№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Игі істің басында, жақсы жүрер қасында

Игі істің басында, жақсы жүрер қасында


Жылдағы дәстүрінен жаңылмаған «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілері тағы бір баспанаға шын мұқтаж шаңырақты шаттыққа бөледі. Бұл жолғы таңдау – Әсем Бұхарбаеваның отбасына түсті. Себебін соңында айтамыз. Әуелі ресми шараны түйіндеп алсақ. «Қос тойың қабат болсын...» демекші, ораза айттың соңғы күні мен Халықаралық отбасы күніне сәйкес келген жаңа баспананың кілтін табыстау рәсіміне аудан әкімі Руслан Рүстемов арнайы қатысты. Мерейлі сәтте құттықтау сөзін сөйлеп, ақжарма лебізін білдірді.


– Бірінші кезекте, жастардың қоғамға деген қамқорлығы әркімді де қуантары айқын. Бұл – ерікті жастардың тату тірлігінің жемісті көрінісі. Әсіресе, елдің әлеуметтік жағдайына жанашырлық таныту – азаматтық борыш деп білеміз. Сондықтан Рамазан айында қайырымды істерімен белсенділік танытқан «Жаң­арған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорына алғыс білдіремін. Оразаның алғашқы күні бұл баспананың ірге­тасын құюға атсалысып, бүгін міне, халықаралық Отбасы күні қоныс тойдың қонағы болып отырмыз. Қоғамдық қордың жанынан құрылған комиссия алқасының шешімімен алтыншы баспана Әсем Бұхарбаеваның шаңырағына бұйырған екен. Құтты қоныс баянды болсын!, – деген Руслан Рүстемұлы баспана құрылысына атсалысқан бір топ кәсіпкерлер мен құрылысшыларға ризашылығын білдіріп, «Алғыс хат» табыстады.
Мұнан кейін ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлы елдің атынан ерікті жастарға алғысын айтты.
– «Қайырымдылық жасасаң, қайы­рымын өзің көресің» деген нақыл қалған бабалардан. Жұртымызда өзгеге қол ұшын беру, қолында бармен бөлісу бұрыннан келе жатқан ата дәстүр. Көмекке мұқтаж жандарға жүрек жылуын ұсыну, сауапты амал. Ал бұл амал Рамазан айында жасалса, әрбір жасалған бір ізгі істің сауабы, он еселеніп қайтарылады. Сондықтан ораза айында игі дәстүрге айналған асар әдісі жалғасын табуына тілекшіміз. Баспана бұйырған шаңыраққа береке тілейміз, – деді, – бас имам.
Ізгі лебіздерден кейін жаңа қонысты салтанатты түрде табыстау рәсіміне ұласты. Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы, бас имам Әбдіхалық қажы Махмұтұлы, ел ағалары Сайдулла Омаров, Молдахмет Искаков, кент әкімі Сардар Садықов жаңа баспананың лентасын қиып, ақ баталарын ақтарды.
Ендігі кезекте, таңдаудың неге бұл отбасына түскенін тарқатсақ. Бұхарбаева Әсем бір қыз, бір ұлдың анасы. Ұзақ жылдардан бері аудан орталығында пәтер жалдап тұрады. Үлкен қызы он үш жаста. Туылғаннан ДЦП диагнозымен ауыратын қызының дертіне дауа іздеп, мемлекет тағайындаған қамқоршысына айналған. Он бір жасар ұлы да бірнеше жылдан бері, құлағына суық тиіп, есту қабілеті төмендей бастаған. Бүгінде аурухана жағалап, емдік шараларын қабылдау үстінде. Жаратқан қанша сынақ берсе де, сабырмен Алладан шипа сұраған Әсемнің өзінің айтуынша, бес уақыт намазында тілінен шүкіршілігін тастамаған. Тіпті тұрақты түрде жасырын садақаларын беріп, мұқтаждарға қол ұшын беріп отырады. Міне, сондай түндердің бірінде тахажжуд намазына тұрып, әуелі Алладан отбасының амандығын тілеп, баспаналы болсақ екен деген бір ғана арманын айтады. Яғни, өмірінде бір мәрте ғана қиналған сәтінде жылы баспанамыз болса екен деген тілеуін тілейді. «Жыртық үйдің Құдайы бар» демекші, Жаратқан Рамазан айының Қадір түнінде тілеген тілегін қабыл етіп, айттың үшінші күні жаңа баспанаға қоныстанды.
Осындай ізгі істің басында жүрген Еркінбек Айнақожаев төрағалық ететін «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры алтыншы баспанаға атсалысқан жаңақорғандық жомарт жандарға, меценат кәсіпкерлерге алғаусыз алғысын білдіреді. «Бітер істің басында жақсы жүрер қасында» демекші, Данияр Досантаев бастаған ерікті жастар небәрі бір айдың ішінде төрт бөлмелі баспананың құрылысын тәмамдады. Құрылыс бригадасының құрамында: Әділхан Есенұлы, Мархабат Болатұлы, Мейрамбек Ақанұлы және Исаевтар отбасының жастары құры­лысқа қомақты үлесін қосты. Сонымен қатар, Бұхарбаева Әсемнің ұл-қыздарын қамқорлығына алған №110 мектеп-лицейдің әлеуметтік педагогі Айгүл Дәрменова апайымыз өз отбасы атынан кір жуғыш машина табыстап, әрі лицей ұжымының атынан ас үй жиһазын, сандықтарын сыйға тартты.
Шара соңында, Қоғамдық қордың кеңес мүшелері Еркінбек Айнақожаев, Қоғамбек Бейсенбиев, Данияр Досан­таев, Арман Мажитов, Дәулет Тұрабаев, Нұрхан Айдаров 6-баспана­ның құры­лысына атсалысқан барша «ЖЖЖ» ерікті мүшелері мен кәсіпкерлерге облыстық Жастар ресурстық орталығы басшысының, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының, «ЖЖЖ» қоғамдық қорының «Алғыс хатын» табыстады.

Әбдісамат ӘБДІШ
18 мамыр 2021 ж. 965 0