Бұқаралық спортты дамыту басты назарда
Ұлттың сөздік қорында "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" деген сөз тіркесі бар. Бұл – саңлақ спортшылардың болмыс-бітімі мен қабілет-қасиетін ашатын оймақтай ой. Расында, спортшы жүйрік болмаса қалай дараланады? Жаңақорған топырағында осындай дара спортшылар мен талапты бапкерлерді көптеп санауға болады. Осы жөнінде ой өрбітсем деймін...
Халықтың бұқаралық спортпен айналысуы дені сау ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді. Ал сау денелі, сапалы ұрпақ қана Мәңгілік ел мұратын орындай алады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылданатын қазақстандықтардың санын 30 процентке жеткізуді талап етті. Жаңақорған ауданында осы бағытта тындырымды тірліктер бар. Оның дәлелі, ауданның көптеген спорт түрлерімен даңқы шықты. Соның ішінде еркін күрестің бәсі биік. Олай болмаса 2008 жылы өткен Пекин Олимпиадасына Жасұлан Мұхтарбекұлы, 2012 жылы байрағы көтерілген Лондон Олимпиадасына Дәулет Ниязбеков, 2016 жылы төрткүл дүниенің саңлақ спортшыларының бабы мен бағын сынаған Рио-де-Жанейро Олимпиадасына Ғалымжан Өсербаев қатысар ма еді?! Әрине, ауданда еркін күрестің даму жолы болғандықтан балуандар елдің намысын төртжылдықтың басты бәсекесінде қорғады. Біздің жігіттер Олимп шыңына шыға алмағанымен Әлем, Азия чемпионаттарында сәтті өнер көрсетіп, елдің байрағын биік көтеріп, аудандағы күрес залдарына жүздеген жасөспірімдердің келуіне септігін тигізіп жүр. Ауыл жастарының биіктен көрінуінде Әбутәліп Амановтың еңбек жолы таңқалдырмай қоймайды. Ол аудан және облыс орталығында жүріп-ақ "Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы" атанған санаулы бапкердің бірі.
Әбдісаттар Садықов жаттықтыратын белбеу және дзюдо күресі балуандарының атақ-даңқына қанықпыз. Әсіресе, Мереке Құдайбергенова, Арайлым Қанзада, Меруерт Әбубәкір Диана Ғайбулла мен Алиса Нұртас және т.б балуан қыздардың есімі көпке белгілі. Сонымен қатар, Параолимпиадада дзюдодан чемпион атанған тұңғыш қазақ баласы Олжас Оразбайұлы біздің мақтанышымыз.
Жаңақорған ауданында бокс өнері тарихын тереңнен алатынын жақсы білемін. ХХ ғасырдың 80 жылдары Құрбаш Сарқұлов ағамыздың жетекшілігімен қалыптасқан бокстың бүгінгі жарқын жұлдыздары Олжас Мүтән, Азамат Бектас, Қуандық Жүсіп республикалық, халықаралық айтулы аламандарда лайықты өнер көрсетіп, жеңісті жолын жалғастырып келеді. Халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі Дінмұхаммед Абайханның да жетістіктерінен хабарым бар.
Жаңақорғандық футболшылардың бірнеше буыны қалыптасуында Тұрсынхан Мұсаев ағамыздың еңбегі сіңгенінен хабардармын. Бүгінде Тұрсекеңнің шекпенінен шыққан Ерболат Рүстемов, Нұрхан Байзақов, Абай Жамалдин елдегі кәсіби футбол клубтарында өнер көрсететіні қуантады. Тұрсекеңнің төл шәкірті Ерлан Аптаевтің да ойын өрнегі көптің көңілінен шығатынын естіп, біліп жүрмін.
Ардагерлер арасында Еуропа және Әлем чемпионы атанған Серік Ибрагимов ағамыздың жетістігімен мақтануға болады. Бүгінде даңқты спортшының ізін басқан гір тасын көтеру және қол күрестен жастар буыны қалыптасты. Шыңғыс Азнабаевтың қол астында жаттығатын білекті жігіттердің әлеуеті жоғары.
Ұлттық ат спорты түрлері бойынша жаңақорғандық шабандоздар облыс құрамасын құрайтынын мақтанышпен айтуға болады. Оның ішінде, Ислам Борамбаев баптайтын көкпар, аударыспақ, жамбы атудан біздің жігіттердің өресі биік...
Жаңақорған ауданында гандбол, баскетбол, волейбол, ауыр атлетика және т.б спорт түрлерінің қалыптасу кезеңі, даму межесі бар.
Облыстық деңгейде өтетін Спартакиада мен Алтын күз спорттық мерекесінде Жаңақорған ауданының құрама командасы үздіктердің қатарынан тұғырлы орны бар. Содан болар Жаңақорған ауданының спорт және денешынықтыру бөлімі республика бойынша 2015 жылы, Сыр өңірінде 2016, 2017, 2018, 2019 жылдың қорытындасымен "Үздік спорт бөлімі" атанды.
