№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ЦИФРЛЫ ӘЛЕМ: ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ

ЦИФРЛЫ ӘЛЕМ: ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ


Бүгінгі ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда жаңалықтар, инновациялар өмірімізге дендеп еніп, өзгеріп жатқаны жасырын емес. Мәселен, бір facebook желісінің өзі айына 1,5 миллиардқа жуық адамды байланыстыруда. Бұл желімен күнделікті 500 миллиондай хат жолдаймыз. Интернет желісі арқылы кез келген тауарды үйден шықпай-ақ тапсырыс беріп, уақытымызды үнемдейміз. Бұл – ақпараттық заманның қарапайым ғана көрінісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында цифрлы экономика құру және еліміздің кәсіпорындарын цифрландыру, интеллектуалды көлік жүйесін және агроөнеркәсіпте ақылды технологияларды енгізу, цифрлы білім беру ресурстарын дамыту бойынша бірқатар міндеттер қойған болатын. Расында, «Жаңа технологияларды ұлттық экономиканы ілгерілету үшін қалай қолданамыз, не істелуі керек?» деген сауалдар алдымыздан шығатыны ақиқат. Мемлекет басшысы қойған межеге жету үшін шетелдік цифрландыру тәжірибесіне зер салу да – аса маңызды.
Бүкіл әлем үкіметтері цифрлы өндірісті дамытуға үлкен үміт артып отыр. Себебі, инновация мен өндірісті біріктіретін жаңа өнімдер мен қызмет түрлеріне негізделген жаңа нарықтың өнімділікті арттыру мен экономикалық өсімге оң әсерін тигізетініне сенімді. Цифрландыру – әлбетте, табиғи қорларды тиімді пайда-лануға, үнемдеуде септігін тигізеді. Цифрлы өндірістің дамуы экспортты арттыруға да оң әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен жаппай цифрландырудың мемлекет үшін кері жақтары да бар екенін ұмытпаған абзал. Мәселен, жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарын құру. Цифрлы экономиканың басты әрі маңызды қасиеті – технологиялардың бір саладан басқа салаға өтуі, яғни конвергенциялануы. Көп жағдайда мұндай трансформациялау саланы әр тараптан түрлендіре түседі. Сондықтан Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан үшін цифрлы логистикаға мән берудің маңызы зор екенін айта кеткен жөн.
Әр мемлекет өндірісті цифрландыру мүмкіндіктерін пайдалануда түрлі механизмдерін қолданады. Мәселен, АҚШ, Германия мен Жапония сол мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ұлттық басымдықтар мен кейбір флагмандық бастамаларға ерекше мән береді. Цифрлы акселерация индексіне негізделген The Boston Consulting Group (BCG) агенттігінің зерттеулеріне сүйенсек, әлемдегі әрбір төрт компанияның біреуі цифрландыру қарқынына ілесе алмауда. Ал Еуропаның өндіріс орындары бұл бағытта америкалық әріптестеріне қарағанда әлдеқайда артта қалуда.
Индексті жасақтауда АҚШ пен Еуропаның 1300 компаниялары сауалнамаға қатысқанын айта кеткен жөн. 67 мен 100 балл аралығында ұпай жинаған компаниялар «цифрландыру чемпиондары» атанды. 43 баллдан төмен ұпай жинағандары артта қалғандықтарын көрсетті.
АҚШ: цифрландыру көшбасшысы
АҚШ-тың цифрландыру жолындағы ең үлкен бастамасы деп Чикагодағы Цифрлы өндіріс пен инновациялық дизайн институтын (DMDI-Digital Manufacturing & Design Innovation Institute) айтуға болады. Жаңа цифрлы өндірістерді әзірлеу, соңғы заманауи сараптамада, интеллектуалды өңдеуде және озық өндіріс орындарында дизайнның мүмкіндіктерін таныстыруды мақсат ететін білім ордасы – АҚШ-тың өндірістік инновациялық жоғары оқу орындарының ең үздіктерінің қатарында. Оқу ордасы 190 мүше-компанияларымен, өзге де оқу орындарымен, мекемелермен берік қатынаста. Институтты қаржыландыру 320 млн. АҚШ долларының шамасында (оның ішінде 70 млн АҚШ доллары Үкімет тарапынан). DMDI зерттеу бағдарламасы «Цифрлы ағын» ұғымына негізделген. Осыдан-ақ АҚШ-тың өндірісті цифрландыруға айрықша көңіл бөлетінін ұғыну қиын емес. Бұл термин белгілі өнімге (активке) қатысты ақпаратты басқарудағы кешендік тәсілді қолдануға негізделген. Цифрлы байланыс жобалаудан бастап, өндіріске ендіру процесстерінен өнімді шығаруға дейін жалғасады. Мұндағы сөз етіп отырған цифрлы байланыс ұғымы екіжақты сипат алғанда, кәсіпорындар бүгінгі өнімдер мен өндірістік жүйелердегі түйткілді мәселелерді шешіп, әзірлеу циклын қысқартып, еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілік арта түсетіні анық.
BCG агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, АҚШ компанияларының цифрландырылуы Еуропаға қарағанда 20 пайызға артып отыр. Нәтижесінде, америкалық нарық диджитал-трансформацияға үлкен жылдамдықпен келе жатыр. Америкалық өндіріс орындарының 28 пайызы – үздіктер қатарында, 23 пайызы даму жөнінен артта. Ал, Еуропадағы өндіріс орындарының 23 пайызы – көшбасшылар тізімінде болса, 25 пайызы тіпті проблемалық болып саналады.
АҚШ-тың ең үздік компаниялары бәсекелестеріне қарағанда сараптамаларды қолдана отырып, бизнес-модельдерін жаңартып, қайта жасауды қолға алып, тұтынушылық тәжірибені қайта қарастырып отырады екен. Америка-лықтар еуропалықтармен салыстырғанда инновацияларды енгізуде цифрландыруды ілгерілету орталықтарын құру жөнінен де алда тұр. Мұндағы цифрлы акселерация индексі 85 балл болса, Еуропада 80 балл. Сонымен қоса, цифрлы шешімдерден қаржылық пайда табудан да алдыңғы орында.

