№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жылы сөз – жанға қуат

Жылы сөз – жанға қуат

«Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – хандауыр, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз». Ибн-Синаның осы сөзінің жаны бар. Науқас ең алдымен жылы сөзге дәру болады. Егер дәрігер ерекше көңіл бөлсе, науқасқа ем тез қонады. Дәрігер Мақсат Рашидиновтан науқастар осындай ілтипатты сезінеді. Сондықтан дәрігермен тілдесуге асықтық.

Ол алдымен осы салаға қалай келгендігі жайында әңгімелеп берді.
– Мектепте әдебиетке құмар болдым. Аздап қалам тербейтінім де бар-тын. Сосын журналистикаға баруды армандадым. Дегенмен жанашыр жақындарым медицина саласына жол сілтеді. Бүгінде осы саланы таңдағанымды мақтан етемін. Оқуда білімімді шыңдауға, жан-жақты дамуға барынша күш салдым. Оқу бітіріп келген соң Сәкен Үсейінов басқаратын тері аурулары ауруханасына жұмысқа қабылдандым. Тәңірберген Әмитов, Әбіләзім Бердиев сияқты білікті дәрігерлермен тәжірибе алмасып, көп нәрсе үйрендім. Мен үшін науқасқа дұрыс диагноз қойып, дұрыс бағыт-бағдар беріп, одан жазылып жатса, содан асқан қуаныш жоқ, – деді білікті дәрігер.
Мақсат Қыраш ауылының тумасы. Бейбітшілік пен Ұлтуғаннан тараған 6 ұл-қыздың орташасы. Тай-құлындай тебісіп қатар өскен балалар мектепте тәртіпті, үлгілі болып өсті. Әкенің дұрыс бағдары мен анасының мейірім- шапағатын көріп өскен ұл-қыздар бүгінде аудан, облыстық деңгейде өз саласының білікті мамандары ретінде көпке сыйлы. Мақсат Бейбітшілікұлы Мөлдір Оразбайқызымен бір шаңырақ астында 3 ұл-қыз тәрбиелеп отырған жарасымды шаңырақ. Жары Мөлдір кенттегі №125 С.Сапарбеков атындағы орта мектептің химия-био­логия пәнінің мұғалімі.
– Ата-анамыз бізге жақсы тәр­бие берді. Өзіміз оқымасақ та, балаларымыз оқысын, көрсін, білсін деген ұстанымнан аспады. Сондықтан ата-ананың тілегін орындауға күш-жігерімізді салдық. Осы жолда Қуат ағамыздың да бауырлық қомқорлығын көп көрдік. Тәртіпті, еңбекқор болуға баулыды. Біз де інілік ізетімізден жаңылмадық, – деді ол.
Дәрігердің айтуынша, эколо­гиялық жағдайға байланысты тері ауруларынан 57 науқас есепте тұрады. Мұның 8-і балалар. Аурудың көбі тұқым қуалау арқылы берілген. Осы ретте балалар арасында сары ауру, дерматит, іріңді жара, сондай-ақ псориаздың көп кездесетінін алға тартты. Ауруды болдырмаудың басты талабы – тазалық ережелерін қатаң сақтау екенін айтты.
Алақанына шипа дарыған дәрі­герге тұрғындардың көзқарасы оң, пікірі жақсы. Соның бірі – Мөлдір Жиенбаева:
– Мақсат дәрігерге алғысым шек­сіз. Аяғым ауыр кезде денеме аллергиялық жаралар шықты. Ем алу мақсатымен Шиелі ауданындағы білікті деген дәрігерге де қаралдым. Еш нәтиже болмады. Сосын Мақсат Рашидиновқа қаралдым. Екі рет ем бергеннен кейін құлан таза айықтым. Еңбегінің жемісін көрсін, – деп ыстық лебізін білдірді.
Осы турасындағы ойды Нұржамал Камалдин де білдірді: – «Алты ай алысқан ауруымнан алты күнде айықтырды. Карантин уақытында ауырғандықтан нақты емін білмей Апанқаққа, сосын ауыл емшісіне қаралдым. Жарам үлкейе берді. Сосын Түркістанда білікті дәрігер бар деген соң, сонда қаралдым. Ол 40 күнге ем тағайындады. Оны уақытында қабылдап жүрдім. Бірақ, нәтиже болмады. Сосын Мақсат дәрігерге келіп, облысқа жолдама беруін сұрадым. Ол кісі «Бұл ауру соншалықты қорқатындай қауіпті емес, бес күнге ем жазамын. Жазыласыз» деді. Айтса айтқандай, алтыншы күні жарамнан құлан таза айықтым».
Қашанда жылы лебізімен сырқаттың емін тауып, жүрекке жол тауып, өңіне шырай беретін дәрігер жайлы бұл бір ғана үзік сыр.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА

25 қараша 2020 ж. 882 0