Жаңақорған ауданында бұқаралық спорт түрлері қарқынды дамып, алдағы жылдары бұқаралық спортпен айналысушылардың саны Тұңғыш Президент белгілеген 30 процентік межеден де артып, чемпиондардың жаңа буыны шығатынына сенемін. Бұған бізде толық мүмкіндік бар. Неге десеңіздер, Сыр өңірі бойынша Жаңақорған ауданы спорттық кешендерді пайдалануға беру жөнінен көш бастайды. Мәселен, 2019 жылдың басында Сүттіқұдықта спорт кешені ашылып, онда еркін күрес, әйелдер күресі, тоғызқұмалақ, бокс, гандболдан жасөсіпірімдер спорттық шеберлігін шыңдауды бастаса, Жаңақорған кентіндегі "Айсұлу" мейрамханасы спорт кешеніне бейімделіп қайта жасақталып, онда дзю-до, қазақ күресі, ауыр атлетика, шахмат, таэквон-до бойынша жасөсіпірімдерге тәлім беруде.
2019 жылдың аяғында пайдалануға берілген Қожакент пен Сунақата ауылдық округіндегі қос спорттық нысанда балалар спорттың 5 түріне қатысуда. Мәселен, Қожакенттегі спорт кешенінде 350 жасөспірім спорттың 5 түрі – ауыр атлетика, қазақ күресі, самбо, бокс, волейбол, Сунақата ауылында 800 бала спорттың 4 түрі – самбо, қазақ күресі, таэквондо, волейболмен шұғылдануда.
Одан бөлек, Жаңақорған кенті (Хорасан ата көшесінің бойындағы), Төменарық, Ақүйік, Қандөз, Жаңарық, Қыркеңсе ауылдық округіндегі спорт кешені қосылуға әзір, ал Қожамберді ауылдық округіндегі спорттық нысанның құрылысы жүргізілуде. Аққорған ауылдық округіндегі №8 спорт мектебінің ғимараты заманауи талаптарға толық жауап береді. Биыл бірнеше рет Орталық станионға арнайы барып, құрылыс жұмыстарын бақыладым. Алдағы жылдары онда футбол және жеңіл атлетиканың түрлері бойынша спортшылардың шеберлігін арттыруға мүмкіндік туады. Сонымен қатар Орталық стадион мен Хорасан ата көшесіндегі спорт кешенінде облыстық, республикалық деңгейдегі турнирлерді қабылдауға болады.
Біздің ауданда дәстүрлі қалыптасқан турнирлер де бар. Мәселен, Еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған халықаралық турнирдің бәсі биік. Еркін күрестен Серік Әбдрахманов атындағы және қазақ күресінен Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмет Шынтайұлын еске алуға арналған турнир тұрақты өткізіліп келеді.
Мұның бәрі елді мекендерде бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізіп, "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" саңлақ спортшылардың шығуына септігін тигізетіні анық. Алдағы уақытта қаржыландыру көздері шешілген жағдайда гандбол спорты Келінтөбеде, баскетболмен мақтана алатын Бесарық ауылдық округінде спорт кешенін салуды ойластырамыз. Бұл жөнінде қос елді мекенге барғанымда тұрғындар өтініш айтқаны есімде.
Жалпы тоқсаныншы жылдарды зерделеп қарасам, ауданда үш спорт мектебі болғанын көруге болады. Ол – Жаңақорған кентіндегі спорт мектебі және Төменарық, Ақүйік ауылдық округіндегі спорт мектептері. Қиын кезде ауылдық жердегі екі спорт мектебі оңтайландырылды. Қазір осыны қайта жаңғыртуға әбден болатын сыңайлы.
Мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Сейілбек Шаухаманов ағамыз айтқандай, Жаңақорған ауданының қыр беткейі және Сыр беткейі бар. Оған Төменарық аумағындағы алты ауылдық округті қосыңыз. Сонда бізге Сырды жағалай қоныс еткен аумақта бір спорт мектебі керек. Ол – Түгіскендегі №8 спорт мектебі. Сондай-ақ, тау беткендегі Қыраш, Қосүйеңкі, Манап, Талап, Бесарық елді мекенін біріктіретін Ақүйікте бір спорт мектеп және Жайылма, Сүттіқұдық, Қожамберді, Сунақата, Екпінді ауылдық округтерін біріктіретін Төменарықта бір спорт мектебін ашу орынды секілді. Сонда аудан бойнша барлық елді мекен бұқаралық спортпен қамтылар еді. Бұл жөнінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен ақылдасып, тиімділігін талқылайтын боламыз.
Осындайда классик жазушы Ғабеңнің (Ғабит Мүсірепов) "Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойыңа жәрдем ететін нәрсе" дегені ойға келеді. Орыс педагогы Антон Макаренконың "Біздің жастарымыз төзімді, батыл болып өсуі керек, олар тек барлық футбол матчтарына баруға ынталанып және барлық рекордсмендердің аттарын біліп қана қоймай, сонымен қатар іс жүзінде дене шынықтырумен, спортпен шұғылдануы керек" дегені өте орынды сөз. Яғни жасөспірімдер спортпен шұғылдануы тиіс. Ал Анатолий Луначарский айтқандай, спорт – оптимистік мәдениетті, сергектік мәдениетін қалыптастыратын құрал. Елдік жолында бұқаралық спортты дамытуды басты назардан түсірмеуіміз керек.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі