№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Аудан спортының ахуалы қандай?

Аудан спортының ахуалы қандай?


Сыр өңірінде спорттың серпінді дамуында Жаңақорған ауданының орны айрықша. Жаңақорғандық спортшылар байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғап, аудан атын әлемге танытуда. Әсіресе, күрес түрлері мен ұлттық ат спорты бойынша бәсіміз биік. Футбол, волейбол, баскетболдан да жетістігіміз көп. Әрине, мұндай жемісті жетістіктердің артында ауданның спорт саласы мамандары мен бапкерлері қауымының ерелі еңбегі бар.


Осы тұста тамыз айының үшінші жексенбісі – спорт күні қарсаңында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмут Рахымжановпен тілдесіп, жеті айда бағындырған белесті бағамдадық. Әуелі бұқаралық спорттың бүгінгі ахуалын сұрадық.
– Бүгінде ауданда 64 дене шынықтыру ұжымы жұмыс жасайды. Оларда спорттың 26 түрімен, 24 150 адам тұрақты түрде шұғылданады. Бұл аудан халқының 28,6 пайызын құрайды. Тұрғындарға қызмет көрсететін спорт ғимараттар саны – 336. Оның ішінде – 1 стадион, 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 ипподром, 61 спорт зал, 18 тир ату бөлмесі, 25 ыңғайластырылған спортпен шұғылданатын қосымша бөлмелер және 212 жазықтықтағы спорт құрылғысында жаңақорғандықтар спортпен шұғылданады, – деді сала басшысы Махмут Рахымжанов.
Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – спорттық жарыстарды көптеп өткізу болса 2019 жылдың 7 айында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында 238 спорттық іс-шара өткізілген. Оның ішінде; 147 ауыл-аймақ, 83 аудандық, 8 облыстық, 2 Республикалық деңгейде. Бұл жарыстарға 30 108 тұрғын тартылған.
Сондай-ақ сала басшысы жыл басынан бері 58 спортшы облыс құрама сапында өнер көрсетсе, 9 спортшы ұлттық құрама сапында Қазақстан намысын қорғап жүргенін тілге тиек етті. Олардың қатарында: еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы Дәулет Ниязбеков, әскерилер арасындағы әлем чемпионы Ғалымжан Өсербаев, қазақ күресінен Абдрашит Рахменберді, қол күрестен Шерхан Мақсұт, Реметов Абусейіт, самбодан Мереке Құдайбергенова және қол добынан Сейітқасым Жанерке сынды саңлақ спортшыларды атауға болады.
Оған қоса, жыл басынан бері байрақты бәсекелерге қатысып, аудан абыройын асқақтатқан спортшылар қатары артқанын жеткізді.
– Жаңақорғандық спортшылардың белсенділігі жоғары. Қандай жарысқа барса да құр қол қайтпайды. Сүйінші жаңалықты айта кетсем, биыл қыркүйек айының 14-22 күні Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен Әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Дүбірлі додада жаңақорғандық қос балуан Дәулет Ниязбеков пен Ғалымжан Өсербаев ел намысын қорғайтын болады.

Жалпы 2019 жылдың жарты жылдығында Азия чемпионатынан 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдені иелендік. Ал Қазақстан Республикаснының чемпионатынан 10 алтын, 50 күміс, 28 қола жүлде еншімізде. Оның қатарында 34 спортшы 1-ші разрядты спорт шебері, 56 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шеберлігінен үміткер атағын, 6 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алды, – деді Махмут Рахымжанов бізбен әңгімесінде.

Соныман қатар сала басшысы спорт саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ауыл-аймақта 10 спорт кешені бой көтеріп жатқанын жеткізді. Оның 4-еуі қыркүйек айында пайдалануға берілетіні белгілі болды.
– Қазіргі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде ауылдық округтерде спорт кешендері көптеп бой көтеруде. Бұған дейін Жаңақорған кенті мен Сүттіқұдық ауылында пайдалануға берілсе, енді міне 10 спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Сәтін салса, биыл жергілікті кәсіпкер «Саяжай» мөлтек ауданынан жүзу байссейінін салуды жоспарлап отыр. Түптеп келгенде, мұның барлығы бұқаралық спорттың дамуына даңғыл жол ашады, – дейді сала басшысы.
Бөлім басшысымен тілдесу барысында аудандағы жасанды футбол алаңқайларының жай-күйін сұрадық. Өйткені тозығы жеткен жасанды алаңдардың басым бөлігі жарамсыз күй кешкен.
– Бүгінгі таңда елді мекендерді қоса есептегенде 46 жасанды жамылғысы бар алаң тіркелген. Оның 41-нің жай-күйі шынында алаңдатарлық. Осы мақсатта 2019 жылдың наурыз айында Қызылорда облысының экс-әкімі Қ.Көшербаевтың бекіткен «Қызылорда облысында халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және спорттық инфрақұрылымды дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы» аясында 21 спорт алаңын жөнделді. Аудандық бюджеттен тозығы жеткен спорт алаңдарын қалпына келтіруге елді мекендер бойынша 21 спорт алаңына 40 млн. теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмысы жүргізілді. Енді қалған спорт алаңқайларын кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізуге жұмыс жасаймыз, – деді Махмут Рахымжанов.
Иә, жеті айда бағындырған белес бір төбе. Алар асу әлі алда. Бұл бағытта жаңақорғандық спортшылардың мерейі қашанда үстем.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
---
17 тамыз 2019 ж. 1 224 0