Германия: «ақылды» зауыттар
Германиядағы өндірісті цифрландыру ұғымы ақылды зауыттар мен өндіріс орындарына бағытталған Индустрия 4.0 бағдарламасымен байланысты. Бір айта кететіні, бұл түсінік кіші және орта өндіріс орындарына да қатысты. Үкіметтің өндіріс 4.0 бағдарламасы бойынша аса маңызды әрі бейінді инвестицияларының бірі – OWL (Оствестфален-Липпенің ақылды техникалық жүйелері) кластері жөніндегі бастамасы. OWL 170-тен астам кәсіпорындар, университеттер мен институттар альянсын біріктіріп, мықты өнеркәсіптік және ғылыми мекемелер мен зерттеулерді таныстырады. Альянс тиімді коммерциялық және ғылыми кластерлерді қолдайтын Leading-Edge Cluster бағдарламасымен қаржыландырылады. OWL бес жыл ішінде интеллектуалды техникалық жүйелерді әзірлеуге бағытталған 46 ғылыми-зерттеу жобаларына 100 млн. еуродан астам қаржы жинады. Бұл кластер зерттеулерге ғана емес, кіші және орта кәсіпорындарының өнеркәсіптік мүмкіндіктерін арттыруға бағытталғанын айту керек.
Германия үкіметі цифрландыруды сәтті жүзеге асыру бағытында «Цифрландырудың күн тәртібі – 2014-2017» және «Цифрландыру стратегиясы 2025» маңызды құжаттарын қабылдады. Сондай-ақ Цифрландыру қарқынын қадағалайтын цифрлы агенттіктер құру да алдағы күннің еншісінде. Цифрлы технологияларды білім беру саласында пайдалануда Германия алдыңғы қатарда болса, электрондық үкімет арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдалану жөнінен әлі де артта. Бұл тұрғыда 2020 жылдарға дейін қызметтер түрін көбейту жоспарланған.

