№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мұғалім – ауыл тынысының модераторы

Мұғалім – ауыл тынысының модераторы


Дүниенің кілті – білімде, ал білімнің кілті – мұғалімнің қолында.Білімнің ғана ма? Жер бетіндегі жақсылықтың, адамшылықтың, ізгіліктің, мейірімділіктің дәнін жүректерге егіп, жарық әлемнің бір – бір жапырағын жайқалтатын осы жандар.
Мұғалім – ұлттың ұстыны. Мұғалім қандай болса ұрпақ та сондай. Осыдан – ақ ой түюге болады, неге аға буын асаелгезек, тілалғыш, тындырымды, әр істе жауапты? Өйткені ұстаздан алған тәрбиесі сондай. Оларды  оқытқан мұғалімнің  бүтін болмысы сондай – таза, ынсапшыл, жалған сөйлемейтін, басшыға баладай бағынатын әдебі бір төбе. Осы тақтайдай түзу жолдан  ауытқымайтын ұстаз тәлімін алған шәкірттің   тәртібі қандай болады?
Ұстаз – шәкірттіңғана ұстыны ма, ол бүтін елдің, қоғамның ұстыны, арқасүйері, тіреуіші, жөн – жоба сілтейтін жолбасшысы. Бір сөзбен айтқанда,  ауыл өмірінің интеллигенциясы. Мұны Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов  «Алты  алаштыңбасы қосылса мұғалімнің орны – ТӨР» депмәртебелі мамандықтың  дәл бағасын нақтылап кеткен.
Жасыратыны жоқ, соңғы кезде ойлы әлеумет  білімнің сапасы неге төмендеп барады деген орынды  талап көтере бастады. Жаңаша оқыту технологиясы жүйелі ендіріліп жатыр. Онымен қоса мектеп мазмұны да мейлінше   жаңарды. Оқимын деген оқушыға енді не жағдай қажет? Жеткіншектерімізге жүректің  жылуы жетпей жүрген жоқ па, осы?
Мектептің жүрегі – мұғалім. Қоғам бүгін мұғалімді екі топқа бөліп тани бастады. Бірі – өз кәсібіне шын берілген, алдындағы шәкіртін адам етіп тәрбиелеп шығудан басқа көздегені жоқ, сол жолда жанын салып еңбек етіп жүрген жанашыр тұлға. Екіншісі – киелі кәсіпке көлденеңнен килігіп  күнөткізуге мәжбүр. Кезінде мамандығын құлай сүйген жүрек қалауымен емес,  амал жоқтықтан  адасып барып қалып  осылай бүтін ұрпақтың обалын арқаларын   аңдамай жүргендер екенін айтпасқа амалымыз  жоқ.
Ұстаздықты ұстап тұратын – мінезі. Аға ұрпақтың  ұтқан жері осы-ау.
Бір ғана қара тақтаға ақ бормен  айшықтап жазған маржан әріп, сиқырлы цифрларымен санамызда өшпестей өнеге ұялатқан апай – ағайларымыздың артықшылығы  да, міне осында. Шәкіртім білсе екен деп барын салған талапшылдықтарыкөз алдымызда сол күйінде қалып қойды.
Мен оқыған №162 сегізжылдық мектебінде тәлім берген ұстаздарымыздың бәрі қазір ойлап отырсам өз кәсібінің  патриоттары болыпты. Екі жүздей ғана түтіні бар аядай ауылда Кенжеғұлова Күләнапайымыздың арқасында көзінде оты барлар ағылшынша сайрап тұратын. 
Ал Маматаева Күлаш апайымыздың қатал талабымен аптаның бір күнінде мектептегі бүкіл ұстаз оқушылармен қоса  тек орыс тілінде сөйлеуге тиіс болды. Үлгілі мектеп үштұғырлылықты осыдан қырық жыл бұрын бастап кетіпті. Осыдан ұтылдық па? Аудандық өнер олимпиадасында да үздік орын алып жүретінбіз. Кәсіби маман, жұмысын беріліп атқаратын Райхан Нысанбаева апайымыздың  арқасында. Бұл кісі Смайыл Нысанбаевтың қызы. Ал Нысанбаевтың өзінің шәкірттері Бақыт Сарбалаевтан бастап Батырхан Жолановқа  дейінгі тіл жанашырлары  қазақ тілі ғылымы лингвистикасының  салқарсаласын  күні бүгінге дейін көздің қарашығындай қорумен жүр.
Өзі соғыс жауынгері, көрмеген қиын­дығы жоқ, темірдей тәртіп дағ­дысымен мектептің оқу-тәрбие бағытын қоса басқарып қажыдым деуді білмейтін қағылез ағайымызды біз қандай жақсы көретін едік. Тіпті мыйы ашитын математика сабағының соңын міндетті түрде «Түсіндіңдер ме» деп аяқтайтын, егер «жоқ ағай, әнебір жерін түсінбей қалдым «десең, «түсінбесең, жолда түсінесің»  деп шығып бара жататын қатал Кеңес ағайымыздың өзіне біз қаймықпай еркелегіміз келіп тұратын.
