№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Медицина саласының міндеттері талқыланды

Медицина саласының міндеттері талқыланды

Коронавирустың әлемге таралу ауқымы кеңейіп келеді. Соңғы бір тәулікте әлемде 64 мыңнан аса адам коронавирусты жұқтырып үлгерді. Жалпы жер-жаһанның 31 миллионнан аса тұрғыны вирусты жұқтырды. АҚШ-та жағдай күрделене түсті. Алпауыт елдің 7 миллионнан аса тұрғыны індетті жұқтырып, оның 204 мыңы өлді. Үндістан, Бразилия, Ресейде, Колумбия, Перу, Мексика, Испания сынды елдерде эпидемиологиялық ахуал әлі тұрақтанған жоқ. Бұл – қауіптің әлі сейілмегенін көрсетіп отыр. Оның үстіне, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күз айларында коронавирустың екінші толқыны болуы ықтимал екенін дәйектейді. Осының бәрі сақтық шараларына мән беру керектігін көрсетіп отыр. Осы жағдайларды ескерген Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов денсаулық сақтау саласының жұмысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы ау­дандық ауруханаға барды. Бас дәрігер Яхия Шорабаев: «Қазір жедел әрекет ету мақ­сатында 200 орын дайын тұр. Оның 100-і ауруханадан, 100-і ескі аурухана ғимаратында жасақталды. Сондай-ақ аудандық ауруханада 11 ИВЛ аппараты мен 55 оттегі концентранты және дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар» – деді.
Әкім қабылдау бөліміндегі цифр­лан­дырылған жүйемен танысып, науқастарды қабылдау үрдісі қа­лай жүретінін көрді. Одан кейін перзентханада болды. Әлсіз туған балаларды ұстайтын құрылғыны көріп, ана мен балаға жасалған жағ­дайларға қанықты.
Бас дәрігердің сөзінше, дәрігер­лердің біліктілігі және заманауи аппараттардың арқасында 900 грам­дық нәрестелерді де аман алып қалуға мүмкіндік бар...
Руслан Рүстемұлы терапия, жан­дан­дыру, нейрореабилитация, күн­дізгі емдеу бөлімінің мүмкіндіктерімен танысуды назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ ауру­хананың жылыту жүйесін көрді.
– 2017 жылы көгілдір отынға қо­сылды. Қыста аурухананы қалыпты тем­пературада ұстап, науқастарға жайлылық туды. Биылдан бастап аудандық емхананы газға қоса­мыз. Ал ауылдық округтердегі медициналық нысандар қатты отынмен жылытылады, – деді бас дәрігер Яхия Қадірбекұлы.
Одан кейін 250 орындық аудандық емханаға арнайы барып, дәрігерлермен жүздесті. Кездесу барысында аудан бас­шысы ауру­шаңдық деңгейі жайлы нақты мәліметтер келтіріп, облыстың орташа деңгейімен салыстыра са­бақ­тады. Яғни дәрігерлерге ауру түрлерінің алдын алу және оңалтуда белсенділік танытатын бағыттарын көрсетіп, қажетті бағыттарда дәрі­герлердің біліктілігін арттырып, са­палы қызмет көрсетуді жалғастыру керектігін айтты.
– Туа бітті аномалия, жүрек тал­масы, қан тамырлары аурулары, жатыр эро­зиясы, тері және тері асты және т.б ауру түрлерінің көрсеткіші бойынша облыстың орташа дең­гейінен жоғары тұрмыз. Оған ауыз судың, жергілікті табиғаттың өзін­дік әсері бар болар. Дегенмен дәрі­герлердің осы бағыттағы бі­лік­тілігін арттырып, алдын алу шараларын күшейту маңызды іс...
Өздеріңіз білетіндей, ко­ро­навирус дүниені бір та­рының қауызына сыйдырып жібергендей әсер қалдырды. Осынау қиын кезде дәрігерлер алдынғы шепке шығып, елдің амандығы үшін бар күш-жігерін салды. Жанкешті қызмет еткен медицина саласының мамандарына алғыс білдіремін...
Алайда індет барлық саланың кем-кетігін көрсетіп берді. Біз сондай қателіктерді қайталамауымыз тиіс. Сол үшін сіздердің араларыңызға келіп, медицина саласының бүгінгі жағдайын бағамдап, тиісті жұмыстарды бірлесе атқарудың жолын айқындау үшін келдім...
Көптеген ауру түрлері ауыз суға байланысты туындайтыны анық. Сондықтан сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету аса жауапты іс. Осы бағытта тыңдырымды тірлік атқарудамыз. Бұған дейін екі мердігер компанияның келіспеушілігінің салдарынан Жаңақорған кентіндегі үйлерге ауыз су кіргізу тоқтап қалған-ды. Жақында кеңейтілген техникалық кеңес өткізіп, оған тапсырыс берушілер мен мердігер компания өкілдері, техникалық қадағалаушылар мен авторлық бақылаушылардың басын қосып, ауыз суды үй-үйге кіргізудің және құрылыс нысандарын уақтылы әрі сапалы жүргізудің мән-жайын анықтадық. Жыл аяғына дейін мердігер компания 68 шақырымға құбыр жүргізіп, 2000 обонентке ауыз су кіргізеді. Бұл жобаның 35 процентін құрайды. Біз мердігер компания басшыларына қосымша мердігер тартып, жыл аяғына дейін толық аяқтауды талап етіп отырмыз. Сәтін салса іс қарқынды жүреді, – деді.
Кездесу соңында медицина ардагері Талғат Абылаев әкімнің істеріне береке тілеп, ба­та­сын берді. Түркістан облы­сымен шекараласатын, Сыр өңірінің оңтүстік-шығыс қақ­пасы саналатын Жаңақорған ауда­нында барыс-келістік қарым-қатынасы көп. Бұл – медицина саласының мамандарына бір сәтке де босаңсуға болмайтынын көрсетіп отыр. Кездесу барысында аудан басшысы сала мамандарына жауапты міндетте жауапкершілік жүгі ауыр болатынын айтты.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
22 қыркүйек 2020 ж. 707 0