» » «АДАМ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ»

«АДАМ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ»

Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегінде «парасатты адам» жайлы ілімді сөз етеді, ал Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінде «кемел адам» жайында толғайды. Абай өзіне дейінгі ғұламалардың идеясын сын таразысына салып, өзінше тұжырым жасап, «толық адам» ілімін ұсынады.
Бізге ақынның «толық адам» ілімі несімен маңызды? Біріншіден, бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселенің бірі – адами құндылықтарды сақтауымен қымбат. Ал Абай туындыларында адам болудың жолын көрсетіп, білімсіздік пен надандықты, жалқаулық пен екіжүзділікті, күншілдік пен мансапқорлықты, менмендік пен мақтаншақтықты, әділетсіздік пен сатқындықтың аражігін ажыратып, жаман қасиеттерді тәрбиелеу керектігін түсіндіріп, «толық адам» ілімін мұра етеді. Екіншіден, адами капиталды басшылыққа алған кезде ағартушының ілімі бағдаршам болады. Оның өлеңдерінің мән-мағынасына үнілу арқылы «толық адамның» теориясын терең түсінуге болады. Мәселен, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін алайық:
– Адам болам десеңіз
Бес нәрсеге асық бол
Олар: Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рақым.
Яғни адамды рухани кемелдендіріп, ой-санасын жетілдіріп, ғылымды меңгеруге қажетті дағдыларды көрсетті. 
Бес нәрседен қашық бол.
Олар: Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ.
Бұл – қоғамның негізгі керітартпа факторлары. Мұндай әдеттерден біз арыла алдық па?!
Көрдіңіз бе, ақынның бізге ұсынғаны – талап пен еңбек қылу үшін қайрат керек. Терең ой – білім-ғылым, қанағат пен рахым, ол жүректен шығады.
Бұл идеяны «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде дамыта түсіп:
– Әуелде бір суық мұз ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, – деген ағартушы сананың өсу жолын көрсетеді. Ақылдың өзін нұрлы ақыл, суық ақыл деп екіге бөледі. Балаға соны ұғындыру керектігін меңзейді.
Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, ұлт бойындағы мейірбандық, жомарттық сияқты ізгі қасиеттерді әспеттейтін хакімнің «Толық адам» ілімі өскелең ұрпақты теріс мінез-құлықтан арылтуға сеп болмақ. Өйткені, қазақ халқының ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың шығармаларында жатыр.
Расында бір ғана ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңін философиялық тұрғыда талдайтын болсақ, мәні терең, мағынасы кең екенін ұғынасыз. Ал осы өлеңдегі негізгі ойды Абай қара сөздерінде талдап, мазмұнын аша түседі.
Төртінші қара сөзінде күлкі мастық екенін, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен өткізуден сақтандырады. Жетінші қара сөзінде айтылатын «жанның тамағы»дейтін пәлсапалық мағынасын көкірекке сәуле, көңілге сенім құймай адамдық деңгейге жетпейтінін түсіндіреді. Он жетінші қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек үшеуін ғылым арқылы таразылап: «Осы үшеуін бір кісіден менің айтқанымдай таба алсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол», дейді.
Отыз сегізінші қара сөзінде толық адам дәрежесіне жетпей толыққанды өмір сүру мүмкін еместігін алға тартып: «Құдай тағаланың ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» дейді. Сосын адамдықтың қалыбын былай ұсынады: «Әуелгісі – әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.
Екіншісі – өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады.
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің», деп ары қарай надандық, еріншектік, залымдық тереңірек талдап, жаман қасиеттерден сақтандырады.
Абай өлеңдері мен қарасөздерін көп ізденіп, көп толғанып, ойлы, тамырлы, терең туындысын оқыған сайын зердеге тоқисыз, әрі кемелдене түсесіз. Олай болса, мектеп бағдарламасына Абайдың «толық адам» ілімін енгізу де уақыт талабы сынды...
Роза ЖҰМАБЕКОВА,
А.Романов атындағы
№53 мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің ұстазы
09 тамыз 2020 ж. 344 0