Еріктілердің ерікті ісі
Жаһанды жайпаған індеттің кесірінен көлік пен адам жиі жиналатын орындарды былай қойғанда көшенің өзінде медициналық маскамен жүргендер саны көбейіп келеді. Енді сол жұп-жұқа масканың адам қолы жетпейтін, тапшы бұйымға айналатынын кім білген. Бірнеше ай бұрын 15-20 теңгеге өтпей аурухана сөрелерінде жатқан бетперденің осы күнгі бағасы 160-200 теңгеден кем емес. Онда да тапсаңыз. Осыны ескерген Еркінбек Айнақожаев басқаратын "Жаңарған Жаңақорған Жастары" қоғамдық қорының ерікті азаматтары мен "Qamqor" әлеуметтік дүкенінің ұйымдастыруымен тұрғындар көп шоғырлатанатын қоғамдық ортада маска тегін тарқатылды.
Онсызда дүрлігіп жатқан жұрт әлеуметтік желілерде жаңбырдан соң саңырауқұлақша қаптаған нешетүрлі жаңалықтар мен видеоларды күнде көруде. Коронавирустың қоздырғышы тұмауға ұқсас болып келгендіктен оның жалғыз ғана жолы арнайы бетперде. Әлемдегі талай алпауыт компанияға ойсырата соққы берген бұл індет қалай айтсақ та осал болмай тұр. Иммунитеттің төмендігін пайдаланып, ағзаға алшаңдап басып кіргенінің өзі үлкен қауіп. Осындай қауіптің алдын алуда жақсы іске бастамашы болған еріктілерден құралған азаматтар мен азаматшалар маска тапшылығын болдырмауда үлкен істің басынан табылған жайы бар.
Нақтырақ айтқанда, үнемі жақсылықтың жаршысы болып, қайырымдылық жасаудың үлгісін көрсетіп жүретін «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры, «Qamqor» әлеуметтік дүкені мен аудандық «Нұрлы шуақ» қыздардан құрылған ұйымның ұйытқы болуымен маска тігу ісі қарқынды түрде жүргізілді. Қоғамдық қор құрамындағы кәсіпкер жігіттердің қолдауымен маска шығаруға арналған шикізат қоры мейлінше көбірек алынып, 300-ге жуық 8 қабат дәкеден тігілген медициналық маска «Нұр» базарының тұтынушылары мен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасы мүшелеріне тегін таратылды.
– Сұраныс артты. Біз жұмысты одан ары жалғастыруға ниеттіміз. Маска тігуге көмектесеміз деген еріктілер болса мархаббат, бізге қосылуға болады. Тұрғындардан сұрарым, сабырлы болайық. Әрбір қиындықтың артында жеңіс пен жетістік тұрады, – деді “Жаңарған Жаңақорған жастары“ қоғамдық қорының директоры Еркінбек Айнақожаев.
Лаура БИБАСАРОВА