№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мал шаруашылығы саласының майталманы

Мал шаруашылығы саласының майталманы


Қараман Көшербаев бақытын қарапайым еңбектен тапқан жан. Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында мектеп оқушысы болып ержеткен Қарекеңді туған елінің еңбек майданы күтіп тұр еді.


Қараман аға алғашқы еңбек жолын шопан болудан («Красная звезда» совхозында) бастаған болатын. Ол кезде «комсомолдық жолдама» деген болатын, оны аудандық комсомол комитеті беретін. Бұл жастарға үлкен жауапкершілік жүктейтін. (Шаруашылық басшылары да сенім білдіретін жасты мыжазынан (ықыласынан) танитын кісілер ғой. Шындығында да Қараман аға жастық жігермен шопандық жұмысына құлшына кірісіп, шамалы жылда-ақ алдыңғы қатардан көріне бастады.
Ата-ана, комсомол ұйымы, кеңшар басшыларының сенімінен шығып, төл алу, мал басын аман сақтау, өсімге тірі қозы қалдыру сияқты көрсеткіштерден жоспарын да міндеттемесін де абыроймен орындап, аудан, тіпті облыс чемпионы болуға қол жеткізді. Міне, Қараман ағаның мемлекет мүлкіне, өзінің еңбегіне адалдығы, тазалығы.
Сол жылдарда кеңшарда жылқы малын өсіру, оның басын көбейту (құлын алу, оны аман сақтау) ісі кемшін соғып, көрсеткіш басын артқа тартып тұрған кез еді. Кеңшар басшылары енді Қараман ағаға жылқышы болуды ұсынды. Қарекең алғашында жүрексінді, жылқы бағу – қой бағу емес қой, үнемі көз алдыңда болмайды, оған сырттан құмарлар да жоқ емес (ұры-қарылар тб). Тағы да ойланды, жары Өзипамен ойласты. Оның үстіне өткен жылдарға, кезеңдерге, деректерге ой жүгіртті. Сонау қиын кезең, соғыс жылдарында қасиетті жылқы малын жаппай өсіру, одан жетістікке жету осы өзіміздің Жаңақорғанда болмап па еді?! Осы Қаратаудың етегі, осындағы колхоздар, колхозшылар, жылқышы аталарымыз еді ғой. Нақтылап айтқанда, қыстың күндері апталап соғатын боранмен алысып, ықтап кеткен үйірмен бірге түнеп, қасқырдан қорып, сөйтіп бірнеше жыл қатарынан қарамағындағы жылқы басын аман сақтап, әр жүз биеден жүз құлын алып ерлік жасаған, нәтижесінде мемлекетіміздің ең жоғары наградасы – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, кеуделеріне Алтын жұлдыз таққан Сердалы Құрымбеков, Сапарбай Сұлтанмұратов, Қәдір Тағаев, Әлі Исаевтай төрт бірдей көкелерінің (аталарының) ерен еңбегі ше! Одан басқа қандай үлгі, қандай жол керек?! Олардың дүниеден озғаны кеше ғана ғой.
Қараман аға енді жігерленді, нар тәуекелмен басшылар сенім білдірген іске осылай кірісіп кеткен еді.
«Еңбек еш кетпейді», «Еңбек етсең- емерсің» деген ғой, Қарекең міне, жарты ғасырға жуық еңбегінің арқасында дүйім елге танымал болып, Еңбек Ері атанбағанымен, еңбектің абыройына ие болды, кімсің, Қараман-Қарекең атанды. Ол кісіні бүкіл Жаңақорған ауданының үлкен-кішісі таниды, облыстың халқы, ел басқарған басшылар білді.
Халқымыздың ата кәсібі-мал шаруашылығы ғой, оның ішінде жалпы ел уақ мал – қой өсірумен көптеп айналысқан, тіпті әр үйдің нәпақасына айналған деуге болады. Ал жылқы, түйе өсіру оның үдесінен шығу – жұрттың бәрінің қолынан келе бермеген, жылқы малының қасиеті де ерекше ғой. «Жесең – ет, мінсең – көлік» ата-бабаларымыз жылқы малын ерекше бағалаған ғой. Қазақтың «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген нақыл сөзін осы жылқыға да айтса, жарасар еді.
Қарекең ауданның жылқышыла­рының қай көрсеткіштен болсын көшін бастап, қанша жылдардан бері құрмет биігінен түскен емес. Ол кісіге жүз биеден жүз құлын алу-алынбайтын қамал емес, уәде берсе, орындайды. Басшылар оған толық сенген, оған Қарекең ағаның еңбек сүйгіштігі, кәсібіне адалдығы, адами болмысы, сондай-ақ жалпы жылдағы еңбек көрсеткіші, берілген уәде кепіл болып, дағдыға айналған.
Қараман аға өте қарапайым, аспай­тын, таспайтын жан, мақтана да бермейді. Кезінде жоғары орындардан талай марапаттарға да, мемлекеттік наградаларға да ие болды. Оны жеңгеміз Өзипа мен балалары мақтан тұтып ағамыздың костюміне тағып қоймаса, өзі іздей де бермейді екен.
