Жаңақорғанда күн энергиясы өндіріледі
35 гектар аумаққа орналасқан 25 мың күн батареясын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Күнмен жалт-жұлт шағылысып, дала төсін жарқыратып тұрады, иә?! Бастысы, одан электр энергиясы өндіріліп, халықтың игілігіне беріледі. Осындай игілікті іс Жаңақорғанда атқарылуда. Сәтін салса, жылдың аяғына дейін іске қосылып, жаңармалы қуат көзі – жасыл энергия өндірілетін болады. Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов арнайы аумаққа барып, тың жобамен танысты. Топ құрамында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев бар.
«Hevel Kazakhstan» ЖШС учаскі басшысы Вячеслав Кириченко мен компанияның бас энергетигі Юрий Громийчук күтіп алып, құрылыс аймағына жол бастады.
– Жігіттер, іске сәт! Жұмыстарыңыз берекелі болсын! – деп ізет білдірді әкім. Сөзін әрі қарай жалғап:
– Тәулігіне қанша электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр? – деді.
– Тәулігіне 10 мВт өндіреді, – деп жауап қатты жауапты маман.
Бұдан ары аудан басшысы мен учаскі басшысы былай пікір алмасты:
– Қанша адам жұмыс жасауда?
– 25 адам. Оның 12-і жергілікті азаматтар.
– Панель қалай, қайда орналастырылады?
– Қазір 35 гектар жер қоршалды. Тек әкімшілік ғираматтар орналасатын жерден бөлек аумаққа панель қойылады. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс процесі толығымен автоматтандырылады. Жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі.
– Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде баламалы энергия көздерін өндіретін жасыл аймаққа айналуға мүмкіндік мол. Қазір озық елдер жасыл энергиясының игілігін көруде. 2015 жылы Түркияға барғанымда жеке тұрғын үйлерден күн батареяларын көрдім. Сондай деңгейге жеткізу жолында жұмыс жасауымыз тиіс.
Дерек көздеріне қарағанда, әлемде күн энергиясын өндіру жөнінде Қытай жол бастайды екен. 2030 жылға қарай Қытай баламалы энергия көздерін 20 процентке жеткізуге күш салуда.
Мұның артықшылығы көп. Мәселен, қаражат көздері үнемделеді, технологияның дамуына септігі бар. Сондай-ақ күн энергиясы бәріне бірдей қолжетімді, сарқылмайды және қоршаған ортаға қауіпсіз.
Қытай күн энергиясын өндірумен көш бастағанымен тұрғындардың жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша артта келеді. Бірінші орында Германия тұр (491 ватт/адам). Екінші орын Италияға (308 ватт/адам) тиесілі. Ал үшінші орында Бельгия (287 ватт/адам) жайғасқан.
Жалпы Қазақстандағы балама энергия көздерін: желден, судан, күннен өндіруге мүмкіндік мол. Әсіресе біздің ауданда күннің қуатын пайдаланудың артықшылығы көп. Арнайы аймақтан осыны түсініп қайттық.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