№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАРАМАН ҚАРИЯНЫҢ ҚАРЕКЕТІ

ҚАРАМАН ҚАРИЯНЫҢ ҚАРЕКЕТІ



Қараман қарияның атын бұрынан естіп-біліп жүретінмін. Дегенмен жақынырақ танысып, білудің сәті түспеді. Шалқия кентіне әкім болып барғалы ірі-ұсақты жиындарға қатысып, елмен жақындау араласа түстім. Сондай бір алқалы кездесуде Қараман ақсақалмен дастарқандас болып, дидарластық. Ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігі жайында әңгіме өрбіттік. «Жылқы кісінегенше, адам сөйлескенше» дегендей, ел ағасының қоғамның түйткіл-түйткіл мәселелеріне бей-жай қарамайтынын біліп, кемел көзқарасын, болмыс-бітімін тани түстім.

«Қазақта мал баққанға бітеді» деген жақсы сөз бар. Соның өзінде малды кім бақпай жатыр десеңші! Бірақ, шаруасын дөңгелетіп, сол істен нәтиже шығаратындар некен саяқ. Кәсіптің аты кәсіп. Одан нәсібені ісіне адал әрі еңбекқорлар ғана айыра алады.
«Атаның кәсібін жалғастырған баланың аузына нан түседі» деген ұлағатты сөз қалған. Тереңнен ойлап қарасаңыз осы сөздің астарында қаншама мән-мазмұн жатыр.
Атаның кәсібінің киесі ұрпағынан қашып кетпей айналшықтап жүретіні тылсымнан аян. Бөтен кәсіпке бой ұрып, нәтиже шығара алмай жүргендерге үлкендер атаңның кәсібін істе, сонда ғана еңбегің жана түседі дейтінін талай естідік. Алайда, мән бере бермейтінмін.
Ал, Қараман қарияның өмір жолынан ата-бабадан жалғасып келе жатқан нәтижелі істің берекесін көргендеймін. Бабасы төрт түліктен ырысын айырған, еңбегіне сай дәулеті болған, елі қадірі мен қамқорлығын көрген ұлағатты ұрпақтармен жалғасқан екен.
Міне, оған мал дәулеті бабаларынан қонған кие деуге болады.
Ақсақал Ленин колхозындағы Жайылма жеті жылдық мектебін бітіргеннен кейін комсомолдық жолдамамен мал шаруашылығына шопан болып барады. Он бес жыл осы іспен айналысады. Жыл сайын төл алу, мал басын өсіру жоспар-міндеттемесін орындап, табыс биігінен көріне біледі. Социалистік жарыстың үнемі алдында болып, мемлекеттік наградаларға ие болады.
1972 жылы «Красная звезда» совхозының дирекциясы оны сол кездегі ең қиын саланың бірі – жылқы бағуға жібереді.
Жастайынан Қаратауда мал жайлап, жылқының қыр-сырын жақсы білетін еңбекқор азамат совхоз басшысының сенімінен шығып, жүз биеден жүз құлыннан төл беріп, еңбегінің нәтижесін көріп, табысқа жетеді. Аудан, облыс чемпионы атанады.
...Қараман ақсақал бірнеше дүркін Социалистік Еңбек Ері атанатын құрметке лайық екендігінде дау жоқ. ХХ ғасырдың 40 жылдары ауданда жүз биеден жүз құлын алған жылқышылар Социалистік Еңбек Ерлері атанды. Олардың қатарында Нақып Ержанов, Кәдір Тағаев, Сапарбай Сұлтанмұратов, Сердалы Құрымбеков т.б айтуға болады. Ол кезде жылқы елдің қорғаныс күштерінің қатарына жатқандықтан жылқышылардың еңбегі дәріптеліп, марапат биігіне шығарды. Кейіннен Хрущевтің кезінде әскерде техникаға басымдық беріліп, жылқыға сұраныс азайды. Ол кездері қаракөл қойы және күріш егуге маңыз берілген еді. Сондықтан, еңбегі елеулі болғанымен биік марапаттан көрінбегенін түсінуге болады.
Маңыздысы бұл емес. Қаракең еткен еңбегін пұлдамайды. Марапат қоғамның жүрегінде болса болғаны дегенді алға тартады.
Осы ретте, қадірменді ақсақалдың өмір жолын, елге көрсеткен қамқорлығын, кісілік тұлғасын насихаттауға тиіспіз-ау...
Дастархан басында қатарластарымен салихалы әңгіме айтып, татулық пен тұрақтылықтың парқын кемеліне жеткізе әңгімелеп отырды. Осыдан-ақ, елдің жай-күйіне бей-жай қарамайтынын білдім...

Әбдімаулен САБЫРХАНОВ.

30 қаңтар 2019 ж. 1 034 0