№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бану – «Жыл ұстазы»

Бану – «Жыл ұстазы»


Мектеп қабырғасында жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту – бұл заман талабы. Өйткені өркениет көшіне ілесу жолында болашақтың бағдары бүгінгі оқушылардың жан-жақты білімді болуынан көрінеді. Үш тілді меңгеріп қана қоймай, сол бағытта байқауларға қатысып, оқушылардың бәйге алуы ұстаз үшін үлкен жетістік. Біз мұндай биіктікті Жайылма ауылындағы №195 мектеп-гимназияның химия-биология пәнінің мұғалімі Бану Тұрсынбекқызының бойынан табуға болады. Ол 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл ұстазы» мәртебесіне ие болды. Оның аудан бойынша 2000-ға жуық педагог арасынан үздік шығуының сыры неде? Осы сауалға жауап іздеп көрдік.


28 жыл осы саланың жүгін көтеріп жүрген ұстаз бойынан байқалған артықшылығы – сөз мәнерінде. Медицина саласында сөз дертке дауа болатын ең бірінші құрал деген түсінік бар ғой, сол секілді педагог бойындағы осы қасиет – оның басты артықшылығы. Одан кейін барып білім берудегі озық үлгісіне ойыссақ, ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде жаратылыстану-тарих факультетінде биология пәні мамандығы бойынша алған білімімен шәкірт тәрбиелеуде. Әрі облыстық олимпиадалар мен қосымша білім беру орталығында болашақ түлектерді химия-биология пәні бойынша ҰБТ-ға дайындайды. Осындай ұлағатты ұстаздан білім алып, қанаттанған шәкірттер қазір елдің түкпір-түкпірінде түрлі салада еңбек етіп жүр.
– Алғаш рет 2013 жылы Актөбе қаласында республикалық ғылыми жобаға қатыстық. Шәкіртім Әсия Хамит жергілікті жер топырағының қышқылдылығын анықтау жайлы ғылыми жобаны сәтті қорғап, жоба үздік деп танылып, тұғырдың биігінен көрінді. 2018 жылы жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер курсын аяқтап, облыстық тілдік сайыста 3 орын алдым. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әзірлеген «Тәжірибелік рефлексия» тренерлік курсын аяқтап, мектеп мұғалімдерін курстан өткізіп те үлгердім. 13 ұстазға «Сертификат» табыстадым, – деп сөзін жүйеледі.
Бұдан бөлек білікті ұстаз білім беру мекемелеріндегі педагог-қызметкерлердің қатысуымен өткен «Білім берудің маңыздылығы» тақырыбындағы республикалық семинар конференцияда баяндама жасады. Жыл ұстазының «Жаңартылған білім бағдарламасы аясында химия пәнінің әдістемесі» тақырыбында «Өрлеу БАҰО» АҚ олыстық оқу әдістемелік құралы жарық көрді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Биология, география және химия» кафедрасының аға оқытушысы Н.Ерболатовпен бірлесе «Химия және қоршаған орта» атты авторлық бағдарлама дайындау үстінде.
Осындай еңбегі еленіп, қаншама рет марапат биігінен көрінді. Алдымен аудандық деңгейдегі жетістігіне тоқталсақ. 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, жарқын болашақ жолындағы еселі еңбегі үшін аудан әкімінің «Үздік ұстаз» номинациясымен марапатталды. Осының өзі мұғалімнің мерейін асырды. 2019-2020 оқу жылында облыс педагог қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясында жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
2019 жылы химия, биология, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдер арасындағы бейне сабақ көрінісі бойынша ұйымдастырылған республикалық сайыста бірінші орынды иеленіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «І дәрежелі» дипломын алады. Ал, оқушыларының бағындырған белесі де аз емес. Мәселен, 2019 жылы химия, биология, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқитын оқушылар арасында ұйымдастырылған республикалық сайыста Шұғыла Ғалиқызы үш кезең бойынша да ең жоғары нәтижені көрсетті. 300 оқушының ішінен оза шауып, министрліктің «Грамотасымен» марапатталды. 2017-2018 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобаның екенші кезеңінде 11 сынып оқушысы Яхия Жұлдызай екінші орын иеленді. Ұстаз талантты болса, шәкірт талапшыл болады деген осы болар.
– Бану Тұрсынбекқызының мектеп тарихында өзіндік өнегесі, салған сара жолы бар. Химия кабинетінде лобарант қызметін де атқарды. Бүгінде оқушылары республикалық дәрежеде жүлдегер атанып, сан салада еңбек етіп жүр. Біз осындай ұстаздармен мақ­танамыз, – деді мектеп директоры Жанат Жүсіпова.
Жолдасы Қожамқұл Әшірбаев егін шаруашылығымен айналысады. Бес ұл-қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Перзенттері ана жолын жалғап, ұстаздық саланы таңдапты. Үлкен ұлы Әбдіқақар Әбдімүтәліп «Достық» білім беру орталығында математика пәні мұғалімі. Қарағанды Мемлекеттік Университетін бітірген. Нұрдәулет болса Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік мемлекеттік Университетінің ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша соңғы курс студенті.
Ұлағатты ұстаз, аяулы жар, көпбалалы ана Бану Тұрсынбекқызының ауданның үздігі атануының сырын осылай түсіндік.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
06 қаңтар 2021 ж. 581 0