№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Жарық өмір үшін күрестің өзі – бір бақыт

Жарық өмір үшін күрестің өзі – бір бақыт


Сан сынақтан өтсе де сағы сынбаған, жақсылықтан күдер үзбеген, небір тар кезеңді табандылығымен жеңген Ұлы Дала ұрпағының үкілі үміттеріне жарық өмір есігін айқара ашар көрікті де киелі мекен – перзентханаларда күндіз-түні қызылшақа шараналардың іңгәсіне құлақ тұндырып, тұмса тіршіліктің түймедей туындысын мәпелеп күтіп, ана құшағына аман-сау аманаттау үшін қолдан келгендерінің бәрін жасайтын ақжелеңділер бейнеті кеше де, бүгін де жеңілдеген емес, жауапкершілігі де жоғары.


Бүгінгідей пандемия ахуалы кез келген жастағыны кеңірдектен қысып, қармаққа ілгені аздай, жарық дүние есігін жаңа ашқан періштелер мекенін де мейірден қағып, жұмыртқасын жаңа жарып шыққан балапан жүрекке ауыз салып, адам болып, аяққа тұрып, өсіп-өркендеуіне де өзіндік қатерінің аз емесін айғақтап отыр.
Жер жүзін дендеген дерттің жеке бас өміріне де тудырған қатеріне қажы­май-талмай қарсы тұруға тырысса да сырқат жамап алып, стационарда емделуге тура келген ауданымыздағы бірнеше ақхалатты абзал жандар қатарында аудандық перзентхана бөлі­мінің меңгерушісі, тәжірибелі дәрігер, «мыңдардың кіндік анасы» атанған Сәуле Бектұрғанова апайлары қашан жазылып шыққанша, әсіресе жас аналардың алаң болып, жиі хабарласып, «ол кісі халыққа керек кісі ғой, жағдайы нешік? Аман болсыншы» деп жаудырған ақ-адал тілектеріне куә болғанымызда «Көп тілегі – көл» дегендей, ел ішінде ілтипатқа ие болудың сырына тереңдей қанығып, бүгінге дейін жауапкершілігі зор, тиянақты қағидасынан танбай келе жатқан, өзіне де, қарамағындағыларға да талапшыл табиғатымен танымал заман­дасымызға деген құрметіміз одан әрі биіктей түскендей. Алдымен Алла­ға деген сенімін, содан соң тілектес жандардың ниетін тірек етіп, тиісті ем-домын алып сауығып шыққан денсау­лық сақшысымен сұхбаттасып, елдегі коронавирустың жағдайы, оны­мен жүкті әйелдердің сырқаттану деңгейі және сақтану жолдары жөнінде әңгіме­лескен едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Күн сайын сәбилер дүниеге келіп, ата-анасын шаттыққа бөлеген сәулелі құтханамыздың сұрқын қашы­рып, қабағымызға мұң ұялатқан ін­дет жағдайында дәрігер қауымы бо­лып, жұбымызды жазбай жұмыла еңбек етуіміздің өзі бір бақыт екендігін тереңі­рек сезініп отырған жағдайымыз бар, – дейді ол. Бірақ еткен еңбек еш кет­пейтініне кеше, жаным қиналғанда сандаған қоңырау шалулардың өзімен қуат берген қалың жұртышылыққа өз-өзімді қарыздар сезінгенімді жасырмаймын. Әбден әлденіп, күш-жігерімді еселеп ел сенімін ақтауға асығулымын, – дейді ол ағынан жарыла
Аудандық перзентханада күніне 5-6 сәби туғанда, айына 170-180, ал жылына 1600, қалаларға кетіп босанатыны бар, бәрін жалпылай қосқанда 2000-дай нәресте дүниеге келеді екен. Елімізде коронавирустың алғашқы дерегі тіркелген күннен бас­тап барлық ауруханалар қатарында перзентханаға жүкті әйелдерді вирусты инфек­цияға сынама анықтамасы бойынша қабылдау жөнінде ереже ендірілді. Осындай ортақ істе әр маманға бір қолдың саласындай бірігудің маңыз­дылығы мынада: жұқпалы дертпен күрес көзжұмбай көріністі көтер­мейді. Мәселен, 29 мамыр күні жос­парлы түрде перзентханаға басшы бақылауынсыз қабылданған жас ана бұдан бір ай бұрын вирус сынамасына зерттеуден өткен екен. Қайта зерттеу нәтижесін күтпестен, жасанды босан­дыруға асығыстық салдарынан бүкіл пер­зент­хананың жабылып қалуы­на соқтырған жағдай орын алды. Босан­дыру кешені уақытша 1-ші қабат­қа көшіріліп, науқаспен контакт жағ­дайындағы барлық медқызметкер ка­ран­тинге алынған ауыр кезең бастан өтті. Көп ұзамай ауырып қалған мекеме меңгерушісі сырқаттанып, жұмыстан уақытша қол үзуіне орай одан бергі жағдайлар жөнінде баяндап беру үшін бізді перзентхана бас акушері Тұрсынай Сейдеметовамен байланыстырды.
– Перзентханамызда төтенше жағ­дай орын алуына байланысты қажетті шараларды қатаң қолға алдық. Коро­навирусқа күмән туған, нақтылап айтқанда, су кеткен, қызбасы көтерілген жүкті аналарды бақылауда ұстауға арналған фильтр-кабинет жұмыс жасайды. Бүгінгі күнге дейін, маусымда – 6, шілде айында 1 жағдай сынама тест оң нәтиже берген. Барлығы 8 жағдай тіркелді. Аталған науқастар бірден аудандық жұкпалы аурулар ауру­ханасында арнайы қорғаныш құрыл­ғылармен жабдықталған палатаға орна­ластырылып, сонда босандырылды. Бірақ сәбиді емізуге рұқсат берілмейді. Бір қуанарлығы, барлығының нәрес­телері бұл дерттен таза болып шықты, – дейді бас акушер.
Иә, адам баласы үшін тіршілік арна­сының алтын табалдырығындай перзент­хананың бүгінгі жағдайы осындай. Сон­дықтан жас аналарға, жаңа түскен келіндерге қамқорлық көзқарасты арт­тыра түскеніміз жөн.
– Қандай қиындықты болмасын қайсар мінезімен жеңіп, жақсылықтан күдерін үзбейтін, жарық өмірге сонша­лықты құштар, соншалықты ынтық ана жүрегінен асқан құдырет жоқ. Бұған ел басына күн туған қандай қиындықта да куә болып келеміз ғой. Ең бастысы, жарқын қабақтарыңа мұң түспесін. Өмір көшіне үміт жалғайтын қасиетті қадамда біз қашанда жандарыңнан табыламыз.
Нәзік жандар көңілін Сәуле апайлары осылай деп сәулелендіріп келеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА

21 шілде 2020 ж. 410 0