш бастап тұр?


Аудан бойынша ауылдық клуб үйлерінің тыныс-тіршілігіне әлеуметтік желі арқылы баға беруге болады. Мәдениет халықтың рухани дамуын байытып, жан дүниесін нұрландырып, өркениет көшіне бастайтын сала. Қоғам дамуынадғы рөлі де орасан, сондықтан қай ауылдың көші ілгері деген сұрақ туындайды. Әрине, бөле жарған жөн емес-ау, бірақ барды да бағалап, өзгеге өнеге, үлгі етуге тиістіміз.


Қазақ халқы өнерден кенде емес. Ауылдан шыққан таланттылар топ жарып жүргені де мәлім. Тіпті онлайн, әлеуметтік желі арқылы да тұнып тұрған талант иелерінің өнеріне тәнті болып келеміз. Байрақты байқауларда да оза шауып жүрген өнерпаздар өрісімізді кеңейтіп, мемлекет мерейін үстем етіп келеді. Мәдениеті дамыған, өркендеген елдердің алар асуы, бағындырар белесі көп.
Алдымен, Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйіне қысқаша тоқталсақ. Аудан мәдениетінің қара шаңырағы саналатын ошақта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алдағы жоспарлар жүйелі, карантиндік режим болғаннан соң, онлайнға көшкені қиын. Өйткені, расында рухани азық алуға асығып, әсерлі кештерді жиі көретін едік, қазір шөлдеп қалғанымыз рас, барлығы карантиннің, елдегі індеттің кесірі. Сол секілді, «Арман» кенттік мәдениет үйінің де жұмысы жүйелі. Бір сөзбен айтқанда, атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға береміз. Енді ауылдағы мәдениет ошақтарына ойыссақ.
Иә, жұмыс жасап жатқан клуб үйлері бар, бірақ жартысына да жетпейді. Оны мәдениет майталмандары, өнер саласында жүрген аға-әпкелер қын­жыла айтып жүр. Себебі, елді мекендердегі клуб үйлері ауыл әкімінің құзырында өз тірлігі өздерімен құр күн өткізіп жүргендер бар. Біз білетін Талап, Бесарық, Кейден, Қосүйеңкі, Қожакент, Бірлік және белсенді біз ұмыт қалдырған екі-үш клуб үйінде ауқымды шаралар өткізіліп тұрады. Тіпті, облыс, республикалық байқауларда жүлде алып жүргендері де аз емес. Мәселен, екі жыл қатарынан Талап пен Бесарық ауылдық клуб үйлері облыс бойынша үздік атанды. Жақында Балмұхаммед Әбжаппаров жетекшілік ететін әзіл-сықақ отауы республикалық байқауда бірінші орынмен қайтты. Мұның өзін аудан мәдениетіне қосқан үлес деп бағдарлауға болады.
– Ауыл мәдениеті мен өнерін, оның ішінде ұлттық өнерімізді дамытуда осы саланың жүгін көтеріп жүрген қызметкерлердің орны ерек. Әрдайым салт-дәстүрді дәріптеп, қазақи болмы­сымыздың айнасын жоғалтпай, жиі-жиі бағдарламалар өткізіп, жастарды жұмылдырып тұруымыз тиіс. Соның жемісі ретінде біздің ауылдың жастар мен бұрымды қыздары әзіл-сықақ, ән кештерінен жүлдесіз емеспіз, – деді Балмұхамед.
Екінші жағынан ауылдағы ахуал, яғни интернет пен заманауи құрылғылар мен кәсбіи мамандар жетіспеуі де көңіл көншітпейді. Тіпті кейбір клуб меңгерушілері әлеуметтік желіге селқос, Фэйзбук парақшасына тіркелмеген.
– Барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды, жұмысы жүйелі клуб үйлері де бар. Жалпы ауылдық клуб үйлерінің онлайн форматта толық жұмыс істеуіне мүмкіндік аз. Өйткені, интернет желісі төмен, екінші жағынан заманауи технологиялар жетіспейді. Әрі, мамандар да тапшы, әдіскерлер керек. Жасаған жұмысты түсіруге, монтаждауға техникалық құрылғылар аса қажет. Көбісі жалдап отыр, бір сөзбен айтқанда, онлайн форматқа бейімделу кешеуілдеп келеді, – деді Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева.
Біз осы зерделеу барысында бірнеше ауылмен байланысып көрдік, облыстық, республикалық деңгейде қандай шаралар өткізілетінін білгіміз келді. Бірақ біз нысанаға алған клуб үйлерінің жоспарлы жұмысы даталы мерекелердегі іс-шаралармен түйінделеді.
Ауылды небір таланттардың тү­леп ұшқан алтын бесігі деп білеміз. Ауыл жағдайы түзелсе, ең алдымен, елдің жағдайы жақсарғаны, ауыл мәдениеті өркен жайса, бүкіл қазақтың мәдениетінің өрісі кеңейеді. Өлең-жырдың, өнердің ортасына айналып отыруы тиіс қара шаңырақ – ауылдық мәдениет үйлері мен клубтартардың бүгінгі жағдайына мән бергеніміз абзал.
Ауыл мәдениеті – ұлттық құнды­лықтарымыздың алтын өзегі. Бұл мәдениет ошақтары мектеп оқушылары мен ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді өткізу жолында түрлі мәдени шараларды тұрақты ұйымдастырып отыратын орын болуы керек. Мәдениет үйлері жанынан өнер мен әдебиет, мәдениетке қатысты үйірмелер мен бірлестіктер жұмыс жасауы қажет. Клуб мекемелерінің тұрғындарға ұсынатын мәдени-қызмет түрлерінің мазмұнын осылайша арттырса ғана, талапқа сай үлгілі қызмет көрсете алады. Әсіресе, олар көштен қалып қоймай жаңа идеялар мен инновацияны да пайдалану керек.
Бұл өнердегі аға буынның ақылы, өнерге деген деген шынайы жана­шырлығынан туындап отырған пікірі деп қабылдауымыз керек. Біз қазақ сыннан нәтиже шығаруға емес, жанашырлық танытқанға жиіркене қарайтынымыз бар ғой. Сондықтан сынды дұрыс қабылдап, қасиетті мекеннің туырлығын түзеуге ұмтылсақ игі.
Өркениетке өз өзегімізден ажырамай, өз мәдениетімізді өгейсітпей ілесу міндет екені даусыз. Ең бастысы, ауыл мәдениеті клуб үйлеріне тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн. Ал, қай клуб көш бастап жүргенін өздеріңіз біліп отырғандарыңыз мәлім.

Әли ТЕМІРБЕК
22 мамыр 2021 ж. 390 0