» » Абайды "Ақылдың ақыны" деуге болады

Абайды "Ақылдың ақыны" деуге болады

Ағылшындықтар Абайды «ақылдың ақыны» ретінде бағалап, оның әрбір туындысында философиялық мән-мағына тұнып тұрғанын мойындайды. Бұл жайында Англияда білім алып жатқан жерлесіміз Қасиет Топышева айтып берді.

Қасиет №239 мектепте оқып жүрген кезінде-ақ Абайдың өлеңдерін ағылшын тілінде жатқа айтушы еді. Анасы Гүлнара Егізбаева «Абайды оқыған адамның ойы зерек, қиялы жүйрік, жан-жақты білімді болады» дегенді басшылыққа алып, талапты оқушының қарым-қабілетін ашуға еңбектенді.
Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде студент болған шағында Қасиет Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңінен бастап, «Сегіз аяқ» әнін ағылшын-түрік тілінде айтып, таңғалдыратын. Шетел тілдерін тез меңгеретінін дәлелдеп, ақпараттық технология мамандығы бойынша үздік бітірді. Сол кездері Англияда білім алып, елдің дамуына үлес қоссам деген мұраты болатын.
Арада жылдар өткенде «Болашақ» бағдарламасымен Тұманды Альбионнан бір-ақ шықты. «Алғаш Англияға келгенімде «өзімді қалай таныстырамын» деген ой тұрды. Тіл дамыту курсын бастағанда мен ағылшын тілінде «Көк тұман алдындағы келер заман» өлеңінің ағылшын тіліндегі нұсқасын оқып бергенім сол еді, топтағы жастар қошеметін білдірді. Осы кезден бастап Абай Құнанбаевты ағылшындар «ақылдың ақыны» деуінің мәнін сезіндім, – деді ол.
Орвиг университетінде «бизнесті электронды басқару» мамандығында білім алып жатқан білімпаз үнемі сабақ барысында жергілікті және шетел қаламгерлерінің шығармасынан үзінді келтіріп, шығармаларын талдап отыруды мақсат етіпті. Оның ішінде, Абайдың қарасөзін ағылшын достары ерекше ықыласпен қабылдайды екен. Абайдың ғылымды бірінші орынға қойып, білім алуға үндеген өлеңдері қаншама жалынды жастың жүрегіне от беріп, алға жетелеп, көбін шетелдің озық инновациясы мен жаңа бағыттағы ғылым жолына түсуіне жігерлендіреді екен.
– Абайды ағылшындар қалай таниды?
– Ағылшындардың бар­лығы Абайды таниды дей алмаймын. Дегенмен ақының өлеңдері мен қара сөздерін оқыған, хабары бар ағылшындар бар. Мен мұны университеттің кітапханасында әлемге әйгілі жазушылардың пікірінен де, оқытушы ұстаздардың ойынан да аңғарып жүремін. Менің мамандығым филолог болмаса да, өз ұлтымның ұлық ақынын танытуға күш саламын. Бірде Америка жазушысы, әлемге әйгілі саяхатшысы Джордж Кенанның Абай ақын туралы жазған пікірі таң қалдырды. Ол қазақ баласының білімге соншалықты құштарлығын, ғылымға деген шексіз махаббатын сөз етіп «Оқымысты қырғыз» деп мақала жазыпты, – дейді шетелдегі жерлесіміз.
Міне, 1890 жылы шетел саяхатшысының мақаласы мұхит асқан жастарға дем беріп, нағыз білім ізденудің, ілім жинаудың «инемен құдық қазғандай» екенін ұғындырып тұрғандай.
– «Толық адам» туралы түсінігіңіз...
– Шыны керек, Абайдың «Толық адам» идеясы адамды кемелділіккке жеткізетін ілім. Х.Яссауидің «Хақ ілімі» түсінігін молайтып, оны толықтырып халыққа ұсынуы ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түседі. Алайда осыны әлі күнге дейін терең мағынасына үңілген зерттеушілер аз. Біз осы «толық адам» формуласын дұрыс ұғынбай, Абай нұсқаған жолға жете алмасымыз анық.
Қазақ руханиятының паспортына айналған Абайдың «толық адам» ілімінің ауқымы молайып, немістердің «Гете институты», Қытайдың «Канфуций институты» секілді әлемге «Абайдың институтын» танытып, қазақ ұлттық мәдениеті мен дәстүрін насихаттау барлық қазақтың арман-тілегі.
– Абайдың бай рухани мұрасының тәлімі мол. Біз мұны қалай түсініп жүрміз?
– Алланың сөзі де рас, өзі де рас».
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жаратпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек...
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, – деуінде ғылым мен ақыл, қайрат, жүректің адам өміріндегі орындары айтылады. Міне, білім жолында жарқыраймын деген жанға осыдан артық жол бар ма?!
Сабақ барысында уақытпен арпалысқан сәттерде Абай Құнанбаевтың «толық адам» идеясы көп көмек етеді. Кісі ақысын жемей, таза еңбекке ет үйрету, адал ас ішу секілді құндылықтар түбі береке болатынына көзіміз де жетіп жүр. Ағылшындардың заманауи білім беру жүйесімен, плагиаттық жұмысқа жол бермеу, жаңашыл көзқарасты бағалау, ізденісті кеңейту секілді критерийіне үндестіріп өз білім кеңістігін молайту арманшыл жастың мақсаты.
Англияда талабын шыңдап, ел игілігі жолында білімін шыңдап жүрген Қасиет Абдуллақызы Абай туралы түсініктің жыл сайын жаңарып, жас өткен сайын мағына-мәні кеңейе түсетінін айтып, «Абай жолын» романы қазақ баласы үшін білім мен тағылым бағдаршамы іспетті екенін түсіндірді. Осыдан-ақ, Абай тек ғана филология ғылымы ғана емес, барша ілім саласына, адамзаттың өмір тарихына сәуле төгетін нұрлы шуақ екенін аңғару қиын емес.
Мақпал МАРҚАБАЙ
09 тамыз 2020 ж. 365 0