» » Балалардың әкімге Алғысы мол

Балалардың әкімге Алғысы мол


1 наурыз – Халықаралық Алғыс айту күніне орай аудан орталығындағы балалармен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығынының жас талаптары аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың арнайы қабылдауында болып, балалар мекеніне жиі атбасын тіреп, жәй-жағдайларымен танысып, жәрдем қолын созып жүрген ел басшысына бала жүректен шыққан жауқазын тілектерін арнады.

Олардың қатарында оқушылар Алтын Әріпжанова, Шұғыла Әділбек, Ерасыл Жұмабек, Нұрислам Қалқожаевтар бар.
Өнерлі жеткіншектердің әкім ағаларына да,осы күні айтулы мерекені өздерімен бірге қарсы алған, жас қанаттарға ұдайы қамқорлық танытып жанашыр болып жүретін жаны асыл тұлға, ауданның бас ұстазы Ибрагимов Болат ағаларына да құрметі шексіз.
Қырық жылға жуық тарихы бар бұл мекеме сабақтан тыс уақытта білімгерлердің бойларындағы түрлі бейімділіктерін ашып, оны одан әрі жетілдіруде, шеберлік пен пайдалы кәсіпке тәрбиелеуде тағылымдық маңызы зор тәрбие ошағы болып саналады. Қазірде орталықта 45-ке жуық үйірме жұмыс жасайды. Онда 700-ге жуық бала жазылып, өнер-біліммен қатар заманауи технологияның түрлеріне жаттығады. Спорт түрлеріне шыңдалады. Өндірістік кабинеттерде қол өнеріне дағдыланады.
Бүгін аудан басшылығы қабылдауында болған жас өреннің төртеуі де өнерлі балалар. Оның бірі домбырада жақсы ойнаса, енді бірі шахмат үйірмесінің үздігі. Тағы бірі өнер байқауларында топ жарып жүрген жас дарын. Өздерін осылай таныстырып, сабақтан тыс уақытта жандары сүйген өнер түрлерімен алаңсыз айналысуына мол мүмкіндік жасап, жағдай қалыптастырғаны үшін басшылыққа зор рахметін жеткізіп, алдағы уақытта ата-анасын үздік оқу, өнегелі тәртібімен, өнердегі биіктерімен қуанта беретініне сенім білдірген жас ұландар осындай қамқорлықтары үшін сүйікті Отанымыз бен оның сындарды саясатына алғаусыз сүйіспеншіліктерін білдірді.
– Мен бұл тәрбие орталығында болғанымда байқап жүрмін. Балалардың білімге де, заманауи технологияға, көркемөнердің барлық түріне, музыкаға, поэзияға құштарлығы басым екен. Ғимарат мәселесін шешеміз деп отырмыз. Әзірге қолда барды ұқсатып, жас талаптардың танымын ұштауға барынша жұмыс жасау маңызды, – дей келіп, аудандық білім бөлімі басшысына орталықты кей мектептерде пайдаланылмай тұрған өндірістік оқу шеберлігіне қажетті технологиямен қамту мәселесі бойынша тапсырма жүктеді.
Балаларға бағалы сыйлықтар тапсырды.
Осы тұста аталмыш орталықтағы «Жайдарлы жас ұлан» үйірмесінің жетекшісі Ақнұр Мадалиеваның да айтары бар.
– Үйірмеге жазылған талап­керлерді өнердің сан қырына баулимыз. Олар «Көңілді тапқырлар клубында” бақ сынап, әр кез өз деңгейлерімен танылып жүр. Баланың сабақтан бос уақытын мазмұнды өткізуіне бар күш-жігерімізді сарқып, жоспарларымызды да барынша жетілдіріп отыруға күш саламыз, - дейді ол.
Ұлы Даланың ұлағатына тағзым етіп, жанарларында Мәңгілік Елдің бүгініне жарқын үміттің ұшқыны жарқылдаған жас өреннің ел ағасына сәби жүректерінен ақтарылған шынайы алғысы мен салтанатты серті біздің де болашағымызға деген сенімімізді бекемдей түсті.

Баян ҮСЕЙІНОВА
04 наурыз 2020 ж. 484 0