«Жаңақорған жауһарларының» мән-мазмұны талқыланды
2019 жылы төл газетте «Рухани жаңғыру»: мәні мен мазмұны...» атты мақаланы жазған едім. Онда ұлттық кодқа бағытталуы тиіс бағдарламаны ас-тойлармен шатастырмау керектігін қозғадым. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ас беріліп, той өткізу сәнге айналды. Семинарлар мен дөңгелек үстелдер, концерттер мен кештер ұйымдастырылуда. Алайда барлығы бірдей жастарды рухтандырып, өз-өзін тануға, тарихи санасын оятуға ықпал етпейтіні анық» деген едім.
Осы ретте, аудан басшысы Руслан Рүстемов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәнді де мағыналы бастамаға қадам басты. Яғни 2021 жылы «Жаңақорған жауһарлары» руханият саңлақтарының антологиясы жарық көреді. Осыған байланысты жұмысшы топтың алғашқы отырысы өтті.
Оған сала басшылары, руханият саласының өкілдері келді.
Алдымен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов жұмысшы топ және ақылдастар алқасының мүшелерін таныстырды. Ақылдастар алқасына Зинабдин Шермағамбетов, Бақыт Сарыбала, Жолтай Әлмаш, Қалила Омаров, Дүйсенхан Сыздықов, Сауран Елеуов, Үмбет Әбибуллаев, Батырхан Жоланов, және Әзия Қыстаубаева сынды есімі танымал тұлғалар енді. Ал жұмысшы топ құрамында Ерділдә Сұлтанбеков, Мәжит Балқожаев, Әбілғазы Төлегенов, Болат Ибрагимов, Қаныбек Әбдуов, Өмірсерік Тақырбасов, Файзулла Сақиев, Құлахмет Нәлтаев, Набихан Шалапов, Әбілқайыр Сыздықов, Аягөз Айдосова, Зағипа Әбжалелова, Әсемгүл Тілеубергенова, Зулфия Шалабаева бар. Енді таңдап алынған азаматтар антологияның мазмұнды шығуына жауапты.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аякөз Айдосова «Жаңақорған жауһарларына» енетін тұлғаларға қойылатын критерийлер мен қамтылатын бөлімдерді ұсынды.
– Есімі облыс, республикаға кеңінен танымал ақын-жазушылар, драматург, публицистер, аудан тарихын, географиясын, мәдениетін және тұлғаларын дәріптеген қаламгерлер, Сыр сүлейлері тізіміне енген жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер енгізіледі. Сондай-ақ шығармалары теледидар, радиоларда насихатталып жүрген жергілікті композиторлар мен «Жаңақорған» тақырыбында ән жазған сазгерлер және республикалық, халықаралық деңгейдегі өнер байқауларының дипломанттары болған эстрадалық әншілер, елге белгілі айтыс ақындары және тарихи ескерткіштер мен тарихи орындар жинақтың мазмұнын арттырады.
Ал бөлімдерге келетін болсақ, бірінші дискісі «Руханият жаршысы» аталады. Оған көркем әдебиеттің проза, поэзия, драматургия, әдеби сын және т.б жанрда қалам тартқан танымал тұлғалар топтастырылады. Екінші дискі – «Тарих таңбалары». Онда ауданның тарихи орындары мен ескерткіштері туралы бейне роликтер қамтылады. Үшінші дискі – «Күй – ғұмыр», төртінші дискі – «Айтыстың ақтаңгерлері», бесінші дискі – «Жыр мұра», алтыншы дискі – «Ән әлемін әлдилеген Жаңақорған» деп аталады, – деді бөлім басшысы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен мазмұны неде? Меніңше, ұлттық намысты оятып, ұлттық кодпен табыстыруы тиіс. Яғни «Мәңгілік Елдің» тұтқасы, тұғыры екенімізді ұғынып, Ұлы Дала елінің абыройын асқақтатуымыз керек-ақ.
«Жаңақорған жауһарлары» руханият саңлақтарының антологиясы осындай идеяның жүгін көтереді. Бұл жөнінде жұмысшы топтың төрағасы Дархан Тұрсынбаев:
– Бұл – ауданның рухани-мәдени өмірінен хабар беріп, тұлғаларымызды дәріптеп, арғы-бергі тарихымызды түгелдейтін жинақ. Бұған ерекше мән беріп, мазмұндық деңгейін арттыруға күш салуымыз керек. Алдағы уақытта әр дискіге енетін тұлғаларды жан-жақты саралау міндеті тұр. Сондықтан ұсыныстарыңызды дайындап, аталған тұлғалардың критерийлерге сәйкестігін ескеріңіздер, – деді.
P.S.: Бұған дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданның тарихын танытатын «Туған жерге тағзым» деректі фильмінің тұсауы кесілген-ді. «Жаңақорған жауһарлары» сондай бастаманың жалғасы екені анық.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