Жапония: ұлттық басымдық –
озық робототехникада
Жапония үкіметі жақында өндірістік шолуларында «Заттар интернеті» терминін қабылдаған болатын. Алайда бұл оның АҚШ, Еуропамен салыстырғанда мүмкіндігі жөнінен алда екенін білдірмейді. Жапония елі АҚШ табысын интернет платформа мен деректер қорына сараптама жасау арқылы табады десе, ал Германия Siemens сияқты фирмалар арқылы машина мен смарт-зауыттар жасаумен пайдаға кенеледі деген пікірде. Дегенмен Жапония үкіметі робототехникаға айрықша мән беріп, «Заттар интернеті» дәуіріне роботтарды жасауды басты назарға алған. 200-ден астам компаниялар, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының қолдауымен Robot Revolution бастамасымен құрылған жапондық кеңестің мақсаты да айқын. Олар озық робототехниканы барлық жапондық өнеркәсіпте қолдану арқылы сату көлемін 2020 жылға дейін жылына 600 млрд. иеннен 2,4 трлн. иенге дейін өсіруді көздеп отыр. Әр алпауыт елдің цифрлы өндіріске қатысты ғылыми-зерттеу және инновациялық бағдарлары қалыптасқанымен, оны пайдалану мүмкіндіктері мен басымдықтары әрқалай екенін ескеру керек. Мәселен, АҚШ жаңа өнімдік дизайнға, «үлкен деректермен» қоса, білімді басқаруға басымдық танытса, Германия үшін «орнатылған жүйелер» мен болашақтың «ақылды» фабрикаларының маңыздылығы жоғары. Ал Жапония киберфизикалық жүйелер мен «Заттар интернеті» дәуіріне арналған озық робототехникаға ұлттық тұрғыда басымдық беруде. Аталған жаңа мүмкіндіктердің барлығы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен өнеркәсіптік технологияларға негізделген. Осы орайда айта кететін жайт, өндірісті цифрландыруда әр мемлекет ұлттық басымдық беретін, ежелден қалыптасқан өндірістік тұстарына сүйенеді. Бұл қалыптасқан құрылымдар мен институттар арқылы жүзеге асады.

Ұлыбритания:
берік инженерлік шешімдер
Ұлыбританияда Google сияқты алпауыт интернет фирмасының штаб-пәтері не Германиядағыдай машина жасаудағы Mittelstand жүйесі, болмаса Жапониядағыдай робототехникаға деген қызығушылық жоқ екені анық. Бірақ Ұлыбритания берік инженерлік шешімдер мен жобалау негізін даярлаудан алдына жан салмайды. Бұған қоса, олардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бірлестігі де қарқынды жұмыс істеуде. Ұлыбритания цифрлы өндіріс талаптарына жауап беретін өнеркәсіптік стратегия жасауда жүйелік саясат қабылдағанын жоққа шығармаймыз. Соңғы жылдары Ұлыбританияның өндірістік стратегиясы жаңа технологияларды меңгеру арқылы басты секторларды қолдауға бағытталған. Оның ұзақмерзімді жоспарға негізделгенін аңғару қиын емес. Сонымен қоса, Ұлыбританияның инновациялық және өндірістік жүйелер кешенін күшейтуде маңызды рөл атқаратын Advanced Manufacturing Supply Chain Initiative сияқты флагмандық бастамалар қарқынды дамып келе жатқанын айта кету керек.

Ақбота ИСЛӘМБЕК,
«Айқын».
10 сәуір 2018 ж. 1 452 0