№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Лотерея – өміріңізді ойынға айналдырмасын

Лотерея – өміріңізді ойынға айналдырмасын


Жақында қоғамдық көлікте отырғанымда жүргізуші жігіт бірнеше көлік тігілген ұтыс билетін ұсынды. Теңгесін сұрасам 3 мың екен. Ә-дегеннен әлгі жігіт: «Аға, сізге де бұйырып қалар. Алсаңызшы. Ақшасын кейіндеу берсеңіз болады. Сізді сырттай танимын ғой. Үнемі осы аялдамадан ұшыратамын» деп жалынғандай болды. Сосын билет алмаудың жолын таппай таксиске сұрақ қойдым. «Егер осы көлікті мен ұтып алсам. Қалған мыңдаған адам менің алғаныма шын қуанады ма? Жарайды. Көзі таныс, жүзі таныс 4-5-уі қуанар. Ал қалған мыңдаған адамның ішінде «әттең, мен ұтып алғанда ғой» деген өкініш тұрады емес пе?. Бұл дегеніміз – риза емес деген сөз. Сондықтан кісінің хаққысына қалмай-ақ қояйын. Одан да сол көлікті сатып алатындай қарекетім дұрыс. Рахмет, билетіңе» деп құтылғандай болдым.


«Ойды ой қозғайды» демекші, осы сұрақпен аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Талғат Мұстафев ағамызға қоңырау шалдым. Ондағы мақсат – ұтыс билетін ойнатудың заңдылығын білу. Салық маманының сөзінен кейін, шынында мұндай лотерея ойнату заңсыз екені белгілі болды. Алайда Заң аясында шара қолдану мәселесі Мәжілісте енді қаралып жатқанынан хабардар етті. Дейтұрғанмен қазірге дейін Жаңақорғанда қос-қостан көлігін тігіп, лотерея ойнатып жатқандардың ешқайсысы ұтыстан түскен пайдадан салық төлегені жөнінде дерек тіркелмепті. Яғни таза пайда ұйымдастырушы тарапқа түседі. Хош. Тақырып ауаны түсінікті болған шығар. Лотерея өткізудің қандай шарттары бар екенін мақалаға арқау етпекпіз.
Бүгінде әлеуметтік желіге кіре қалсаң шоу-бизнес өкілдерінің «бізде анадай бар, бізде мынадай бар» деп түрлі ұтыс байқауларын жарнамалап жатқанынан көз сүрінеді. Бұрын желіге қызық үшін кіретін қауым енді лотереядан бір бұйым бұйырып қалар ма екен деген үмітпен соңғы тиынын санап беруге дайын тұрады. Әрине бұқараның бәрі бірдей соңғы үлгідегі телефон не темір тұлпарды иеленбесі анық. Десе де, келесіде бұйырар деген үмітпен қайта айналып қаржысын салады. Осылай қайталанып жатқан құйтырқы тірлік. Қоғамдық көрініс тапқан мұндай пысықайларға биліктің де назары түсті. Енді Заң аясында ұтыс ойындарын ұйымдастырмаған, үлкен мөлшерде айыппұл арқалайды. Мәжіліс мінберінде қаралған «Лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, заңсыз лоторея өткізетіндерге енді жауапкершілік қарастырылып отыр.
– Заң жобасы арқылы лотерея өткізу үшін белгілі бір мөлшерде ақша жинаған адам лотерея операторы немесе лотерея таратушысы болып саналады. Бірыңғай лотерея операторынан лицензия алмай, осындай лотерея өткізіп, пайда тапса заң бұзған болып саналады. Шын мәнінде бұл өте маңызды мәселе. Осыған дейін әкімшілік немесе басқа да жауапкершілік көзделмеген еді, – деді Ақтоты Райым­құлова.
Ендігі кезекте мақұлданған Заң жобасына сәйкес бірінші рет заң бұзған­ға ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде бұған дейін ескерту алған адам тағы да лотерея ойнатса оған әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін бұл - 200 АЕК, ал шағын бизнес субьектілері мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін - 700 АЕК, орта бизнес үшін - 1000 АЕК, ірі бизнес үшін – 2000 АЕК. Яғни алдағы уақытта заң бойынша кім көрінген өз бетінше лотерея ойната алмайды. Ол үшін арнайы рұқсат алуы тиіс. Бұл бағытта елімізде рұқсат беретін жалғыз оператор – «Сәтті жұлдыз». Ал «Сәтті жұлдыз» АҚ 2017 жылдан бастап, Үкіметтің қаулысына сай бірден-бір лотерея операторы ретінде тіркелген. Бекітілген ереже бойынша ұтыс ойнатуға бел буған адам «Сәтті жүлдызбен» екіжақты келісімшартқа отыруы қажет. Алайда бүгінгі таңда әлеуметтік желіде жаппай ұтыс ойындарын өткізіп жүрген «жұлдыздар» бұл ұйымның бар екенін де білмейді. Өйткені, бүгінге дейін қолданыста болған Заңда «ұтыс ойыны», «конкурс» ұйымдастырушыларды жауапқа тарту мүмкін емес еді. Себебі олар лотерея болып есептелмейтін.

ЗАҢДЫ ЛОТЕРЕЯНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Негізі «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» қазіргі қолданыстағы заң 2016 жылдың 9-сәуірінде қабылданған. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осы заңға енбей қалған бірқатар проблемалар бар екенін атаған болатын. Яғни жаңа Заң жобасымен «Азаматтық» кодекске, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске, «Жарнама туралы» заңға және «Лотереялар және лотерея қызметі» туралы заңға түзетулер мен толықтырулар енгізіледі. Жалпы бүгінге дейінгі қолданыстағы заңда негізгі қағидаттар деген ұғым бар. Лотереяның өтуі барысында солардың барлығы сақталуы тиіс. Біріншіден, лотереяға қатысушылардың ұтысқа қатысу мүмкіндіктерінің тең болуы маңызды. Яғни, лотереяға қатысу шарттарының теңдігін қамтамасыз ету аса маңызды пункт. Екіншіден, лотереяны өткізу шарттарының және тираждық лотереялардың жүлде қорының ұтыс ұту ойын нәтижелерін міндетті түрде жариялауы маңызды. Қысқасы, бірыңғай лотерея операторынан лицензия алмай, ұтыс ойынын өткізіп пайда тапса онда бұл заң бұзушылық болып табылады. Енді лотерея мен ұтыстың ара жігін ажыратып алсақ. Кез келген тәсіл арқылы (кітап сату, билет сату, бұйым сату, нөмір беру) адамдардан ақша жинап, дүниені ұтысқа тігу – бұл автоматты түрде лотерея болып саналады. Ал мүлде ештеңе сатпай, халықтан ақша жинамай өзінің қымбат мүлігін ойынға шығарса, ол – ұтыс. Әлгінде айтқандай, екі жағдайда мүндетті түрде ұлттық оператор «Сәтті жұлдыз» АҚ-дан лицензия ашуы шарт.
Қорыта айтқанда, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасын екінші оқылымға дейін жан-жақты жетілдіріп, тіпті заңсыз лотерея ойнатқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Алдағы уақытта жарнамасы жер жаратын түрлі ұтыс конкурстарына мемлекет тарапынан бір тоқтам болары айқын. Десе де, табандап тірлік етудің орнына күні-түні жеңімпаз болып, оңай олжаға ие болуды армандайтындардың көбейгені жақсылықтың нышаны емес.

Әбдісамат ӘБДІШ
12 ақпан 2020 ж. 550 0