№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » SMART CITY: әлемдегі үздік «ақылды қалалар»

SMART CITY: әлемдегі үздік «ақылды қалалар»


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «ақылды қалаларға» басымдық беріп, экономикалық дамудың локомотивіне айналдыруды ұсынды. Адамның тұрмыс сапасын жақсартатын болашақтың қалаларын енді құра бастасақ, әлемнің озық елдері ХХ ғасырдың аяғында-ақ «Smart City» жобасына маңыз беріп, ыңғайлы, қолайлы шаһарларды қалыптастырды. Осы ретте, әлемнің үздік «ақылды қалалары» несімен ерекшеленеді? Қандай технологияларды дамытуда? Халықаралық сарапшылар «интеллектуалды қалаларды» анықтағанда, 4G, Wi-Fi желісін таратудың және бейне бақылаудың бірыңғай инфрақұрылымын қалыптастыру және смартфон арқылы цифрландырудың үрдісін саралапты. Сондай-ақ, көлік қозғалысы мен ақылды автотұрақ, жасыл энергияны қолданысқа енгізу және азаматтардың қоғамдық-әлеуметтік өмірінің жайлылығы қаралады екен. Бір сөзбен айтқанда, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы қала қызметінің тиімділігін арттыруды жағы бағаланады. Осы ретте, «Smart City» индексі бойынша үздік қалаларды саралап, олардың басты артықшылықтарын зерттеген едік.

КОПЕНГАГЕН – ЕҢ «АҚЫЛДЫ ҚАЛА»
Дания биілігі «интеллектуалды қала» концепциясы аясында Копенгагенді ең жайлы, әрі қолайлы қалаға айналдырды. Қаланың әкімшілігі «Hitachi» компаниясымен бірлесе 2025 жылға дейін зиянды газдардан толық құтылуды бағдарлады. Яғни, экологияға зиянды зат шығармайтын қалаға айналуды көздейді. Бүгінде Данияның астанасында 4G-дің қолжетімділігі, Wi-Fi-ға еркін қол жеткізу пункттері, коммуналдық және т.б қызметтерді төлеуде смартфонды пайдалануға болады. Бұдан басқа, зияткерлік көліктік жүйесі қалыптасқан және ақылды автотұрақтар тұрғындар мен қала қонақтарына жайлылық беруде.

КӨЛІК КЕПТЕЛІСІ ЖОҚ ҚАЛА
Сингапур – «ақылды қала» бағдарламасын игіліне айналдыра білген мемлекет. Әсіресе, көлік кептелісін реттеудің бірден-бір амалын тапқан қала. Онда әр көлікке арнайы орнатылған қондырғыға «кәш-карта» (In-Vehicle Unit) салынады. Қала қақпасына (EPR) кірер алдында картадан автоматты түрде тарифпен есептелген жолақысы алынады. Сингапурлық «ақылды жол» жүйесі көлік қозғалысын реттеуде тиімділігін дәлелдеді. Сондай-ақ, цифрландыру аясында электронды сауда жүйесін дамытып, ашық және жариялы үкіметтің қызметін қалыптастыра алды.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ ДАМЫҒАН
Швеция жаңартылатын ресурстарды өңдеуде көшбасшы болып табылады және оның астанасы мүмкіндігінше ресурстарды үнемдеуде бай тәжірибесі қалыптасқан. Мәселен, Стокгольмде жылу жүйесіндегі тиімділікті арттыруда және қоғамдық көлік желісін жақсы дамытқан. Бастысы, қала тұрғандары оптикалық интернетпен жақсы қамтылған. Осының арқасында қоғамдық көлік қатынасын бірыңғай бір ақпараттық жүйеге біріктіріп, қала тұрғындарын үздіксіз қала қызметімен хабардар етіп отырады. Мәселен, қаланың әрбір аялдамасы электронды экранмен жабдықталған, онда барлық автобустардың қозғалысы көрсетіледі. Мыңдаған бейнекамералар жолды бақылап отырады, әрі оның кез-келгеніне ұялы телефон арқылы қосылуға болад­ы.

РОБОТТЫ ИГІЛІККЕ АЙНАЛДЫРҒАН
Токио – барлық саланы компьютерлендіруге басымдық берген қала. Жоғары жылдамдықты интернетпен қамтумен қатар көгалдандыруды да сәтті үйлестіруде. Мәселен, 2015 жылы Токионың бір ауданында барлық бағаналар жасыл ағаштарға ауыстырылды. Ең бастысы, робот технологияны әлеуметтік және өндірістік жұмыстарға тартып, экономикалық дамудың жолын тапты. Бұл қаладағы шаруашылық жұмыстар мен қызмет түрлерінің тиімділігін арттырып, инновацияларды дамытуға тартымды жағдай жасауда.

ӨЗІ ЖҮРЕТІН КӨЛІКТЕР ҚАЛЫПТАСҚАН
Сан-Францискода қоғамдық көлікті және тұрғын үй шаруашылығы жұмысын қадағалап, бақылайтын 60-тан астам компьютерлік бағдарлама енгізілген. Сондай-ақ бұл қалада автопилотты электромобилдер бағдарламасы қолданыста. Яғни, өзі жүретін көліктер (шоферсыз) қалыптасып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Бірнеше жылда қалада жанар-жағар маймен жүретін бірде-бір көлік болмайды деп жоспарлануда. Сондай-ақ, электрондық қызметтер жүйесін бірыңғай технологиялық тұғырнамаға қосуға негізделген техникалық шешімдер мен үдерістерді кешенді дамытуды жолға қойды.

P.S.: «Smart City» мақсаты – қаланың дамуын жеделдету, экологияға зиянын азайту және онда өмір сүру сапасын жақсарту. Осы басымдықтар қаржылық шығынды азайтып, шаһардың қосымша табысын арттыра түсуде. Әлем елдерінің «интеллектуалды қалаларды» дамытудағы мұраты осы. Қызылорда қаласы «ақылды басқару» жүйесі бойынша жұмысын жүйелемек. Бұл бағытта облыс басшысы Қытайға жұмыс сапарымен барып, «Huawei» компаниясымен «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыруды уағдаласты. Ендеше, Сыр өңірінің орталығы да өркениеттен өрелі орнын таппақ...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.

06 ақпан 2018 ж. 5 587 0