№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Борышкерлер газдан ажыратылады!

Борышкерлер газдан ажыратылады!


Тұрғындардың төлем мәдениетін қалыптастыру әзірге мүмкін болмай тұр. Пайдаланған коммуналдық қызмет ақыларын төлеуден жалтаратындардың қарасы азаяр емес. Осындай борышкерлерге қарсы «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы майдан ашып отыр. Көгілдір отынды игілігіне пайдаланғандар тиісті қаражатын төлемей отыр. Оның ішінде бай-бағландар да, әлеуметтік деңгейі төмен отбасылар да бар. Тіпті кейбір мемлекеттік мекемелер де қарызға белшесінен батқан. Мән-жайға қанық болу үшін «ҚазТрансГазАймақ» Жаңақорған газ шаруашылығы филиалына арнайы бардық.


– Ауданда 2365 тұрғын үйдің 40 млн теңгеден астам теңге қарызы бар. Бұл қаңтар, ақпан айларында берешек қарыздар. Қазір жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Егер төлемді ай соңына дейін төлемегендер болса онда газ жүйесінен ажыратылады. Былтыр мұндай жағдай өте көп орын алған. Жалпы берешек тұрғынға алдымен ескерту беріледі. Бір айдан кейін газ жүйесінен ажыратылады. Төлем төлемеген тұтынушыдан қарызды заң жолымен өндіру үшін сотқа қағаз жолданады. Көбіне тұтынушы ескерту, өшіру, сотқа дейінгі талап-арызға қол қоймай бас тартады. Ондай кезде комиссия құрамындағы екі бақылаушы мен менеджердің куәлігі жеткілікті. Кейде тексеруге барғанға бөгет болып, шу шығаратын тұрғындар болады. Мұндай жағдайда да комиссия құрамындағы үш адамның кепіл болуымен ақысын төлемегендер газ көзінен ажыратылады, – дейді жауапты сала басшысы Сұлтан Сәрсенов.
Тірлігі тындырымдының түн ұйқысы да тыныш. Ең жақсысы, жарықты да, газды да өз уақытында төлеу. Егер төлемеген болса, қарыз сот арқылы өндірілетін болады. Ол да қаншама жүйкені жұқартатыны анық. Осы тұста айта кетейік, газды өшіріп тастаған соң қайта қосу да аз ақша тұрмайды. Тұтынушы газ жүйесіне қайта қосылу үшін қарызды өтеп қана қоймай, оған қоса газды өшіруге, оны қайта қосуға кеткен шығындарды да жабуға тиіс болады. Сондықтан да ең ұтымдысы дәл мерзімінде төлеу, – дейді сала басшысы.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жаңа­қорған аудандық газ шаруашылығы филиалының мәліметіне сүйенсек, бүгінде кент орталығында 4798 абонент бар. Қарызы бар тұты­нушылармен тікелей жұмыс жасайтын «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС Жаңақорған аудандық абоненттік бөлімде қалыптасып отырған ахуал тұрғындардың төлем мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Тәртіп бойынша әр айдың 25-не тұтынушы мекемеге келіп, есептесіп тұруы қажет, сол кезде ешқандай мәселе болмайды, ешкімді сотқа сүйреудің орын алмайтынын айтып ескертумен келеді. Ал, тұрғындар арасында мекемеде бугалтерлік есептің дұрыс жүргізілмеуінен миллиондаған теңгенің қарызы қалыптасқаны айтылып жүр.
Негізі қарызы барлармен арнайы жұмыс жасайтын контролер бар. Олар алғашқыда үй егесіне түсіндірме жұмысын жүргізіп, ескерту хат тастайды. Егер межелі мерзімде төлем өтелмесе, көгілдір отын жүйесінен ағытылады. Айта кетейік, төлем ақысын төлемегендерге арнайы заң талаптары бар. «Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» жауапты ведомствоның «Газ және газбен жабдықтау» бұйырығында Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9-қаңтардағы Заңының 6-бабы, 14-тармақшасында басшылыққа алын­ған.
Аталмыш Қағиданың 62-бабында газ беруді қалай тотату керектігі жазылған. Шынын айту керек, берешегі бар кейбір тұрғындардың қарызын толық өтеуге қауқары аз. Сондықтан тұрғындарға да кінә арта беруге болмайды. Бірақ қарыздың аты қарыз, пайдаланғаннан кейін оны төлеу парыз. Кейбір кәсібі дөңгелеп тұрған қалталылардың уақытылы төлеуге мойны жар бермеу салдарынан қарыз көлемі еселеп артып отыр. Ал берешек мекемелер туралы ақпарды алдағы уақытта жариялайтын боламыз. Әр бақылаушыға көше кезіп, ең кемі 500-1000 абоненттің үйін аралап шығу оңай шаруа емес. Сол себепті әрбір тұрғын игілігін көріп отырған қызмет түрімен уақытылы есептесу міндет.

Әсел РЗАЕВА
27 сәуір 2021 ж. 365 0