Вакциналау неге маңызды?
Бірінші өзімнен бастайын. Құдай қаласа, 13 мамырда коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын салдырып, электронды құжатымды аламын.
Ал, елде түрлі сөз көп. Әсіресе, ауызашар дастарханындағы негізгі тақырыптың бірі – вакциналау. Ж-ә, вакцина салдыру немесе салдырмау әр адамның өз еркі. Бірақ...
Әлемдегі ахуалды саралайтын болсақ, жаһан жұртының 150 млн-нан астам тұрғыны вирусты жұқтырса, оның 3 млн-нан астамы өлді. Қазір Үндістанның эпидемелогиялық ахуалы ауыр жағдайда. Вирусты жеңудің амалы вакцинада екенін жақсы түсінеді, бірақ, млрд тұрғынына жаппай вакцина тауып бере алмай отыр. Израиль вакциналауды толық аяқтап, енді 12 жастан асқан жасөспірімдерге коронавирусқа қарсы екпені еге бастады. АҚШ-та бір күнде 1 млн-нан аса адам екпе ектіруге кезекте тұруда. Еуропа Одақтың мүшесі Германия, Франция және т.б жаппай вакциналауды қолға алды. Әлемнің озық елдері вакциналауға неге асығып жатыр?
Бүгін аудандық емханаға барғанмын. Жаңақорған ауданының бас мейірбикесі Тұрғаш Даниева Израилдың вакциналау тәжірибесімен бөлісті.
– Иерусалимде туысым тұрады. Профессор. Білім саласында қызмет етеді. Оның сөзінше, вакцина салдырғандарға арнайы төлқұжат беріледі. Олар төлқұжатсыз сауда орындарына, жұмысқа бара алмайды екен, – деді таңғалып тұр мейірбеке.
Бұл үрдіс бізге де ерте ме кешпе келеді. Неге дейсіз бе? Балқаш жақта сыныптас досым вахталық жұмыс істейді (15 күндік).
– 15 күннің 3-4 күні жолға кетеді. Вахтаға түспес бұрын Шымкентке 5-6 күн қалғанда жиналамын. Содан ПЦР-анализ тапсырамыз. Компания да шығынға батып жатқандай. Енді есептеп көр, қонақ үй жалдайды, ПЦР-анализге төлейді. Бір жағынан біз де шаршап кеттік. Үйде ары кетсе 4-5 күн ғана боламыз. Одан да вакцина салдырып, жұмысқа тікелей барғаным жақсы-ау, – деді досым.
Оның айтып тұрғанының жаны бар. Ендігі уақытта карантинді қатаңдату дегенде блок-посттармен шектеп, көше-көшеде полиция қызметкерлері жүреді деген түсініктен арылу керек. Егер сіз шетелге барасыз ба, онда ПЦР-анализ тапсырасыз, сосын шекарадан өтесіз. Сырттан келдіңіз бе, онда тағы да 3-4 күн оқшауланып, ПЦР-анализ алынып, вирус жұқтырмағаныңызға көз жеткізуге тура келеді. Ал, вакциналанған адамдар төлқұжатымен 2-3 жылға дейін емін-еркін қозғалуға мүмкіндік алады.
Енді жоғарыдағы ауызашардағы әңгіменің бірін айтайын, адамдар чиптеледі. Құдай-ау, сұйық вакцинамен адамды қалай чиптеуге болады. Адамның ақылына сыймайтын сөз ғой!
Жаңақорған аудандық ауруханасының бас дәрігері Яхия Шорабаевтың сөзінше, вакциналау – адам инфекция қоздырғыштарымен байланысқа түскенге дейін аурудан қорғанудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакциналау ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін қолдана отырып, көптеген жұқпалы ауруларға төзімділікті арттырады және иммундық жүйеңізді күшейтеді. Аурулар сияқты вакциналар да иммундық жүйені арнайы антиденелер жасауға үйретеді.
Бүгін Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов сала басшыларын жинап, коронавирусқа қарсы вакциналауды жүргізудің мән-жайын пысықтады. Әкім вакциналауда адамның еркінен тыс әрекет етпеуді, тек вакциналаудың маңызын жан-жақты түсіндіріп, насихаттау арқылы жүргізуді ескертті.
Алқалы топта сөз алғандар өткен жылы ел жақсылары мен жайсандарынан вирустың салдарынан айырылып, тіпті топырақ тастауға мүмкіндік болмай қалғанын тілге тиек етіп, ел арасында алып-қашпа әңгімелерді таратпау маңызды екенін сөз етті. Мұндайда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) "Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам" дегені ойға келеді. Иә, өзіңіз вакцина салдырғыңыз келмей ме, онда өзгелерге ол жөнінде айтпаған жөн. Себебі, сіз сөзбен ғана емес, егер сіздің үгітіңізден вакцина салдырмай, вирус жұқтырса, қандай күнә арқалайтынымызды Алла ғана біледі.
P.S.: Әрине, әр адам вакцинаны өз еркімен қабылдайды. Ал бізге тек вакциналаудың маңызын түсіндіру...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.