№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Абай әлеміне ену бізді нағыз рухани жаңғыру жолына алып барады

Абай әлеміне ену бізді нағыз рухани жаңғыру жолына алып барады

Технология қарыштап дамыған уақытта ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заман ағымына ілесу басты мұрат. Осы тұста қазаққа бағдаршам болуға Абай ілімі жарайды. Тіпті рухани жаңғырудың кілті деуге болады. Өйткені Абай қазаққа қажетті дүниенің бәрін жазып кетті. Тек оның іліміне сүйеніп, өмір сүру дағдысын құрсақ болғаны.

Ақынның жүректен шыққан жалынды өлеңдері, даналыққа толы сөздері ешқашан көкейкестілігін жоймайды. Абай – ұлттың әдебиетін, мәдениетін жасап, биік деңгейге көтерді. Оның кемеңгерлігі де осында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойына халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыруға жол ашатын маңызды қадамдардың бірі» – деп Абай салған сара жолдың маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
Кемеңгерді кеңінен танып, оның жүрегіне терең бойлау бүгінгі ұрпаққа рухани тәрбие берудің негізгі жолы. Бұл – анық. Бұл – ақиқат.
Қазақ елі жаһандану сынды үлкен бетбұрысқа ойысарда ақынның даналықты тербеген жан-дүниесіне тағы бір тереңірек үңіліп, кәусар бұлағынан сусындамай, адасары хақ. Оны көзбен көріп те жүрміз. Мәселен, әлем елдерінің тәжірибесін сүзгісіз, талғамсыз көшіріп, е жұртқа ұғындыра алмай, е өздері түсінбей жүргенін жақсы білеміз. Егер Абайдың рухани мұрасына үңілсе, барлығына жауап табуға болады. Тіпті дамудың жолы, адам болудың қалпы, Мәңгілік Ел болудың даңғылын табуға болады. Тек Абайға зерде салып зейінмен оқу қажет.
Абайдың ғибратты ой-толғамдары білім мен ғылымға үндейтін мектепке айналды. Оның «Ғылым таппай мақтанба» деген бір-ақ ауыз сөзі ғылымның адам бойындағы қазынаның үлкені, һәм құндылықтың бастысы екенін түсіндіреді.
Абай шығармашылығы уақыт озған сайын замана талабына сай түрленіп, көркемделе түсуде. «Рахымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» деп күллі адам бойындағы жақсы қасиеттердің жүрек төрінен орын алып, шапағат таратар игіліктің бастауы жүректен шығатынын айтады. Көркем мінезділікке жетудің жолын осылай көрсетеді, қайырымды қоғам құрудың өзегіне осылай бағыттайды. Коронавирус індеті жаһанға жайлаған уақытта Абайдың ілімін бойына сіңірген адамдар бір-біріне қайыр көрсетудің үлгісін көрсетеді. Мұндай пікірді «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының белсенді мүшесі, журналист Әбдісамат Әбдіш те қуаттайды.
– Бүгінде ұлт алдында келелі үш міндет тұр. Олар қоршаған орта табиғатын қорғау, бейбітшілікті сақтау және рухани кемелденген ұрпақ қалыптастыру. Ал осы міндеттерді орындауда Абайдытану іліміне арқа сүйеу керек. Егер әрбір қазақ Абайдың «Толық адам» ілімін толық таныса, бәсекеге қабілетті қалыптасудың жолын біледі, – Әбдісамат Оңғарұлы.
Расында ғылым мен білімді меңгерген, әділетті де рахымды, жылы жүректі толық адамға айналсақ, әлемдегі озық мемлекеттің біріне айналатынымыз анық.
Қорыта айтқанда, Абай әлеміне ену бізді нағыз рухани жаңғыру жолына алып барады. Ең болмағанда коронавирус індеті үйге қамаған уақытта Абайдың мол мұрасына зер салсақ. Айтпағым, қазір Абаймен сырласуға уақыт жеткілікті. Тек ынсап пен ниет болса болғаны...

Майра ҒАНИЕВА
08 сәуір 2020 ж. 547 0