№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бес әкіммен қызметтес болған

Бес әкіммен қызметтес болған

Түгіскендік Яхияхан Әбутәлипов бес әкіммен қызметтес болып, ауылының өркендеуіне үлес қосты. Иә, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, өзінің ұстамдылығымен, сабырлығымен ерекшеленді. Біз зейнеткерлікке абыроймен шыққан ел ағасын әңгімеге тарттық.

– Аға, жүріп өткен жолдарың­ызға шегініс жасасақ, ойыңызға ең бірінші не келеді?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында азаттық рухымен шаттанған ағайын қандай қиындық болмасын еңсеруге дайын еді. Туыс-туған, көрші-қолаң бір-бірін рухани қолдап, елдіктің жолын танытты. Көршілер бір-біріне шай, май мен тұз-қантымен қарасатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы осы көрініс әлі көз алдымда.
– Сіз Аққорғанды басқарған бес әкіммен қызметтес болдыңыз. Осы жөнінде тоқталсаңыз...
– 1991 жылы мемлекеттік қызмет саласына келдім. Ең алғаш Ермағанбет Ибрагимовмен бірге жұмыс істедім. Ауылға көше салуға көп көмегі тиді. Сол жылдары сырттан көшіп келушілер де болды. Келген ағайынға құрақ ұшып, көмек қолын созса, кейін Аманкүл Болтаева әкім болып сайланды. Нәзік жанды болған соң, алдына келіп мұқтаждығын айтқан жанды кері қайтармаушы еді. Жылы сөзін айтып, қолынан келсе қолұшын созатын. Мүсілім Тұрсынхановтың ұйымдастырушылық қабілеті зор еді. Ауылды ауызбіршілікке ұйытты. Барлық істе бастамашыл болып бір қолдан жең шығара білді. Сонысымен де елге сыйлы болды. Төртінші әкім Немат Рүстемовтың кезінде Үкіметтен көп қолдау болды. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ауыл жарықтандырылды. Кейін жас та болса бас болып Сардар Садықов сайланды. Сауатты, кез-келген істі көп бөгелмей шешетін, іскер әкім.
– Қай әкім халыққа жақын болды дей аласыз?
– Меніңше, әрбір әкімнің салып кеткен сара жолы бар. Оларды бөліп-жаруға болмас. Шынайы бағасын халық біледі.
– Келер ұрпақтың болашағын қалай елестетесіз? Елдік мақсат жайында айтсаңыз...
– Біздің елдік мақсат – алдыңғы қатарлы елдермен иық тірестіру, үздіктердің қатарында болу. Біз дамыған елдер меңгерген ғылым мен білімге, техника мен технологияға, нарыққа сай қалыптасқан кәсіпке қол жеткізуіміз керек. Бірақ, өзгенің тілі мен дінін, мәдениеті мен өнерін түгелдей бойымызға сіңіріп алу – өзгеге қызмет ету екендігін үнемі есте сақтаған жөн. Қазақ болып туылу және қазақ болып өмірден өту мақтануға тұрарлық дүние. Өйткені, біздің тарихымыз терең, тіліміз бай, дініміз асыл, діңгегіміз мықты. Сана іргетасы аңыз-әңгімелеріміз бен ертегілерімізден, әсем әніміз бен күйімізден, қанымызға сіңген салт-дәстүрімізден және соған деген сүйіспеншіліктен, үлкен махаббаттан құралса, онда қай биікке көтерілсек те құлап кетпесіміз анық. Осы жолды берік ұстанған жастарымыз бәсекеге қабілетті бола алады.
– Кез келген толқын алдыңғы ағаларына қарап бой түзейді. Әсіресе, жас толқынның үлкендерден алар сабағы көп-ақ. Осы тұрғыда сыйлы болудың сырын айтсаңыз…
– Өмірдің өз ұйғарымы бар. Кейде мың ойласаң да өз дегенін жасайды. Адамдардың кездесуі де кездейсоқтық емес, бұл да тағдыр. Менің маңдайыма ауылда отыз жылдан аса қызмет ету, сол кезеңдерде бес әкіммен етене жұмыс істеу жазылған болар. Әрбір адамның өзіне тән мінезі бар. Сол адамның жақсы мінезін көре білу, жақсы жағын санаңа құя білу де керек деп ойлаймын. Ал артымнан ерген інілеріме айтарым, қашанда елге еткен еңбек елеусіз қалмайды. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу, жақсы ағаға ілесіп ізін бас та, жолын қу» деген тәлімді сөз бекер айтылмаған. Қазіргі заман жастары алғыр, зерек, тек дұрыс жол көрсетіп, демеп жіберсең болғаны.
– Шаңырақ шаттығына бөленіп, ұлды ұяға қызды қияға қондырған үлгілі отбасы екендеріңізді ел тұщына айтады. Отбасыңыз жайлы айтсаңыз…
– Үйдің ұйытқысы Қалзия жеңешең­мен Алланың қалауымен Асылхан, Ақтолқын, Гүлзия, Құрбанай, Ұлбазар, Аманхан, Рүстем атты ұл-қызды өсіріп жетілдірдік. Ұлымыз ұяда, қызымыз қияда, шүкір. Жаратқанның берген ең керемет нығметтерінің бірі ұл-қызыңнан өрген немерелердің қызығына бөлену екен. Бүгінде алыс-жақыннан келген немерелеріміз көзіміздің қуанышы. Қалзия жеңешең болса талай жылдар ауылда фельдшер болып жұмыс жасады. Бүгінде зейнет демалысында.
– Әңгімеңізге рахмет.

Айкерім МӘДИҚЫЗЫ

11 ақпан 2021 ж. 488 0