Қорғаныш құралдардың бағасы құбылып тұр
Көктем айларында коронавирустың алғашқы толқыны келген кезде маска, антисептикалық құралдардың нарықтағы бағасы мың құбылғаны әлі есімізде. Тіпті 20-30 теңгелік бетперделер 200-300 теңгеден бағаланғаны белгілі. Ал қазір масканың нарықтағы бағасы біршама тұрақтанды, бірақ әр жерде әркелкі бағада сатылып жатқанын білдік.
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, елдегі емханалардың қоймасында 18 миллион жұп медициналық қолғап бар болса, күніне 300 мың жұп қолғап шығарылуда. Алдағы уақытта күніне 900 мың маска, 540 мың қолғап шығаруға толық мүмкіндік бар. Министрліктің талабы бойынша масканың бағасы – 45 теңгеден, қолғап – 120 теңгеден аспауы тиіс. Алайда нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тебе-теңдігіне қарай бағаның белгіленетіні белгілі.
Қызылорда қаласындағы «Далатекс» ЖШС-де бір реттік маска 11 теңгеден, респираторлық маска 900 теңгеден, медициналық қолғап 40 теңгеден нарыққа шығуда. Қазір осы серіктестіктің өнімдері облыс бойынша сұранысқа ие. Одан бөлек интернеттің игілігін тиімді пайдаланып отырғандар да бар. Соның бірі орталық базарда маска сатушы Жадыра Меңлібай: «Қытайдан онлайн тапсырыспен масканы 2 теңгеден алдырамын. Оны 100 теңгеге сатып отырмын. Қазіргі таңда өте өтімді, әрі пайдасы мол биз-
нестің түрі», – деді.
Ашығын айтқанда, дәріханалар мен сауда орындарында маска, антисептик және қолғаптың бағасы әртүрлі бағаланады. Мәселен, «Arzan pharm» дәріханасында масканы 30 теңгеге алуға болады, ал аурухана алдындағы дәріханада 50 теңге, емхана алдындағы дәріханада 60 теңгеден сатылуда. «Нұр-Әділ» сауда үйінде маска – 150 теңге, «Берекеде» –
50 теңге, «Заңғарда» – 40 теңгеден бағалануда. Бұған құзырлы органдар жергілікті тұрғындардан арыз-талап түспегендіктен арнайы тексеріс жасалмағанын білдік.
Кент тұрғыны Нұрлыбек Асанов: –
Масканың бағасы сауда үйлері мен дәріханаларда әртүрлі. Мұны біріздіндіруге болмай ма? – деді. Нұржан Байжігіт болса, интернет арқылы масканы 20 теңгеден алдырып, қаржысын үнемдеп жүргенін алға тартты. Маска тігіп, оны instagram арқылы сатуға шығаратын Ақниет Көпболсын: «Менің маскаларымды медицина мамандары сұрап жатады. Неге десеңіз, респираторлық маска ішінен таққанда, буланбауға көмек береді. Бағасы – 80 теңге», – деді.
Елімізге белгілі химик-технолог Маржан Қуанышқызының қорғаныс құралдары жайлы пікірі ойлантпай қоймайды. Ол шетелден келетін қорғаныш заттарының сапасы туралы ақпараттың
болмауына алаңдап отыр.
– Егер шетелдік тауардың мемлекеттік АКТ-сі көрсетілмесе, пайдаланбау-
ға кеңес береді. Қорғаныш құралдары мемлекеттік тіркеуден өткен нөмерінде KZ таңбасы болуы маңызды. Оған қоса жарамдылық уақыты айқын көрсетілуі тиіс. Осы талаптар болмаса оны алудың қажеті жоқ, – деді химия ғылымының докторы.
Мақпал МАРҚАБАЙ