№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Облыстан олжалы оралды

Облыстан олжалы оралды


Жаңа дәуір талабына орай ақпарат құндылығы алдыңғы орынға шықты. Осыны жетік меңгергендер білім бәсекесіне де қабілетті. Жаңа бағдарламалар күн сайын күрделенген мына заманда білімді бәрінен биік қойған шәкірт қана табысқа жетеді. Осындай білімпаз жастың бірі – жайылмалық № 195 мектеп-гимназияның түлегі Аружан Талғатқызы.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» – деген болатын. Өйткені білімнің биік шыңын бағындырған шәкірт өз болашағы үшін батыл шешімдер қабылдап, ойын еркін жеткізетін болады. Оқушының білімге құштарлығы мен қызығушылығын арттыруда ұстаз орны ерекше. Осы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Бектұрған Даубалаевтың шәкірті Аружан Талғатқызы Қызылорда облыстық басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жүлдемен оралды.
Облыстық пәндік олимпиадаға жолдама алып, үздік үштіктен көрінген Аружан әсерімен былайша бөлісті.
– Бұл білім бәйгесі маған үлкен сынақ болды. Үнемі дайындық үстінде жүрдім. Ұстазымның үмітін ақтадым деп ойлаймын. Алған білімімді шыңдап, шыңнан көрінуімде ағайыма қарыздармын. Үйретуден еш жалыққан емес. Қайта өз білгенін оқушы бойына дарытуға жанын салады. Жетістігімізге ата-анамыздан артық қуанады, – дейді ол.
Иә, тер төге еңбектенген мұғалімнің тәрбиеленушісі биіктен көрінсе ұстаз бойын қуаныш кернейді. Оқушысының білім бәйгесінде жеңіс тұғырынан көрінгеніне шын қуанған ұстаз не дейді?
– Қазіргі оқушылар ізденімпаз, дарынды, талапшыл. Аружан солардың қатарынан. Бүгінгі оқушылардың дені осындай. Алдына мақсат қоя білген, сол мақсатқа жетуде күш-қайратын сарқып жүрген шәкірттерім көп. Олар келешек ел ұстыны. Осындай адал ұл-қыз тәрбиелесек дейміз. Пайғамбарымыз хадистерінде: «Білім алуға ұмтылу әрбір мұсылманның парызы» деген. Дамыған 50 мемлекеттің қатарына еніп, өркениетті ел болудың басты ұстанымы білімде екенін түсіну еш қиын емес, – дейді ұлағатты ұстаз.
Оныншы сынып оқитын Аружанмен әңгіме барысында түйгеніміз, оның білім саласында ғана емес спортта да жеткен жетістіктері көп екен. Жан-жақты тәрбиеленіп, бәріне дерлік уақыт тауып жүрген шәкірт тоғызқұмалақ және шахматтан командалық байқауларға қатысып, аудан намысын облыстық деңгейде қорғап жүр. Одан бөлек былтырғы жылы Республикалық «Менің кіші Отаным» сайысында «Ауылдың болашағы» тақырыбында макет жасап, ауыл өмірін келешекте қалай көргісі келетінін сипаттаған озық үлгісімен үздік шығып грамота мен сертификатқа ие болған. Сондай-ақ, математика пәнінен аудандық олимпиадаға қатысып ІІ орын, «1970-80 жылдардағы мұғалім мәртебесі» тақырыбында ғылыми жоба қорғап облыстық байқауда үздік үштіктен көрінді. Ал қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты екі күндік семинар-конференцияның делегаты ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» және «Рухани жаңғыру» тақырыбында өткен пікірсайыс алаңының белсенді қатысушысы болды.
Болашақта мұғалім болуды армандайтын Аружан физика-математика пәні бойынша терең дайындық үстінде екен. Шет тілдерін арнайы сайттар арқылы үйреніп, өз-өзін жетілдіріп отырады.
Иә, заман талабы осындай білім мен біліктілікке талпынған әрекеттерден, еңбектен тұрады.

Лаура БИБАСАРОВА
18 ақпан 2020 ж. 669 0