» » Қыстыгүні қияр өсіретін мектеп

Қыстыгүні қияр өсіретін мектеп


Аудан әкімі Сұлтан Мақашов кезекті жұмыс сапарымен аудан орталығындағы №3 мектеп-интернатында болды. Оқу ошағы тыныс-тіршілігімен танысып, материалдық-техникалық жағдайын зерделеді. Мектептің бүгіні мен келешегін таразылап, оқушылармен тілдесті. Әрі мектеп жанындағы жылыжайдың жұмысымен танысты.


Алдымен Сұлтан Ысқақұлы мен ауданның бас ұстазы Болат Ибрагимов оқушылардың жататын бөлмелерін көріп, асхананы бағдарлады. Мектепте қанша оқушы білім алады? Олардың тамақтану және жатын орны сапасына көз жеткізу үшін мектеп асханасы мен сыныптарды аралап көрді.
Мектепте 345 бала тәлім алса, соның 115-і бала тегін тамақтанады екен. Балалардың жататын бөлмелері таза, былтыр жыл соңында балалар киімін ілетін шкафтар жаңадан алыныпты. Осы орайда аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов ережеге сай балалардың жататын орнын қатты төсекке ауыстыру қажеттігін, соған орай қаржысы есептеліп отыр, енді бюджеттен тиісті қаражат бөлінсе деген ұсынысын жеткізді.
Аудан басшысы ендігі кезекте оқушылармен де тілдесіп, жеке-жеке жағдайларын сұрауды да ұмытпады. Әсіресе бітіруші сынып оқушыларына сәтті қадам тіледі.
– Бүгінгі елдің келешегі өздерің секілді жас өрендердің қолында. Сондықтан қолда бар алтынның қадірін біліп, сапалы білім алуға тырысу керек. Өйткені білім бәсекесімен өлшенетін ХХІ ғасырда тек сабақ үлгерімі жақсы, келешекке айқын мақсат қойып, білім алуға ұмтылған жас қана озып шығады. Осындай мүмкіндікті жіберіп алмау керек, екіншіден үйдегі ата-ана мен бар білгенін үйретіп жүрген ұстаздардың үмітін ақтаған жөн. Алда келе жатқан ҰБТ-дан жоғары балл жинауларыңызға тілектеспін, – деді Сұлтан Ысқақұлы.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар оқу ощағының білім сапасын ҰБТ көрсеткішімен таразылап көрейік. 2018-2019 оқу жылында интернаттан 9 алтын белгі шыққан, осыдан-ақ көрсеткіштің жоғары екенін байқай беруге болады. Пәндік олимпиадаларда интернат шәкірттері жүлдесіз емес. Әсіресе ғылыми бағыттағы жарыстардан шәкірттер олжалы оралып жүр. Талапшыл басшы Ләззат Машбекқызының ұстаздарға қояр талабы тек сапалы білім беруінде. Ал оқушылар болашаққа құйылған білімнің инвестициясын ақтай білсе болғаны.
Жетістігі мол білім ордасының өзге білім беру ұйымдарынан ерекшелігі, бірнеше жылдан бері ұжым қыс мезгілінде жылыжай шаруашылығымен айналысып келеді. Шағын ғана жылыжайдың өнімі қыстыгүні оқушылардың қажетіне жарап тұр.
– Жылыжайда тек қана қияр өсіреміз. Өйткені оның күтімі жақсы болса өнім мол береді екен. Қараша айынан бастап осы күнге дейін балалар өз өнімімізді тұтынып келеді, – деді мектеп басшысы Ләззат Нәлібаева.
Жылыжайда өндірілетін өнім тек балалардың тағамына жарап тұр. Кәсіпкерлік бағытқа көлемі жеткіліксіз сынды. Бір қарағанға жылыжайдағы қияр самсап тұр. Ішіндегі температура қалыпты. Аудан әкімі мына бастамалары үшін басшылыққа ризалығын білдірді. Осы іске жауапты шаруа Абдухан Жұмабековты әңгімеге тартқан едік.
– Қиярды күтіп-баптау өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе қыста бір температурада ұстап, күтім-бағымын келістіріп, жапырақтарына сызат түсірмеу керек. Еңбегіміз өтеліп, үш айдан асты, әлі жемісін жеп келеміз. Қиярдың бір қасиеті, қорегін уақытылы беріп тұрса жемісін көктемге дейін көруге болады, – деді бағбан.
Иә, бұл үрдісті өзге де білім ошақтары дағдыға айналдырса игі. Ол үшін тірі өскін тілін ұғатын жақсы маман керек. Ал мұндағы бағбанның жұмысына мектеп басшысы жоғары баға берді. Сапар барысында аудан әкімі Сұлтан Мақашов мектеп интернаты алаңына жасыл газон салып беруді қолға алу керектігін ойға бір түйіп қойды. Сайып келгенде, барлығы да бала келешегі үшін.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
11 ақпан 2020 ж. 493 0