№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Байқауда биіктен көрінді

Байқауда биіктен көрінді


Өзі қалаған мамандығын меңгеріп, туған жер бесігінде тербеліп, кезінде өзі оқыған партада талай шәкірттерін баптап, талабын шыңдаған аяулы ұстаз Мереке Әбдімәжитқызы №162 мектептің мақтанышы. Оқушыларының жетістігімен қатар өз шығармашылығын дамытуды қолға алған ізденімпаз ұстаз облыстық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2020» байқауында үздіктер қатарынан көрінді.


Ұстаз болуды мақсат еткен ол Тараз Мемлекеттік Университеттің «Педагогика және бастауыш мектепте оқытудың әдістемесі» факультетін бітіріп, алғашқы еңбек жолын №52 Б.Аралбаев атындағы мектептен бастады. Одан әрі Шалқия ауылындағы №86 мектепте ауы­сып бастауыш сыныптың орыс тілі және әдебиетінен дәріс берді.
2006 жылдан бері №162 мектепте еңбек етеді. Бүгінде 3 сыныпқа жетекшілік етеді. Әрі «Бастау» атты бастауыш бір­лестік жетекшісі. Он жеті жылдық еңбек өтілі бар мұғалім:
– Менің осындай дәрежеге жетуі­ме ұжымның ықпалы зор. Мектеп­тегі ұстаз­дар біріне-бірі қамқор, әрқа­шан қолдау білдіріп, демеп жүреді. Ізденім­паздылық пен ізеттілікті қатар ұстап, келешектің білімді жастарын тәрбиелеп келеміз. Қиындықта да, қызықшылықта да бірге болып, педого­гикалық мінде­ті­мізді абыроймен атқа­рамыз, – деп әріптестерінің жанашыр­лық қасиетін мақ­тана айтты.
Әр сабағына тыңғылықты дайын­дықпен келетін мұғалім заманауи техно­логияны да жақсы меңгерген. Мұны онлайн сабақ берген уақытта жаңа форматта өткізген түрлі сабақтарынан аңғардық. Әр баланың зейінін ашып, қызығушылығын оята білген жанның шәкірт­теріне деген ыстық ықыласы да ерекше. Еңбек жолында талай талантты жастарды тәрбиелеген білікті ұстаз Ерасыл Ақбай есімді жас ақынның алғаш­қы қолдаушы, бағыт-бағдар беру­шісі де. Ақын-шәкірті республикалық жыр мүшайрасында оза шауып, ұстаз еңбегін ақтады.
Оқушыларының дені ғылымға бой түзеген. Ғылымға құштар Інжу Әлібек «Бидай дақылы» деген тақырыпта ғы­лыми жобада жүлдегер атанып, рес­пу­бликалық «Ғылымға қадам» атты жинаққа енді. «Білім-Ғылым-Инновация» интеграциялық орталығы ұйымдастырған «ХХI ғасыр жастарының ғылыми әлеуеті: білім бе­ру­дің жаңа сатысы» атты облыстық ғылыми жобалар байқауында үздік танылған шәкірті Исабек Ерасыл бірінші орынмен марапатталды. Тұңғыш Прези­дент күніне арналған аудандық бай­қауда шығармашылық ізденістері үшін Дөнесова Қаракөз үздік деп танылды. «Абай – дана, Абай – дара» атты байқауда Қабыланова Ақсезім Абайдың қара сөзін жатқа оқудан сайысқа түсті.
Облыстық «BILGEN BAIGE» матема­тикалық олимпиадасында бір топ шәкірт­тері – Сәбитқызы Айбала, Исабек Ерасыл, Айдарханова Сезім, Әлімұқан Сезім, Үсен Батырхан интеллектуалдық қырынан көрінді. 2020 жылы өткен Халықаралық Кенгуру математикалық зияткерлік кон­курсында Айдарханова Сезім және Пернебек Нұрислам 1- орынға ие болды.
Сарапшы-модератор санатындағы педагогтың жетістіктері де аз емес. Ол кәсі­би деңгейлі сынып жетекшілерді анықтау, тәрбие мамандарының кәсіби құзырлылығын көтеру мақсатында өткі­зілген аудандық «Ұстаз өзгерістер елшісі» байқауында жүлделі III орынды иеленді. Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олим­пиадасында II дәрежелі Дипломмен мара­патталды.
«Оқыту мен тәрбие үдерісінде ұлттық құндылықтарды тиімді ұштастыру жол­дары» тақырыбында аудандық се­ми­нарда үлгілі сабақ көрсеткені үшін саланың «Алғыс хатымен» марапатталды. «ҰЛЫ ДАЛА БАЛАСЫ» Республикалық білім сайысына оқушы дайындап қосқан бел­сенді әрі нәтижелі үлесі үшін «Құрмет» грамотасы табысталды. Облыстық «BILGEN BAIGE» математикалық олим­пиадасында оқушы қатыстырып белсенділік танытқаны үшін «Құрмет» грамотасына ие болды.
Шығармашылығына дем берген анасы Қанзада Оразбаева осы мектепте көп жылдан бері кітапханашы болған. Мереке Әбдімәжитқызы анасының жинаған газет тігіндісі мен ғылыми кітаптарын жиі қолданатынын, әрі оның уақыт үнемдеуде үлкен септігі барын айтты.
Мамандығын мақтан ететін мұғалімнің «Бастауыш сыныпта пәндерді оқыту әдіс­темесі» және «Бастауыш сынып оқу­шыларының танымдық қабілеттерін дамыту» атты авторлық әдістемелік құ­ра­лы жарық көрді. Облыстық «Хабар­шы» атты ғылыми-әдістемелік журналға «Сыни тұрғыдан үйрету-уақыт талабы» атты мақаласы жарық көрді.
Өзі де қос перзенттің ардақты анасы, мейірімді жүректі Мерекені ата-аналар да мақтан етеді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
06 қаңтар 2021 ж. 538 0