№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Татулықты ту еткен Төменарық

Татулықты ту еткен Төменарық


Төменарық ауылдық округінің тұрғындары татулық пен тұрақтылықтың парқын жақсы түсінеді. Өйткені Жаңақорған ауданында 551 өзге ұлт өкілі тұрса, оның 151-і Төменарықты құтты тұрақ еткен.
– Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген елдің болашағы кемел болады. Қазақстандағы ұлттар мен диаспоралар қазақ ұлтының қонақжайлығы мен кеңпейілділігін жоғары бағалайды һәм құрмет етеді. Оны біздің ауылдағы өзге ұлт өкілдерінің ілтипатынан байқауға болады, – дейді ардагер ұстаз Тұрдыбек Мықтыбаев.
Төменарықта 8 ұлттың 151 өкілі ауылдың дамуына үлес қосып келеді. Олардың арасында ұстаз, медицина және ауылшаруашылығы саласының маманы, кәсіп және т.б бар.
Ұлты украин Светлана Нещереттің бойынан қазақы болмыс-бітімді бір сөйлескен адам байқайды.
– Туған топырақ адамның мінезінің қалыптасуына ықпал етеді. Ұлы дала елінің тұрғыны ретінде қазақтың салт-дәстүрін білуім міндет. Ал қазақтың келіні болсаң, тіпті жауапкершілік ауыр. Қазір дара кәсіпкер ретінде ісімді ұлғайтып келемін. Бас кезінде ғимаратты жалдап, сауда жүргіздік. Сосын жарым жеке дүкен салды. Қазір сауда-саттық жасаймыз. Карантиндік талаптарды сақтап, тұрғындарға қызмет етудемін, – дейді Светлана Павловна.
Қазақстанды Отаны ретінде құрмет тұтып, оның дамуына еңбек сіңіріп жүрген ұлттың бірі – түрік ұлты. «Алмалық» шаруа қожалығының төрағасы Апирайл Ашрапов ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуға септігін тигізіп, егін шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді.
Ондағы үлкен диаспораның бірі – кәрістер. Қазақ тіліне жүйрік кәрістер кәсіпкерлікке епті. Олардың егінді күтіп-баптауда үйренетін нәрсе көп.
Төменарықтың тұрғындары есік алдындағы алқапты күтіп баптауға маманданған. Жылда қызанақ, қияр, қауын, қарбыз өнімін егіп, бала-шағасына дәруменге бай көкөніс және бақша өнімдерін береді. Карантинге байланысты Жаңақорған мен Шиелі кентімен байланыс үзіліп, көшеттерді алу қиындады. Осыны дұрыс бағамдаған Владимир Чжен көшет сатуды жолға қойды. Ол есігінің алдында жерді өңдеп, арнайы жылыжай жасамай-ақ қауын, қияр, қызанақ, баклажан көшетінің бір данасын 35-40 теңгеге сатуда. Онда адам қарасы көп. Таласып-тармасып сатып алуда. Владимир келушілерге көшеттерді отырғызуға ерте дегеніне қарамастан сатып әкетуде. Тіпті көрші ауылдың тұрғындары келіп, өнімін алуда.
– 20 мың түп қызанақ және 5-6 мың қияр, қауынның көшетін отырғыздым. Қазір екінші рет көшетті дайындауға мән берудеміз. Әрине дұрыс жоспарлаудың арқасында бұйырған табысты таптық. Жұмыссызбын деу оңай. Бірақ көзін тауып, табыс табудың жолы көп. Өмірден осыны түсіндім, – дейді Владимир Владиславович.
Күшті ұлт болу үшін, алдымен, ішкі бірлік, ұйымшылдық пен татулық қажет. Яғни ұлтаралық достық ғана Қазақстанды өрге сүйрейді. Мұны ауыл әкімі Нұркен Қошқарбаев жақсы түсінеді.
– Біздің мемлекетімізде тарихи тағдыры ортақ түрлі этнос өкілдеріне деген құрмет ерекше, ұлтаралық қатынас мәдениеті де қалыптасқан. Ауылда орыс, украин, өзбек, түрік, кәріс, грек, шешен, неміс ұлты тұрады. Әрқайсысы ұлтаралық достықтың дәнекері болып, тату-тәтті өмір сүруде. ХХІ ғасырда адами капитал мен адам денсаулығы негізгі капиталға айналды десек, осы салада төменарықтық өзге ұлт өкілдерінің елеулі еңбегі бар, – дейді ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Құтжанов.
Төменарықта кіндік қаны тамған Евгений Метелев Сыр өңіріне танымал азамат. Қазақтың қызын қолына қондырған Евгений Вадимович заң саласында табысты еңбек етуде. Ол бүгінде «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ еңбек етеді.
Достық пен татулықты негіз еткен демократиялы елде азаматтық қоғам маңызды рөл атқарады. Мұны адамдардың саяси-әлеуметтік өмірін қамтамасыз етіп, қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру, ұйыстыру деңгейімен өлшеуге болады. Сингапурдың тәжірибесін мысалға алуға болады. Алты миллионға жуық халқы бар бұл ел жыл сайын 25 мыңға дейін сырттан келгендерге азаматтық береді. Этностық құрамы жағынан ел халқының 70 проценті – қытайлар, 13 проценті – малайлар, 9 проценті – үндістер, 3 проценті – өзге ұлттар. Этноқұрылым осындай ала-құла болса да халықаралық сарапшылар мұнда біртекті Сингапур халқының құрылғанын алға тартады. Қазіргі кезде стратегиялық жоспарлар сингапурлықтардың «ақылды ұлтқа» айналып келе жатқанын айқындайды. Оның басты себебі – халықтың тығыз тұруына қарамастан, инновациялық технологиялар енгізіп, бәрінің де өмір сүруіне жоғары сапалы жағдай туғыза білді.
Қазақстанда осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, межелі бағдар құрды. Енді қазақ ұлтын титулды ұлт ретінде бағалап, татулық пен тұрақтылықты, бірлік пен берекені негіз ету керек. Мұны Төменарықта тұратын өзге ұлт өкілдері қолдайды. Олардың қазақ тілін меңгеріп, ұлттық мерекелерге белсенді қатысуы соны айғақтайды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
01 мамыр 2020 ж. 614 0