Қарекеңнің кеңес дәуірі кезіндегі жылқы өнімдерін өндірудегі мемлекет алдындағы жоспарын, алған міндет­темесін асыра орындап жүрген жылдардағы марапаттарының ішінде, әсіресе 1982-83 жылғы көрсеткіштері үшін алған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасының» және өткен жылы берілген Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атағының орны бөлек. Әрине, жақсының жақсылығын айту, ерен еңбегінің нәтижелерін ел алдында паш етіп айтып жүру, көрсете білуді де сауапты істердің біріне жатқызуға болады.
Сондай сауапты істің кейіпкерлерінің бірі де, бірегейі де – өзіміздің «Жер қозғалса, қозғалмайтын», мақтану дегенмен ісі жоқ, шүкіршілігі мол, елге қадірлі, қайырымды жан, қарапайым еңбек адамы Көшербаев Қараман ағамыз десек, артық айтқандық болмайды ғой деп есептеймін.
Қайырымды демекші, дүниесі мол, малы көп, қаржысы бар жандар, шүкір бар ғой. Бірақ сол ағайындардың халыққа қарасып, қайырымдылық жасап жататындары көп емес, әрине. Ал Қараман ағаның осы бір жолда жасаған қайырымдылық істерін (әрдайым-ақ) мақтау үшін емес, сауап үшін атап кетсек, алдымен ол кісінің «Алты ата»мешітін салуға қосқан қомақты үлесін, өзі тұратын «Құттықожа» аулындағы «Дәрігерлік-фельдшерлік орталыққа» көмегін, қайраткер аға Қ.Жарқынбековтің атына көше беру шарасына демеушілігі т.б қаншама қол қайырымдықтарын айтуға болады. Ал ол кісілердің (Қарекең, Өзипа жеңгеміздің) Қызылордадағы, әсіресе Оңтүстіктегі ағайындар болып бас қосқан кездердегі оларға арнап бірнеше рет дастархан жайып қонақ жайлық жасаған азаматтық- адамгершілік қасиеттерін ел-халық жақсы біледі. Сондай-ақ денсаулығына байланысты олардың жайлауға тіккен ақ үйіне барып апталап, айлап саумал, қымыз ішіп жататын ағайындарға (Әбдіқаппар, Тайшыбек секілді жолдас-жораларына) жасаған қызметтерін де ел алғыспен, ризашылықпен айтып жүреді. Ал Қарекеңнің өтініш жасап, малдарын (жылқыларын) қосып қойған ағайындарға адалдығы да бір бөлек әңгіме.
Бұл кісілердің ағайындар арасында дәстүрге айналып кеткен тағы бір жақсы, үлгі аларлық ісі бар. Ол – жыл сайын қысқы соғымнан ел ағаларына сыбаға – дәм беру үрдісі. Көп жыл болды, ол кісілер бұл дағдыдан айныған емес. Өзипа жеңгеміздің қолы да, көңілі де ашық, ашық-жарқын қарсы алып, қазанға барын салып қызметін жасайды. Бәріміз өткен-кеткеннен, ағайыннан ынтымағы жайлы, алыстағы ағайындардың аман-саулығы, жаңалықтар жайлы әңгіме-дүкен құрып, ішіп-жеп, үлкендеріміз батамызды беріп, шапан киіп қайтамыз. Қарекең мен Өзекең осындай үлкендік жолдарынан еш жаңылмай келеді. Соңғы жылдарда біздер де отбасымызбен ол кісілермен отбасы болып араласамыз, сыйласамыз, көңілдеріміз жақын.
Қарекең зейнетке шыққан соң, шаруа қожалығын ашып, тізгінді кіші ұлы Әшімханға берген, өзі-тәлімгер. Қожалық қымыз өндіреді, қымыздың неше түрін дайындайды, ел сүйсініп ішеді.
Қарекең мен Өзекең ырыс-береке қонған отбасының бірі-отағасы, бірі-отанасы. «Еңбек етсең – емерсің» демекші, олар бүгінде жасында істеген еңбектерінің жемісін жеп, ұрпақтарын (2ұл, 4 қыз) өсіріп, немере-шөбере сүйіп, елінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Сол сияқты, олар бүгінде қанша жыл ат тұяғының дүбірімен тыныстап жатқан өзінің Қаратауының етегіндегі құтты қоныс -әулиелі «Құттықожа» ауылының төрінде отыр. Өткен өмір жолына тұлпар көңілмен ой жүгіртіп, еліне – Жаңақорғанына тыныштық, амандық, бақытты болашақ тілеп отырған тау тұлғалы еңбек майталманы, үлкен жүректі ел ағасы, қадірменді ақсақал Қараман Көшербайұлына біз де мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, қазыналы қарттық жолын тілейміз!

Зинабдин Шермұхамедұлы,
Жаңақорған ауданының
«Құрметті азаматы»,
Қызылорда облысының
«Құрметті ардагері»

23 қараша 2020 ж. 630 0