Кәсіпкерге қандай қолдау бар?
Коронавирусқа байланысты қазір елде карантин жарияланып, кейбір кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатты. Соның салдарынан жұмыссыздар саны көбейіп, кәсіпкерлер табысынан қағылды. Осы жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге қолдау болатынын Үндеуінде жеткізді. Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандар ең төменгі жалақы, яғни 42 500 теңге көлемінде ай сайынғы төлем ала алады. Бұл көмекті кемінде 1,5 миллионнан астам азамат алуға құқылы делінген. Ал аудандағы ахуал қалай? Осы туралы зерделеп көрген едік.
Мемлекет басшысы нақты көмек алушылардың тізімін қоғам және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен арнайы құрылған аймақтық штаб анықтайды деген болатын. Сондықтан алдымен палата қызметкерлерімен байланыстық.
– Қазір қаржы институттары арқылы жеті банктен кәсіпкерлер жеңілдетілген несие бойынша қаражат алуда. Оның ішінде банктер арқылы 6 проценттік несиені кәсіпкерлер 7 жылға дейін алуға мүмкіндігі бар. Қаражат мөлшері шектеусіз, жеңілдік кезеңі 28 ай. Ал аграрлық несие корпорациясы арқылы 5 процентпен несие алуға болады. Шартында кепілдендіру жоқ. Сондай-ақ өзгерістер де қарастырылып жатыр. Ал Президент тапсырмасы бойынша нақтылау жұмыстары жүргізілуде, – деді кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған ауданындағы филиалының директоры Рысбай Нысанханов.
Қарастырылып жатқан өзгерістерге тоқталсақ. Несие мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұзарту, басым жобалардың тізімін ұлғайту, несиелерді қайта қаржыландыру және тағы басқа жатады. Несие алудың да талаптары барын ұмытпаған жөн. Бағдарлама арқылы несие алуға өтінім бергендер әзірге аудан бойынша он кәсіпкер екен.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің айналым қаражаттарына жылдық 8 пайыздық несие беру үшін тағы 600 млрд теңге бөлуді ұйғарды. Ал іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдаудың тағы бір құралы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арнайы бағдарламасы болмақ. Бұл құрал алдыңғы дағдарыстар кезінде өзін жақсы көрсетті. Президент бағдарламаны қаржыландыруға кемінде 300 млрд.теңге қарастыру деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды.
«Өңірлерден келіп түскен өтініштер негізінде біз оны 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға резервіміз бар. Бұл 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді және тек жергілікті нысандарды ғана емес, сонымен қатар бірқатар республикалық нысандарды, соның ішінде су қоймалары, бөгеттер мен басқа да құрылыстарды салуға көмектеседі. Ұлттық банк Үкіметке осы бастаманы қаржыландыруға көмектесуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шыны керек, біздің ауданда ірі мегаполистердегідей зауыттар немесе ойын-сауық орындары көп емес. Тек тойханалар мен сауда орындары болмаса, көбісі мал және егін шаруашылығы. Сондықтан бізде жұмыссыздық не болмаса кәсіпкерлердің тоқырауы тіркеле қоймас. Жұмыссыздар мен кәсіпкерлердің мәселесі түсінікті. Ал жалдамалы дүкендерде отырған алыпсатарлар мен шағын бизнесін дөңгелетіп отырғандардың жағдайы не болмақ? Бұл сауалға аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев жауап берді.
– Біздің әзірге жобамыз базарлардағы жалға беру ақысын реттеуді қолға алдық. Төтенше жағдай енгізілмей тұрып, кенттегі қос базардағы жалға беру ақысы төмендеді. «Нұр» және «Нұрасыл» базарының иелеріне әр саудагер 10 мың көлемінде ақы төлейді. Осыны үш ай немесе осылай қалдыруға қос кәсіпкермен келіс-сөз жүргізудеміз, – деді бөлім басшысы.
Кәсібін енді бастауға ынталы тұрғындарға берілетін қайтарымсыз қажының ахуалы қалай болмақ. Яғни биылдан бастап берілетін 530 мың теңгенің оқуы қашан басталады? Бұл жөнінде «Жұмыспен қамту» орталығының жауапты маманы Руслан Мұсатаев жауап берді.
– Биылғы оқу қашан басталатыны әзірге белгісіз, оның себебі де түсінікті. Ал былтыр жыл соңына дейін бір айлық курсты тәмамдап, жобасын нәтижелі қорғағандар тиісті қаражатын алуда. Жыл басынан осы уақытқа дейін 94 тұрғын грант ұтып алды. Алмағандар кезең-кезеңімен міндетті түрде алады, – деді ол.
Қайтарымсыз қаржы алғандармен тілдесіп көрген болатынбыз. Алғаш рет ауданда макарон өнімдерін шығаратын цех ашуға ниетті Асхат Рәш есімді азамат биыл грант ұтып алды. Жас кәсіпкер кәсібін дөңгелету үшін алдағы уақытта қосымша несие мен жұмыс күшін жұмылдыратын болады. Жоба туралы алдағы уақытта жазатын боламыз. Биылғы жобалардың ішінде мал шаруашылығынан бөлек те жобалар бар, олар туралы да алдағы уақытта зерделеп, сараптап көретін боламыз.
Қорытаайтқанда, аудандағы ахуал әзірге осындай. Қазір қожалықтар көктемгі дала жұмысына білек сыбана кірісті. Жер жыртып, дән себуді бастады. Жұмыссыздар оларға дем беруге ниетті, яғни жұмыс іздегендерге сол кәсіпкерлер қол үшін бергені абзалырақ болар еді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