Өйткені біз мұғалімдерімізді шын жүрегімізбен жақсы көрдік. Ал олар бүкіл өмір мазмұнын ұрпақ тағдырына бағыштаған жандар еді. Оларда бұдан басқа  мұрат та, мақсат та  болмады. Өнегемен  өрілген бүкіл өмірлері олардың өзін қойып үрім – бұтағына беріліп,  бекзат болмыс – бітімдерінің  белгісі биігінде қалып қояды екен. Келешектің   үмітін үкілеп, кемел болашаққа бастаған  ел көңіліндегі ерекше есімдер –
Әйтілеуовтер, Ибрагимовтер, Шерма­ған­бетовтер, Ахметовтер, Үпенов­тер, Илялетдиновтер, Жаманқұловтар, Қансейітовтер, Құдияровтар, Бакировтер, Жанәділовтер, Өрғараева, Тілеубаева, Баязитова, Хасенова, Огурцова, Ильясова, Жакиповтар сынды әйгілі әулеттердің дәремет дарыған  дәстүр сабақтастығынан біз осыны  ұққандаймыз.
Бүгінгі заманғыжаңаша  оқыту моделін меңгеруде  жан – жақты ізденімпаздығы, шығармашылық қуатымен  әріптестеріне үлгі болып  жүрген ұстаздар аз емес. Олардың көбімен  әңгімелесіп, сыр тарқатқанда ұққанымыз,  жан – жүрегімен өз кәсібіне берілген жан ғана осы биікті бағындыра алады. Солардың бірі,ағылшын тілі пәні мұғалімі Бибайша Әбжаппарова  мектепке таңғы сағат жетіде шыққаннан кешкі тоғызда үйге бір – ақ оралатынын айтқан еді. Осы жерде  өз мамандығына құштарлық  бір басқа, алаңсыз жұмыс жасауына отбасындағы қолайлы  атмосфераның орны бір бөлек екендігін айтпай кетуге  болмайды.Бұл отбасы да ұстаздар  әулеті. Міне, ұстаздың ауыр еңбегіне дегентүсіністіктің өзі   мұғалім жетістігінің  кілті болып отыр.
Ұстаз мәртебесі заңы даосындай  жарқын  тетіктерге негіз қалайды.

Мектеп мазмұны басқаруға бай­ланысты
Тұтас тағдырларды бір тоғыстырған, тоғыз ай бір табалдырықты басып, бір есіктен кіретін киелі мекеніміз – білім ошақтарына басшылық етуге кез-келгеннің тәуекел ете бермесі анық. Бір баланың жағасы қисайса  жаның қоса күйзелетін жауапкершілігі тағы бар. Ал сол таудай қиындықты басшы қалай еңсереді? Қарамағындағы педагогикалық ұжыммен бес саусақтай жұмылған бірлік те болғанда ғана.
Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба дегендей, өз анамның мектеп басқарғантәжірибесінен түйгенім, ол кісінің біреуді жерден алып, жерге салып сөккенін көрмеппін. Оларда жұмыс уақыты деген болмады-ау деймін. Баламыз ғой, кешіккесін мектепке жалаңаяқ құмды кешіп отырыпжетіп барып жылтыңдап кабинетінің терезесінен сығалаймыз. Көбінде алдында оңаша отыратын өз мұғалімдермізді көреміз. Бірде өзіміз қатты қорқатын тарихтан беретін қатал апайымыз жылап отырғандай көрінді. Сөйтсек, өзіміз сияқты қарапайым өмір сүреді деуге қимайтын асыл жандарымыздың да пенделік проблемалары, мойнына түскен тағдыр ноқтасын үзіп кете алмағанда таусылар, тауы шағылар кезі болады екен ғой. Соны екінші ата-анасы   – басшысынаайтпағанда кімге  айтады?
Бүгінгі  білім саласын басқарып отыр­ғандардың жанашырлығын, жауап­кершілігін алдыңғы ұрпақтан кем деп айта алмаймыз, ал бірақ қарама­ғындағылардың бөтеннен әділдік іздеп, тіпті араша сұрап сот есігін қағып жүргенін көргенде намыстанасың. Балаларымызды кімдер тәрбиелеп жатыр деп тіпті ызаң келеді. Бір-бірімен соттасудан қолы тимей жүргенде білім сапасы қайда  қалады?
Бір айдан асты, тәлімгерлеріміз балаға сабақ  оқытып, білім бермек түгілі  бір-бірінің бет жүзін көруден  қалып, әкесінің үйінен артық саналатын алтын ұяларына жете алмай  зарығып жүр. Мұғалімдер ғана ма, бала-шағасын асырап отырған құттыханасына  қадам баса алмай қадірін шын білген  қаншамыздыңенді  осы қиындықтан құтылсақ бір-біріміздің соңымыздан шам алып түскенімізді қоярмыз-ау деген оң сенім бар кеудемізде.
