Кәсіпкерлер сіздерге қажет!
Бүгінде кәсіпке ынтасы бар тұрғындарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Қайтарымсыз қаржы, жеңілдетілген несие алу және өзге де бағдарламалар аясында шағын кәсіптің шырайын келтіруге жол ашық. Сыр өңірі осы салаға тың серпін беріп, әсіресе ауыл шаруашылығы бағытындағы бизнеске бет бұрды. Әсіресе төрт түлікті түлету бағытында шаруашылықтар үлкен қадамға баруда. Сондықтан ауыл шаруашылығы бағытында кәсіпкерлікті жүргізу бойынша «Тегін кеңес беру орталығы» іске кірісті. Бұл орталықтың мақсаты не? Соны түсіндіре кетейік.
Орталықтың мақсаты – ветеринария, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары мен жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау бағытында және табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу бойынша тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, заңдылықтарға сәйкес бағыт-бағдар жасайды. Сондай-ақ, фитосанитариялық-карантиндік бағыттар бойынша, салық түсімдерін есептеу мен бақылау-кассалық машиналары туралы да сауалдарға жауап беретін болады.
Тегін кеңес беру орталығы жұмыс кестесіне сай дүйсенбі мен жұма күндері аралығында мамандар күніне 1 сағат тегін кеңес береді. Мекен-жайы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы, Желтоқсан көшесі, №12 үй. Егер нақты мәлімет білу керек болса 8 (7242) 40-02-02 нөміріне хабарласуға болады.
Дайындаған Жұпар ШАЙМЕРДЕНОВА