» » Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы білеміз бе?

Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы білеміз бе?


Бүгін біз оқырмандарымызға агроөнеркәсіп кешені саласындағы мемлекеттік бағдарламалар, олардың ерекшеліктері, жалпы кәсіпкерлерге қажетті ақпараттармен бөліспекпіз. Біздің сауалдарымызға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов жауап берді.
- Пірмұхаммед Айтбайұлы, сәлеметсіз бе. Өзіңіз де білесіз, біздің өңіріміз аграрлы өлке. Кәсіпкерлердің басым бөлігі де осы салада жұмыс жасайды. Кәсіп жүргізіп жүрген, бастаймын деген азаматтарға түсінікті болуы үшін қандай мемлекеттік бағдарламалар бар? Жеке-жеке тоқталып өтсеңіз.
-  Сәлеметсіз бе. Дұрыс айтасыз, біздің өңір азаматтарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында тірлік жасауда. Бізде күріш егу, балық, мал шаруашылығы жақсы дамыған. Мемлекеттік бағдарламалардан ауыл шаруашылығы бағытында жеңілдетілген несие беру жүйесі жақсы жолға қойылған. Былтырғы жылдан «Қарапайым заттар экономикасы», оның алдында мал шаруашылығын дамытуға қатысты «Сыбаға», одан өзге «Агробизнес», «Агротехника», «Агроэксперт», «Іскер», «Ырыс», «Кең дала» деген бағдарламалар болды. Осы айтып өткен бағдарламалардың басым бөлігінің қаржы институты «ҚазАгро» АҚ. Бұл ұйымның әр облыста үш филиалынан бар. Мәселен біздің облысымызда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» және «ҚазАгроҚаржы» мекемелері арқылы қаржы беріледі. Қысқаша тоқталып өтсем, әрқайсысының өз функциясы бар. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» 30 млн.теңгеге дейін қаржыландырады. Одан жоғары қаржыны «Аграрлы несие корпорациясы» береді. Ал техникаларды лизингке беретін «ҚазАгроҚаржы» мекемесі. Кәсібін енді бастап жатқан азаматтардың жобалары «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы қаржыландырылады. Олар екі бағытта: біріншісі «Еңбек» бағдарламасы бойынша шаруашылықтар алатын болса 4 млн.теңге, якорлық кооперациялар алатын болса 12 млн.теңгеге дейін. Ал «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорының» өз қаржысы есебінен болса 30 млн.теңгеге дейін қаржы алуына мүмкіндіктері бар. Биылғы жылдан бастап аталмыш мекеменің ішкі нормативтік құжаттарына өзгерістер енгізілді. Қаржыны бірнеше бағдарлама бойынша бөліп беруде. Мәселен, біреуі мал шаруашылығына, екіншісі егін, одан кейін жалпы кәсіпкерлікті дамытуға арналған.
- Кәсіпкерлермен кездесуде көтерілетін мәселелердің бірі, мәселен мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер несие алған кезде белгілі бір жеңілдік кезеңінің болғанын қалайды. Дегенмен, проблемасын әрі қарай талдау барысында ол азаматтардың өзге мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алғандығы белгілі болып жатады. Сондықтан да мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қандай мемлекеттік бағдарлама тиімді? Әсіресе, жеңілдік кезеңдеріне қатысты, ерекшеліктері туралы кеңінен тоқталып айтып берсеңіз.
- Дұрыс айтасыз, ауыл-аймақты аралап, кәсіпкерлермен кездесу барысында ақпаратты толық білмегендіктен кейбірінің мал шаруашылығына қажетті қаржыны «Еңбек» бағдарламасымен алып жатқандығын білдік. Айта кету керек, бұл бағдарлама бойынша қаражат шектеулі. Сондықтан қаржы бітіп қалды деп тағы да отырып қалады. Шаруашылықтар құжаттарды жинайды, бірақ жылдың аяғында қаржы жетпей қалып жатады. Бұл жерде айта кететін жағдай, мал шаруашылығына байланысты «Сыбаға» бағдарламасы бар. Аталмыш бағдарлама бойынша мүйізді ірі қара және қой алуға болады.Қаржыны кредиттік серіктестіктер арқылы 4 пайызбен, тікелей «Аграрлы несие корпорациясынан» 5 пайызбен ала алады. Несие мерзімі 180 айға дейін. «Сыбағаның» артықшылығы мүйізді ірі қараға 30 айға, уақ малдарға 24 айға дейін жеңілдік кезеңі бар. Осы жерде және бір қосып өтетін жайт, шет елден малды асылдандыру мақсатында әкелінген малдарға 225 мың теңге, өзіміздің отандық асыл тұқымды малдарды алғанда 150 мың теңгеге дейін субсидия беріледі. Өткен жылдың наурыз айынан бастап жүзеге асырыла бастаған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да ауыл шаруашылығы саласында кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар үшін жақсы құрал деп санаймын. Алғашында бұл бағдарламада екінші деңгейлі банктермен ғана қаржыландырылған болса, Жобалық кеңсе аясында берген ұсынысымыздың нәтижесінде «Аграрлы несие корпарациясы» арқылы да қаржы беріле бастады. Мұнымен қоса, бұл бағдарлама бойынша бастапқыда ауыл шаруашылығы саласында тек мүйізді қара мен қойды ғана алуға рұқсат берілсе, біздің ұсынысымызға сай жергілікті жерге ыңғайлы дәстүрлі шаруашылықтар: жылқы, түйе, ешкі, балық, жеміс-жидектерге қатысты да жобаларға қаржы берілетін болды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие 10 жыл мерзімге дейін беріліп, кәсіпкерлер қаржы алынған мерзімнің үштен бірін жеңілдік кезеңі ретінде қолдана алады. Берілетін қаржы 1 млн.теңгеден басталады.
-  Егін шаруашылығымен айналысушы кәсіпкерлерге қандай мемлекеттік бағдарламалар бар?
- «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорында» биылдан бастап егін шаруашылығына арналған бағдарлама бар. «Еңбек»-пен де алуға болады және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» өз қаражатынан да алуға болады. Бұл қаржы 3 жыл мерзімге беріледі. Жеңілдік кезеңі 1 жыл. Наурыз айында шаруашылықтар егінге дайындала бастайды. Тұқым, жанармай алу, жұмысшыларға жалақы беру керек болады. Егінмен айналысатын кәсіпкерлер қаражатты да осыған бола алады. Жоғарыда айтқан бағдарлама кәсіпкерлерге тиімді. Бұл жерде артықшылығы, бұрындары алған несиені 9 айда беру керек болатын, яғни қазан-қараша айларында. Кәсіпкерлер несиесін қайтару үшін өнімдерін арзанға сатып, шаруашылықтар ұтылып жататын. Қазір бұл мерзім 12 айға дейін ұзартылды. Көктемге керек қаржысын алып, күзде егінін жинап болғаннан кейін асықпай тауарларын сатып, келесі жылдың ақпан айында қайтара алады. Және бір артықшылығы бір рет құжаты әзірленіп қойылған кепіл мүлік 3 жылға жарайды. Кәсіпкер несиесін 1 жылда жауып тастағанымен, 3 жылға дейін сол дайындалған құжатпен қайтадан алуға мүмкіндігі бар.
- Пірмұхаммед Айтбайұлы, сұхбатыңызға рахмет. Сау болыңыз.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
 
26 ақпан 2020 ж. 578 0