Осы кезге дейін көрген, көңілге түйгеніміздей, ұжымның әдеп әліппесі алдымен сәлемдесуден басталады. Осы тұрғыда түйетін тәмсіл де көп. Жанат Жүсіпова басқаратын Жайылма ауылындағы №195  мектебінесырттан барған  кім болсын   алдымен ғимараттың қарсы алдында  тік тұрыпқарсы алатын  мектеп  директорынкезіктіреді. Ол бірден асханаға жолбастайды. Хан ба, қара ма, дәстүр солай. Бір директорлардай  келе жатқан менің дәрежеме сай келе ме, болмаса өздерің  бітіріп жібере беріңдер деп бой тасалап отырмайды. Әсілінде, қырықтың бірі Қыдырдың  қайырына қауышатындар да осы Жанат сынды  қарапайымқасиет иелері   боларына тіршілік болып тұрса  бірге куә боларымыз анық.
Бір-ақ нәрсе айқын, бала бағбанының жүрегі жұмсақ болуы керек. Валентин Распутиннің«Учительница французского языка» деген әңгімесін білерсіздер. Сондағы   5 сынып оқушысы  – жазушының өзі. Жетім өскен. Бастауыштан соң аудан орталығына барып оқуына тура келіп, анасының досының  үйінде жатып оқиды. Ауылдан анасының аз-маз беріп жіберетін  азығынан бөлек сүт алып ішетін  тиын үшін «чики» деп аталатын ақша тігіп ойнайтын ойынды жетік меңгеріп алады. Тіпті көп ұтып  қойып балалар   қорғансыз мұны сабап та жібереді. Сынып жетекшісі – француз тілінің апайыкөзінің көгергенін байқап не болғанын сұрайды. Бұл құлап қалдым деп өтірік айтады. Бірақ шындығын кластағы бір оқушыдан  астыртын білген ол оқушысының сүтке қалай  қолы жетіп жүргенін біледі. Сабаққа дайындалу үшін  кешкісін  оқушысын үйіне  шақырады. Дайындықтан соң балаға қарап өзінің бала күнінде монетаны дәлдеп атыпойнайтын әлгі   ойынды сағынғанын айтып бірге ойнауға ұсыныс білдіреді. Шәкірті таң қалса да келіседі. Біраз ойнаған  соң мұғалім  ойынды қыздыру үшін ақшаға  ойнауғатілек білдіреді. Әрине мұғалім өтірікжаңылып   баланың көбірек  тиын ұтып алуына жағдай жасайды. Осындай ойынның үстінде үйге көрші тұратын мектеп директоры келіп қалады. Ойын қызығымен даудырасып  оның   келгенін байқамай қалған екеуіне    айыбын еріксіз мойындауларына тура келеді. Мұғалімді  «бейбастық» әрекет үстінде  кезіктерген директордың  ертесіне оны жұмыстан шығару  жөнінде бұйрығы шығады. Сөйтіп өзі келген Кубаньға  қайтуға жолға шыққан мұғалима жас қыздың мұның басынан сипап  «жақсы оқы» деп ақылын айтуы сіздің де көңіліңізді босатады. Мұның алдында  баланы аяп, мамасының атынан салған посылкесін   оқушысы   намыстанып алмай қойған – мұғалім, мұны сіз жіберіп отырсыз, деген, өйткені біздің ауылда макарон жоқ...  Еліне кеткен аяулы мұғалімі – Лидия Михайловна бұл жолы нағыз өзінің сәлемдемесін жіберіпті. Азық-түлік, содан кейін үлкен  әрі қып-қызыл үш алма. Бұған дейін ол алма дегенді тек суреттен ғана көрген еді.
Өзінің осы әңгімесі туралы  кинофильм түсірілгенде соны көріп отырып жазушының өзі жылаған екен. Тақсыретті балалығы есіне түскен болар.
Міне, осы шағын сюжеттен не тәлім түюге болады? Дариядай терең ұстаз  жүрегінің  кеңдігін, намысты қолдан бермес  өжетбаланың  өткірлігін, ұстаз ұстанымына қойылар тәртіптің қаталдығын. Осы үш таған бірігіп, сол кез адамдарының асқақ бейнесін көз алдымызға әкеліп тұр.
Керісінше, бізде жағдайдың барлығы жеткілікті, не киемін, не ішемін деген мәселе жоқ, бірақ адамдық биігімізден аласарып,  үлкен-кішіміз бірдей намыс­сыздыққа жұтылып, ұсақтап бара жатқандаймыз. Жатсақ-тұрсақ бізді бір ой мазалайды. Талмай, тарықпай бір тіреуді іздеп келеміз. Ұрпақты бұдан құтқаратын бір күш бар. Ол күш – адамзат алдында тұрған ҰСТАЗДАРармиясы. Біз оларға сенеміз. Олармен біргеміз.

Баян Үсейінова
29 сәуір 2020 ж. 575 0