№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ОНЛАЙН БӘСЕКЕДЕ ОЗЫП ШЫҚТЫ

ОНЛАЙН БӘСЕКЕДЕ ОЗЫП ШЫҚТЫ


Мемлекеттік білім беру стандартына сай жүйелік-әдістемелік орталық құру талабы ауыл мектептеріне айрықша леп әкелді. Соның бір айғағы, жақында Жайылмадан ақжолтай жаңалық жетті. Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық білім бәйгесінде жаратылыстану бағыты бойынша жайылмалық Шұғыла Ғалиқызы озып шықты. Ол ағылшын тілінде өткен химия пәнінен 6 айға созылған «Еdustream» ұжымы ұйымдастырған онлайн бәсекесінде жеңімпаз атанды.


Басынан бастасақ, 2017 жылы 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптар жаңа оқу бағдарламасы бойынша білім алса, 2018-ші оқу жылынан бастап қосымша 3-ші, 6-шы және 8-ші сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша білім ала бастады. Осы бағытта «Еdustream» компаниясы мен Express Publishing баспасы бірігіп, ағылшын тілінде оқытылатын пәндер арасында «Алдын ала ойлау, алға қарау және тек қана алға қадам басу» тақырыбында оқушылар мен мұғалімдер арасында мұғалімдердің инновациялық педагогикалық тәжірибесін анықтау барысында пәндерді ағылшын тілінде оқытудың тиімді сабақтар банкін құру мақсатында конкурс ұйымдастырған болатын. Осы тұста, №195 мектеп-гимназияның озат оқушысы Шұғыла жаратылыстану бағытында оқытылатын химия пәнінен үздік атанды. Бану Дәнебекованың жетекшілігімен дайындалған 8 сынып оқушысы Шұғыла Ғалиқызы жарты жылға созылған ағылшын тіліндегі білім бәсекесінде 300-ден аса оқушыны басып озып, биіктен көрінді.
– Биылдан бастап Қазақстанда химия, биология, физика және информатика пәндері ағылшын тілінде оқытыла бастады. Ал, біздің мақсат – ағылшын тілін жаратылыстану бағытындағы пәндермен кіріктіріп оқыту арқылы оқушылардың білім алуға деген қызығушылықтарын арттырып, ағылшын тілінде сауатты түрде «Үштілділік» жобасы аясында білімін дамытуға бейімдеу.
– Нұр-Сұлтанда өткен конкурсқа Шұғыламен бұл жарысқа өте тыңғылықты түрде дайындалдық. Бізге қателік жіберуге жол жоқ еді. Өйткені 1000-нан аса мұғалім мен 300-ден аса оқушы арасынан алға суырылып шығу оңай емес. Қараша айынан бастау алған жарыс сәуір айына дейін жалғасып кіл мықтының арасынан кім мықтыны төрешілер анықтап, жеңіспен оралдық, – дейді ұстазы Бану Тұрсынбекқызы.
Бұл жөнінде Шұғыла білім бәсекесіндегі сырымен бөлісті: – Жарысқа қатысушылар конкурс шарты бойынша күрделі 3 кезеңнен тұратын сыннан өттік. Бірінші кезеңде МР4 форматта «Не себепті мен бұл сайысқа қатысқым келеді» тақырыбында ағылшын тілінде бейне ролик түсіріп қорғап шықтым. Екінші кезеңде ағылшын тіліндегі химия пәні бойынша 50 сұрақтан тұратын онлайн тест тапсырмасы берілді. Сұрақтардың 49-на дұрыс жауап беріп келесі кезеңге жолдама алдым. Ал, үшінші «Бала көзімен – ғылым» кезеңінде «Мен және менің ауылым» тақырыбында өз ауылымдағы өзекті проблема болған көмірқышқыл газының көптеп бөлінуі жайында, оны қайтсек азайта аламыз деген тақырыпта 5-7 минуттық видеоролик түсіріп ғылыми жобамды қорғап шықтым, – дейді жас жеңімпаз.
Үздік оқушы да, ұстазы да Еdustream (Эдустрим) компаниясының арнайы шақыртуымен Нұр-Сұлтан қаласына құттықтау рәсіміне қатысып қайтты. Жарыста жетекші мұғалімі Бану Тұрсынбекқызы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің I дәрежелі Дипломымен, шәкірті Шұғы­ла I дәрежелі Құрмет грамотасымен марапатталды. Бәсекенің басты ерекшелігі толығымен ағылшын тілінде өткені. «Ана тіліңмен өзіңді, ағылшын тілімен әлемді танисың» демекші, тіл білгеннен ұтылмайтынымызды, керісінше Қазақстан деген елді шет елге танытуда септігі тиетінін ұмытпасақ екен. Заманында Абай қара сөзбен-ақ әлем әдебиетін мойындатса, Әбу Насыр әл-Фараби атамыз жетпіс тілді жетік меңгерген. Осындай ұлы тұлғаларымыздан өскелең ұрпақ үлгі алса, қазақ жастары үш тілді жетік меңгерсе кез келгеннің Шұғыладай биіктен көрінбесіне кім кепіл?!
Айта кету керек, Шұғыла химия саласынан бөлек қазақ тілі және әдебиет пәнінен эссе жазудан I орын, ал республикалық пәндік жарыста II және III орын алған. Кейіннен жаратылыстану бағытындағы пәндер арасынан химия сабағы ерекше қызықтырып ден қойған. Оқушысының биіктен көрінгеніне мектеп ұжымымен қатар, директоры Жанат Жусипова білім саласында енгізіліп жатқан үш тілділік жүйесі өз жемісін беріп жатқанын тілге тиек етіп, ризашылығын білдірді.

Лаура БИБАСАРОВА .
13 сәуір 2019 ж. 877 0