Халық денсаулығы – басты назарда
Аптаның алғашқы күні – дүйсенбіде аудан әкімі Руслан Рүстемов аудандық ауруханаға барып, коронавирустың ықтимал екінші толқыны болған жағдайда атқарылатын істермен танысты.
Топ құрамында аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Шынар Айдарова бар.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Яхия Шорабаев:
– Қазір ауданда Covid-19-дан емдеу хаттамасына енген 5 түрлі дәрі-дәрмек 200 науқасқа 2 айға жететін қоры бар. Дәрігерлер мен мейірбикелердің тәжірибесі толығып, сапалы қызмет көрсетуге дайын, – деп мәлімдеді кездесуде.
– Вирустың екінші толқыны болған жағдайда қанша адамды қабылдауға мүмкіндіктеріңіз
бар? – деді аудан басшысы.
– Коронавирустың ықтимал екінші толқыны болған жағдайда 200 адамды қабылдай аламыз. Оның 30-ы жұқпалы аурулар бөлімшесінде құрылады. Ал күндізгі емдеу және реабилитация бөлімшесіне 50 орын және ескі аурухананың ғимаратында 120 орынды стационарлық орталықтар ретінде құрылуға мүмкіндік бар, – деді бас дәрігер.
– Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме?
– Коронавирусты жұқтырған науқасты емдеуге керекті препараттар мен антикоагулянт, кортикостероидтің қоры жеткілікті. Дәрілердің жарамдылық мерзімі 2023 жылға дейін. Тіпті пневмонияның жеңіл түрімен үй жағдайында емделетіндерге де дәрі-дәрмектің қоры жетеді.
– Коронавирус маска кию мен антисептиктерді пайдаланудың мәнін түсіндіріп берді. Қорғаныш құралдары жеткілікті ме?
– Қазір әр бөлімше қызметкерлерін маска мен антисептиктермен қамтамасыз етіп отырмыз.
– Аурухананың қысқа дайындығы қалай?
– Аурухана толығымен көгілдір отынға қосылды. Ғимарат ішінде бір қалыпты температура сақталуы науқастардың ем қабылдауында өте қажетті...
Мән-жайды білген аудан әкімі бастаған топ аудандық аурухананы аралап көрді. Санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтап отырған ауруханада «лас» аймақ, «таза» аймақ ретінде бөліп, науқастарға қызмет көрсетеді екен. Яғни алдымен қабылдау бөліміне түскен науқас лас аймақта анализі алынып, тексеріледі. Егер науқаста вирустың белгілері жоқ болса, онда таза аймаққа өткізіліп, ауру түріне байланысты тиісті бөлімшеге жатқызылады.
– Халық денсаулығы – басты назарда. Сондықтан денсаулық сақтау саласының ахуалын дүркін-дүркін тексеріп тұрамыз. Онсыз болмайды. Өздеріңіз білетіндей, көктем айында келген коронавирустың бірінші толқынының залалы халыққа ауыр тиді.
Бүгінде ауданда 21 мобильдік топ құрылған. Олар сақадай сай дайын. Аудандық аурухана, стационарда науқасты төсекпен толық қамтамасыз етудің алғышарты жасалған. Демеу-
шілер есебінен 2 дана ИВЛ аппараты, 54 дана оттегі концентраты, 10 дана пульсоксиметр, 1 дана МАК жылжымалы рентген құрылғысы және 1 жедел жәрдем көлігі табысталды, – деді Руслан Рүстемұлы.
Аудан басшысының бұған дейін фейсбукке жариялаған жазбасымен түйіндесек, біздің алдымызда үлкен сын тұр. Ол – әр адам маска қолдануды дағдыға айналдырып, той-жиынды шектеп, өзінің және жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарау керек-ақ...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