» » Екпе: үміт пен үрей

Екпе: үміт пен үрей


Қазіргі кезде әлемде коронавирусқа қарсы әзірленіп жатқан эксперименттік вакциналардың саны 200-ден асқан. Індетті ауыздықтау жолында басталған жаһан жанталасы жылдам өрбуде. Оның 64-і клиникалық сынақтан, 173 вакцина клиника алдындағы сынақтан өтуде. Осының ішінде алғашқы сынақ кезеңдерінен өткен 8 вакцина түрі адамдарға салына бастады.
Қазақстанда 1 ақпаннан бастап Ресейде шығарылған «Sputnik V» вакцинасын егу басталды. Ең алғаш ектірген денсаулық сақтау вице-министрі, Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пен вице министр Ажар Гиният жарты сағат дәрігер бақылауында болып, кері әсерін сезінбегені туралы айтқан.
Осы күні аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова да инфекцияға қарсы екпені қабылдап, өзін жақсы сезінгенін, дәрігерлер айтқан кеңесті бұлжытпай орындау қажеттігін жеткізді.
5 наурыздан бастап жаңақорғандықтар да екпені қабылдай бастады. Бірінші кезекте екпе жұқпалы аурулар мен жедел-жәрдем, қабылдау бөлімі және аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарына жүргізілді. Вакцинаны алғашқы күні 29 медицина қызметкері мен аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров салдырды. Ал екінші күні 35 адам қабылдады.
Осы ретте бірінші болып екпені салдырғандардың бірі санэпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Рыскүл Ахметованың пікірін білдік.
– Біздің сала тікелей ауру ошақтарымен тығыз байланыста болғандықтан екпе салдыруға өз еркіммен келдім. Қазір жағдайым жақсы. Кез келген аруға қарсы екпе салдыру қорғаныстың ең тиімді жолы. Сондықтан вакцинаға қол жеткізген алғашқы елдердің қатарында болғанымыз мен үшін үлкен қуаныш, – деді ол.
Ал ауданға жеткізілген вакцина жайында ақпарат берген аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шынар Айдарова: «Ауданға 4 наурыз күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының вакцина сақтау қоймасынан арнайы авторефрерижатор көлігімен температуралық режим сақтала отырып коронавирус инфекциясына қарсы «Гам-Ковид-вак» вакцинасының 400 дозасы жеткізілді. Жаңақорған ауданаралық ауруханасы жанынан құрылған комиссиямен құрамын қабылдап алған вакцинаның 200 дозасы бірінші кезекте егуге, қалған 200 дозасы екінші кезектегі егуге арналған», – деді.
Сондай-ақ Шынар Айдарованың да екінші күні ерікті түрде вакцинаны салдырғанынан хабардар болдық. Өзі жағдайының жақсы екенін, қазір қызметін жалғастырып жатқанын жеткізді.
Сала басшысының сөзінше, вакцина салдыратын адамды дәрігер қарайды, одан анамнез алынады. Дене қызуы, қан қысымы, жұтқыншақ тексеріледі. Содан кейін дәрігер ол адамға вакцина салуға рұқсат береді. Пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Егер ол барлық процедуралармен келіссе, 21 күннен кейін вакцинаның екінші кезеңіне де келуі керек. Ал екпені қабылдаған соң ерікті мед-персоналдың қарауында, одан әрі 3 күн бойы аймақ дәрігерінің бақылауында  болатыны және тағы 3 күн бойы ішімдік ішуге, темекі шегуге, моншаға түсуге, суық тигізуге болмайтынын айтты.
Ал екпе анамнезінде ауыр аллергиялық реакциялары бар, инфекциялық және созылмалы инфекциялық емес ауруға шалдыққан, созылмалы ауру түрімен ауыратындар, жүктілік және емізулі кезеңдегі аналар мен жасы 18-ге толмаған жандарға салынбайды. Бұл қатарға жасы 65-тен жоғары кісілер де жатады. Егер 18 жасқа дейінгілер вакцинаны қабылдаймыз десе, оларға ата-ана келісімімен рұқсат беріледі.
Елімізде КВИ-ге қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін 6 миллионға жуық адамды қамтиды деп жоспарланып отыр. Өйткені бұл жол індетке қарсы әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылған. Тіпті вирусқа қарсы екпе пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы.
Лаура БИБАСАРОВА
10 наурыз 2021 ж. 785 0