№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «100 ЖАҢА ЕСІМ»: биыл кімге бұйырады?

«100 ЖАҢА ЕСІМ»: биыл кімге бұйырады?


Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани-мәдени кемелденуіне үлес қосқан тұлғаларды насихаттайтын «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі басталды. Бұл жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов айтты.
– «100 жаңа есім» жобасы Қазақстанда ерекше талантты және тұлғалық сипатқа ие адамдарды іздеп, жобаға белсене қатысуға шақырады. Аталған жоба кәсіби салада жетістікке жеткен, өз дара жолы өзгеге үлгі болатын адамдарға арналған. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асатын бағдарлама – қоғамдық сананы жаңғыртатын маңызды жоба, – дейді сала басшысы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен бүгінгі замандастардың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», делінген.
Осы орайда, ауданда жыл басында аудан әкімі Ғалым Әміреевтің өкімімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының төртінші кіші бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру үшін аудандық жұмыс тобы, сарапшылар тобы, жобалық кеңес және «100 жаңа есім» жобасы аясында Тәуелсіздік жылдары әр салада табысқа жеткен, өз саласының кәсіби мамандарын айқындау жөніндегі жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамына депутаттар, саяси партия мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, ардагерлер, журналистер енгізілді.
– Өткен жылы «100 жаңа есімге» лайықты деп танылған азаматтардың базасы жасақталды. Нәтижесінде, 50-ге жуық азамат ауданның «100 жаңа есім» жобасына лайықты танылып, оның 20-дан астамы облысқа ұсынылды. Ал, республикаға білікті дәрігер Нұриддин Әмитов өтті, – деді Әбілғазы Берденұлы.
Иә, Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бағдарлама аясында елдің өркендеуіне үлес қосып, туған жердің топырағын түлету үшін еңбек еткен аудан азаматтары көпшілікке танылып, олардың еңбектері ұлықталды. Мәселен, мәдениет саласынан ақын Әбілқайыр Сыздықов, ауыл шаруашылығы саласынан Құлмахамбет Исаханов, білім саласынан Меруерт Мелденова, Сәуле Орынханова, спорт саласынан Исатай Искаков, Мереке Құдайбергенова, денсаулық саласынан Темір Әшірапұлы, Татьяна Акулова, кәсіпкерлік саласынан Өркен Құрбанов және т.б ұсынылып, олардың еңбек жолдары аудандық және облыстық басылымдарда жарық көрді.
«Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», деді Президент мақаласында.
Яғни, сөзбен емес, іспен дәлелдеп, өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтарды тарих бетіне шығарып, олардың іс-әрекеттерін өзгелерге үлгі етіп, қазақстандықтарды жақсылық жасауға үгіттейтін өте маңызды идеологиялық құрал. Демек, бұл жоба жеке бір адамдарды насихаттау немесе олардың абыройын асқақтату мақсатында жүзеге асып жатқан жоқ. Мұның артында үлкен идеологиялық астар бар.
Енді екінші рет ұйымдастырылып отырған жобаның биылғы ерекшелігіне тоқталсақ, үміткер өзін ұсынуға және үміткерді ұйым атынан ұсынуға болады. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне басымдық беріледі. Сол сияқты өткен жылғы іріктеу кезеңінен өтпей қалған үміткерлер биыл тағы да өтінім беруге құқылы.
2018 жылдың қазан айының ортасына өтінім 100esim.el.kz сайтында қабылданады. Одан әрі қараша айы бойы онлайн дауыс беруге жалғасады.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
25 қыркүйек 2018 ж. 1 536 0