№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Думанға толы әкім шыршасы

Думанға толы әкім шыршасы


Аудан әкімінің шыршасы кенттегі «Би-бек» мейрамханасында өтті. Аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ұйытқы болған мерекелік шырша балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шаттыққа толы шырша мерекесіне ауданның әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасыларынан шыққан және дарынды 220-ға жуық бала қатысты. Алдымен аудан әкімі Сұлтан Мақашов бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтады.


– Баршаңызды алдағы келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Құрметті ел ертеңі атанған жас ұрпақ! Сіздер тәуелсіз елдің тірегісіздер. Мемлекет тарапынан жас буынның сапалы білім мен тәрбие алуына жан-жақты жағдай жасалуда. Сондықтан оқуда озат, өмірде өнегелі ұрпақ болуыларыңа тілекшімін, – деді әкім.
Одан әрі аудан басшысы салтанатты шараның көркі болған Аяз атаның сиқырлы таяғымен шырша шамын жағып берді. Қырық екі мектептен келген өнерлі балғындар ортаға шығып, жаңа жыл жайлы тақпақтарын жатқа айтып берді. Жас өнерпаздардың барлығы да сый-сияпатсыз қалмады. Аяз атаның арнайы сыйлығына ие болды.
Жаңа жылдық мерекеге ең әдемі киімдерін киіп келген бүлдіршіндердің шырайлы жүздерінен қуаныш сезілді. Олар әртүрлі ойыншықтар мен шамдар ілінген шыршаны айнала жүріп мереке көркін қыздыра түсті. Сан түрлі ертегі кейіпкерлерінің бейнесіне енген оқушылар Аяз Ата мен ақшақарды ортаға алып, бар өнерлерін көрсетіп, ойын ойнап, ән салып, би биледі.
Балаларының қуанышты жүзін көрген ата-аналар да балаша шаттанып, алғаусыз алғыстарын жеткізді.
– Есігін жапқалы тұрған доңыз жылы тек жақсылығымен есте қалды. Оның ішінде білім саласы, аудан экономикасы табысты болды. Өзім зейнет жасында болсам да, өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдап отыратыным рас. Сондықтан аудан жаңалықтарын қалт жібермей отыруға тырысамын. Енді міне жаңа жылдық шырша ұйымдастырып, қуаныш пен шаттық сыйлады. Ұйымдастырушы тарапқа ата-аналар атынан рахметімді айтамын, – деді жетпісті алқымдаған Зәуреш апа.
Шара барысында мереке көркін Бесарық өнер мектебінің «Мереке Думан» би тобы қыздырды. Көңілді ырғақты биден соң мерекені аудандық «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің балалары жалғастырды. Бұл мерекеге шырайлы шуағын төге келген жандардың жүзінен тек күлкіні байқадық.
Иә, сәби жүрегі шын қуанады. Ал, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаудың өзі бір ғанибет. Сондықтан бұл кеш тәрбиелік мәнімен ғана емес, рухани мазмұнымен де есте қалды.
– Әрине, ең алдымен балалардың көңілін аулап, бір сәт болса да ерекше сый жасауды жөн көріп келеміз. Жыл сайын білім ошақтары шәкірттері қатыстын шарадан мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалдырған емес. Оларға бүгін аудан әкімінің атынан арнайы сый-сияпат көрсетілді. Сондықтан, бала жүрекке жылылық ұялатар игі істеріміз көп болсын, – деді ауданның бас ұстазы Болат Ибрагимов.
Қорыта айтқанда базарлыққа бөлен­ген осынау айтулы мерекеде балалардың қуаныштары еселене түскендей.

Лаура БИБАСАРОВА
31 желтоқсан 2019 ж. 1 106 0